» » КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТКЕН ҚҰРЫЛЫСШЫ

КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТКЕН ҚҰРЫЛЫСШЫ

Бүгінгі таңда мемлекет кәсіпкерлік саласына баса мән беріп келеді. Кез келген кәсіп түрін ашып, жұмыс жасаймын деушілерге мүмкіндік мол. Тек алға ұмтылып, ізденіп қаракет жасау керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Болатбек Әубәкіров те кәсіптен нәсіп тауып, ел игілігіне қызмет етіп келеді.
Өткен ғасырдың жетпісінші-сек­сенінші жылдары ауданда құ­ры­лыс жұмыстары қарқын алған кез болатын. Аудан орталығы мен елді мекендерде тұрған үйлер мен мектеп, балабақша, аурухана құры­лысы қызу жүрді. Әке жолын таңдап құрылысшы болған Болатбек­ осы жұмыстардың басы-қасында жүр­ді.
Еліміз егемендік алғаннан кейінгі өтпелі кезең халыққа оңай тимегені анық. Қаржының тапшылығынан құрылыс мекемелері де жұмыстарын тоқтатып, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болды. Бұл тұста нарық заңына бейімделіп, тығырықтан жол табуға тура келді. Көп ізденген ­Болатбек тұрақты болмаса да бір кәсіптің түрін тапқандай болады. КамАз автокөлігімен бірнеше мың­даған шақырым жүріп, Павлодар қаласынан ақ күрішке айырбастап азық-түлік әкеліп сатты. Осылайша, алып сату ісімен айналысты. Ал, 2001 жылы «Төрешова» қожалығын ашып, кәсіпкерлікке түпкілікті бет бұрды.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқы­рау­­дан соң елдің жағдайы түзеле бас­­тады. Қожалық ашқан кейіпкеріміз ісін ары қарай өркендету үшін еңбектенді. 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7 млн 900 мың несие алып, сол қаржыға 50 аналық сиыр, 2 бас асыл тұқымды өгіз алды. Мәдениет ауылындағы Мырзабай ахун мешіті жанында 50 га жері шөбі шүйгін, малға жайлы, құтты қоныс болды. Егістік жеріне күріш, жоңышқа егеді. Күзде жоңышқасын жинады. Бес бөлмелі үйі, төрт түлік малға арналған мал қорасы бар. «Шаруа болсаң малыңның жанында бол, диқан болсаң жеріңнің басында бол» демей ме халқымыз. Мал баққанға бітетінін ұққан Бөкең кенже баласы Нұрдәулетпен бірге мал шаруашылығымен айналысады. Шү­кір, адал еңбегінің арқасында жыл сайын төлге төл қосылып, малдың басы көбейіп келеді. Жылқы малын іріктеп, қорада ұстап бордақылайды. Қазіргі таңда 20 шақты сиыры бұ­заулап сауып отыр. Өздері өндірген ет, сүт өнімдерін аудан мекемелері мен мектептерге, балабақшаларға, базарға апарып өзкізеді.
– Тек қана мал шаруашылымен шектеліп қалмай кәсіпкерлік аясын кеңейтудемін. Аудан орталығында азық-түлік дүкеніміз бар. Сонымен бірге, өз қаражатымызға мекемеге арналған жаңа нысан құрылысын салғанбыз. Сол нысанды (КМФ) шағын несие орталығы аудандық филиалына жалға бердік, – дейді ­Болатбек бізбен әңгімесінде.
Бұрынғы құрылысшы осылайша нарық заңына бейімделіп, ел білетін кәсіпкерге айналды. Ол жұбайы Қалдыгүл Төрешова екеуі төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген берекелі шаңырақтың отағасы. Бұл кісілер балаларының барлығына тәлімді тәрбие беріп, адал еңбекті ту етуге баулыды.
Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген даналық сөз бар. Бірлесіп атқарған жұмыс қашанда өз жемісін береді. Бақ қонып, құт береке дарыған Әубәкіровтер отбасының жасап жатқан игілікті істері мен елге қызметі өзгелерге үлгі етуге тұрарлық.

Серік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист.

27 наурыз 2019 ж. 77 0