» » Туберкулез - жұқпалы ауру

Туберкулез - жұқпалы ауру



ТУБЕРКУЛЕЗ – туберкулез микобактериялары (кох таяқшалары) туындататын өмірге қауіпті, адам ағзасына түсе салысымен дами бастайтын жұқпалы ауру.Ол көбінесе өкпені,сонымен қатар адам ағзасының басқада ағзаларын зақымдайды. Көбіне туберкулез ауруына еңбекке қабілетті жастағы адамдар шалдығады.

1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох аталмыш аурумен  туберкулез микобактериясын ашқаны үшін Нобель сыйлығын иеленді. Бактерия микроскоппен қарағанда иілген жұқа таяқша түрінде  көрінетіндіктен, оны «туберкулез таяқшалары»  деп атайды.
Туберкулез микобактериялары қоршаған ортаның әсеріне төзімді болып келеді. Олардың таралуына ең жайлысы адам температурасына сәйкес келетін температура болғандықтан, олар адам немесе жануар ағзасында тез тарайды. Микобактериялар ағзадан тыс тарай алмайды, дегенмен қараңғы, жылы және дымқыл жағдайларда олар өздерінің өмір сүру қабілеті мен жұқпалылығын ұзақ уақыт бойында сақтай алады.
Күн сәулесінің тікелей әсерінен қақырықтың жұқа қабатындағы туберкулез микобактериялары 1-3 сағат ішінде өз тіршілігін жояды. Көше шаңдарында олар екі апта мерзімде, ал кітап парақтарында үш айға дейін, суда бес айға дейін сақталып қала алады. Бактериялар жоғары температураларға төзімсіз болғандықтан, қайнату барысында олар өз тіршіліктерін бірнеше минут ішінде жояды. Еркін қарқынды хлор бөлетін кейбір химиялық заттар ( 3-5 %  хлорамин ерітіндісі,10-20 % хлор избестінің ертіндісі және т.б) туберкулез микобактерияларын  2,5 сағат шамасында  жоя алады.
Туберкулез микобактериялары адам ағзасына әртүрлі жолдармен ене алады, сондықтан сау адамдарды бұл жұқпадан алдын алу мақсатында сақтану жолдарын жетік білген жөн.
Туберкулез жұқпасының ең басты көзі,яғни ауру көзі –туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдар және  оның бөлетін қақырығы болып табылады. Қатты сөйлесу, түшкіру, әсіресе жөтелу кезінде ауыздан сілекейдің ұсақ көзге көрінбейтін тамшылыры ұшады. Сау адам жұқпасы бар ауамен тыныс ала отырып туберкулезге шалдығуы мүмкін. Мұндай жұқтыру түрі «ауа-тамшылы» деп аталады. Жұқтыру қаупі, әсіресе тиісті желдетілмейтін және адамдар көп шоғырланған жерлерде  аса жоғары. Арнайы ем қабылдамаған ,туберкулездің ашық түрімен ауыратын бір адам жылына 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін.Туберкулез ауа тамшыларымен  таралуына байланысты әрбір адамның жұқтыру қаупі бар,өйткені ауа барлығына бірдей. Көбіне туберкулезге шалдығудың үлкен қатері туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқастармен балалардың қатынаста болуы.Соған байланысты спецификалық алдын- алу шаралары жүргізіледі.Бұл науқаспен қатынаста болғандарды уақытылы тексеріп,балаларды жұқпалы ошақтардан бөлектеу және туберкулез науқасының уақытылы емін бастауы болып табылады. Балаларды туберкулез ошақтарынан  бөлектеу үшін барлық облыстарда  арнайы балалар бақшасы, мектеп –интернаттар, және балаларға  арналған шипажайлар қарастырылған.Туберкулез тұқым қуаламайды,жұқпалы ауру есебінде туберкулез бір жанұяның бірнеше мүшелерін зақымдайды,соған байланысты халық арасында тұқым қуалайды деген қате пікір қалыптасқан.
Тазалықты сақтамайтын науқастың жерге немесе еденге түкірген қақырығы кепкеннен кейін ауаға көтеріле отырып, заттарға, киімдерге және қабырғаларға қонады. Бұл жағымсыз әдеттен, яғни қақырықты немесе түкірікті қалай болса солай түкіруден арылу қажет.
Туберкулез ағзаның иммундық күштерінің әлсіреуінен туындауы мүмкін.(жеткіліксіз тамақтану, ауыр жұмыс, стресстік жағдайлар) Зиянды әдеттер (шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдану) туберкулездің тез дамуына ықпал етеді. Туберкулез  белгісізде  өтуі мүмкін, бірақ  көп жағдайда науқастарды дәрігерге қаралуға мәжбүрлейтін белгілер болады.Туберкулез бірте-бірте дамиды. Дәрігерге қаралғанда кейбір белгілер апталап немесе айлап болуы мүмкін.Өкпе туберкулезінің белгісі  2 апта бойы қақырықты жөтелдің болуы.Бұл белгі байқалған барлық науқастар шұғыл түрде қақырықты зерттеуге өткізулері керек. Қақырық жағындысын микроскопиялық зерттеу –шұғыл,қарапайым және арзан әдіс. Бұл тексеру әдісі барлық  жалпы емдеу мекемелерінің зертханаларында жүргізіледі. Қажет болған жағдайда флюорографиялық,рентгенологиялық тексерулер тағайындалады.
 Екі-үш апта бойындағы жөтел көп жағдайда төменде көрсетілген белгілердің  біреуімен  немесе бірнешеуімен  қатар болуы мүмкін.
Туберкулездің негізгі  белгілері:
Жөтелдің екі аптадан астам уақытқа созылуы.
Дене салмағының төмендеуі.
Шаршағыштық.
Ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі.
Түнгі тершеңдік.
Кеденің ауруы,шаншуы.
Алқыну. 
Тәбетінің төмендеуі немесе болмауы.
Қан аралас түкіру.
Осы белгілерді есіңізде сақтаңыз,оларды біліп жүріңіз-өзіңізді және өз туысқандарыңызды қорғап қалыңыз-өзіңіз қаралыңыз немесе туысқандарыңызды емханаға жүгінуге жіберіңіз.
Туберкулезді жетік емдеудің ең басты шарты, ауруды дер кезінде анықтау болып табылады. Ауруды уақытылы анықтау үшін, туберкулезге күмән тудыратын белгілер байқалған мезетте, кідірместен  дәрігерге қаралған жөн. Тұрғындардың барлығы туберкулез белгілері жайлы толық хабардар болулары керек және сол белгілер пайда болған жағдайда денсаулықты тексеру мақсатында емханаға қаралулары керектігін білуі шарт. Туберкулезді дер кезінде және нақты анықтау үшін науқасты тиянақты тексеру қажет.
Қазіргі кезде туберкузезді ерте анықтаудың ең дәл әдісі, бактериологиялық, рентгенологиялық диагностика және балалар мен жасөспірімдерде «манту» сынамасы, «диаскентест» сынамасы болып табылады.
Қазіргі таңда республикамызда туберкулездің дамуына қатысты қауіп-қатерлі топқа жататын, яғни туберкулезге шалдығу қаупі жоғары болып саналатын аймақ тұрғындарына жыл сайын флюорографиялық тексеру шаралары жүргізілуде.
Туберкулез дертінің артуына байланысты қауіп-қатерлі тобына төмендегілер жатады:
  1. Өкпенің созылмалы ауруларымен ауыратындар.
  2. Қант диабетімен ауыратындар.
  3. Маскүнемдер.
  4. Нашақорлар.
  5. АИТВ-ЖИТС ауруларымен есепте тұратындар.
  6. Гармонды ем қабылдап жүргендер.
  7. Жаңа босанған әйелдер.
  8. Туберкулез науқастарымен қатынаста болған жандар.
  9. Айыпталушылар, сотталғандар.
  10. Әскери қызметін өтеуге шақырылатындар.
Егерде сіз қауіп-қатер тобына жататын болсаңыз туберкулезді ерте анықтап, нәтиже оңды болған жағдайда емді кідіріссіз бастап, тез арада сауығу мақсатында жыл сайын тексерістен өтіп тұруыңыз қажет.
Туберкулез тек қана медициналық емес сонымен қатар қоғамдық проблема. Сондықтан туберкулездің өсуін өзінің күнделікті өмірінде туберкулез туралы білімін қолданатын кез-келген адам тоқтата алады. «Ауырып ем іздегенше ,ауырмайтын жол ізде!»    «Құдай сақтансаң- сақтаймын» деген қанатты сөздерді бүгінгі таңда  ең қатерлі дерт –туберкулезге байланысты қолдануға болады.
Туберкулездің- қатерлі ауру екенін естен шығармау керек. Аурудың уақытылы анықталмауы емделмеу салдарынан асқынулармен қайғылы жағдайларға апарады,керісінше туберкулез ерте анықталып дұрыс ем қабылдаған жағдайда науқас құлан таза сауығады. Ем қабылдау тегін және уақытылы анықтаған жағдайда әрқашан тиімді болады.
Туберкулезбен тек денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп үлкен нәтижеге жете алмайды,тіпті мемлекеттің өте жоғары деңгейдегі қолдауы негізінде де денсаулыққа байланысты ортақ жауапкершілік болу керек .
Қорыта келгенде, туберкулезді тиімді емдеудің ең маңызды шарттарының бірі – ауруды дер кезінде анықтау болып табылады.
Ал ауруды уақытылы анықтау үшін жоғарыда келтірілген белгілерді мұқият біліп, олар анықталған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет.

Р.А.Ахетова
АЕҚБ Жалағаш АОА фтизиатр-дәрігер   
                           
28 наурыз 2019 ж. 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031