» » Төл өнер төрге озсын десек... НЕМЕСЕ ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ ҚАДІРІНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?

Төл өнер төрге озсын десек... НЕМЕСЕ ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ ҚАДІРІНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?

Жапондар кез келген салаға өз ішінде әбден пісірмей жаңалық енгізуді жаны сүймейтін халық. Оны қарапайым спорт түрінен байқауға болады. Мәселен, дзюдо күресін әлемдік деңгейге шығармас бұрын жаппай балаларын спорттың осы түріне машықтандырды. Қазір әлем біріншіліктерінде татами төрінде топ жармайтын жапониялықтар кемде-кем. Бұл ұстаным өздерінің мәдениет саласында да жемісін беріп жатыр. Ойлап отырсам, мұндай қатаң қағида қазаққа да қажет-ақ.
Қазір қай буынның аузына қарасақ та бізде ұлттық өнер, дәстүрлі әндерге қатысты керағар пікірлер жиі айтылады. Бұл пікірді біз түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Қазір нағыз тыңдап, тағылым алуға тұрарлық жыр-термелер мен дәстүрлі әндерге қарағанда жастардың талғамы эстрадалық бағыттағы туындыларға ауып-ақ тұр. Біз әлгіндей көзқарасты ортамен бөліспес бұрын «Оның салдары неде?» деген сауалға бойлай алдық па? Алдымен осыған мән берген абзал.
Шындығына келсек, төл өнердің төрге озып, дәстүрлі әндерді насихаттауға әрбір қазақ, әрбір отбасы өз үлесін қосуға мүмкіндігі бар. «Әу демейтін қазақ жоқ» деген жолдардың авторы да өзіміз емес пе?.. Ал, осы бір жолдармен бір-біріне қазақ шабыт бергенде өнерпаздан эстрадалық бағыттағы әнді күткен жоқ қой. Себебі, қос қазақтың басы қосылған кез келген шаңырақтың төрінде бұрын домбыра ілулі тұратын. Қазір ше? Бүгінде жай күндері былай тұрсын, той-томалақтың өзінде домбыра іздеп үй-үйді жағалап кететін хәлге жеттік. Неге әрбір шаңырақтың төрінде домбыраның орны бос тұр? Салт-дәстүрін, ән-жырын қарапайым тұрмыста жаңғыртқан қазақтың осы бір ұстанымын бір өкініштісі біз жалғай алмай жатырмыз. Кейде жаңағы ұлттық өнер мен дәстүрлі әндерге қатысты керағар пікір айтушылардың өз шаңырағында домбыра барына мен күмәнмен қараймын.
Айтпақшы, жаңағы жапондардың жері де тар, табиғатының қолайсыздығынан бүкіл әлем хабардар. Солай бола тұра олар күріш егеді. Алайда, жапондарға күрішті еккеннен оны сырттан экспорттаған он есе тиімді. Ойлаңызшы, әр қадамын есеппен басып, экономикасын нығайтқан елдің осындай істі жасауына не себеп? Тіпті, күріштен келетін пайда экономикасының 10 пайызын да құрамайды. Олардың мұнша қаржыны дақылдан аямауы аграрлық саланың әлеуетін арттыру емес екен. Жапондардың төл сөзінің 70-80 пайы­­зы күрішпен байланысты. Егер, бұл сөздер мен оның мағынасын ел жадынан шығарса, уақыт өте ол ұлттың да жойылып тынарын жапондар түйсігімен түсінді. Сондықтан, байыппен іс қылды.
Бізде осындай жанашырлықпен қарай­тын, қазаққа тән қастерлейтін ұғымдар жоқ деп айта аласыз ба? Әлде бізде тіл, діл, ұлттық өнер мен салт-дәстүр қарапайым тұрмыста өз деңгейінде жүріп жатыр ма? Мүлде олай емес қой. Керісінше, қазақта қам жоқ. «Бес қазақ тұрған жерге бір орыс барса орысша сөйлей кететініміз не?» деген сауалмен астарлас сынның байыбына бармай жатып, жаттанды сөз қылып алдық. Бір өкініштісі, ұлттық өнер мен дәстүрлі әндерге қатысты жаңағы керағар пікірлер де осының күйін кешіп жатыр. Себебі, отбасында да, жалпы елде де насихат аз.
Бұрын телеарналарда дәстүрлі әндер мен ұлттық өнер жайында байыппен жасалған бағдарламалар көрсетілетін. Бала кезімізде эстрада жұлдыздарына қарағанда жыр-термешілер мен дәстүрлі әншілерді жұлдыз көруші едік. Қазір олардың орта буынын емес, еңбегі сіңген жанашырларының өзін кейбір жас­тар танымайды да. Себебін айтуға да қысылады екенсің. Араға біршама уақыт салып, мұндай бағдарламардың орнын «Жұлдызды жекпе-жек», «Бенефис-шоу» «Қайырлы кеш» сынды бірқатар бағ­дар­лама басты. Барлығы эстрадалық тақырыпта әңгіме қаузайды. Ұлттық өнерді насихаттау кейін ұлттық арнада қайта қолға алынды. Бірақ, ол кезде дәстүрлі әндер мен жыр-термелер өз тыңдармандарын жоғалтып үлгерді. Жапондардай іс қылсақ, оны қайта қалыпқа келтіру қолда тұрған дүние ғой. Енді осыны түсінсек болғаны. Бұл жерде айтпағымыз, дәстүрлі ән мен жыр-термелердің тыңдарманы мүлде жоқ емес, бірақ, бұрынғыдай олардың қатары қалың да емес.
Әзірге тікелей ұлттық өнердің бір тар­мағына айналған айтыс қана жер-жерде өз деңгейінде насихатталып жатыр. Бірақ, бұл өнер өкілдерінің ішінде су ішкен құдығына түкіретіндер де жоқ емес екен. Жақында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жат ағымның жетегінде жүрген ақындар айтыста та жоқ емес екенін айтып, олардың домбыраға қатысты теріс пікірін тілшілермен бөліскен еді. Расында, айтыскерлердің қатарында қазақтың қара домбырасын «харам» дейтіндер бар болып шықты. Төл өнермен елдің сүйіктісіне айналған олардың бұл қылығын неге жоримыз?
Жуырда Мемлекет басшысы білім саласына қатысты бір пікір айтып қалды. Яғни, мектептерде домбыра үйірмесін пәндермен қатар өту жайында өзінің ұтымды ұсынысымен бөлісті. Бұл – жақсы бастама. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл идеясын өз басым қос қолдап қолдаймын. Енді ел ағалары мектеп қабырғасында осы игі бастаманы қолға алса, уақыт өте нәтижесін жастардың бойы­­нан көретініміз анық. Алдымен ұлттық өнерге жастарды баулу жұмысы ұлттық аспапқа оларды машықтандырудан бас­тау алғаны дұрыс-ақ. Мейлі қай салада жүрген азамат болсын, оның домбыраны еркін меңгермесе де, тарихынан хабардар болғаны келешек үшін маңызды. Болмаса Қадыр қазақтан кем көрмеген аспаптың қадіріне әзір жететін түріміз жоқ.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ.
09 сәуір 2019 ж. 157 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031