» » Ғарышкермен болған бір сағат

Ғарышкермен болған бір сағат

1992 жылдың 8 тамызында Ресейдің Балашов қаласындағы Жоғары әскери ұшақтар училищесінің соңғы курсында оқитын ұлым Маралдан жеделхат алдым. Ол сол айдың 15-не дейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінен елге қызмет ету үшін шақыру құжатын Ресейдің аталған министрлігіне жіберуді сұрапты. Егер уақытынан кешігетін болса оқу орны оны Ресейде қызмет етуге қалдырады екен. Сол себепті, дереу Алматыға жол тартуыма тура келді.
Сол тұста еліміздің егемендікке қол жеткен кезі еді. Алматыға барғаннан кейін іздеген мекемемді тауып алдым. Республиканың Қорғаныс министрлігі бұрынғы Орта Азия әскери округі орналасқан ғимаратта екен. Ауылдан келген мен үшін бұл мекеменің ауласына ену оңайға соққан жоқ. Айнала күзет орналасқан. Осы жерде менің аудандық Кеңеске депутаттығымның пайдасы тиді. Төсімде депутаттығымды ай­ғақ­тайтын белгі бар.
Аулаға кіре берістегі тексеру-бақылау бекетіндегі кезекші лейтенант министрлікке кіру үшін алдын ала жұмыс мақсатын жазып кезекке тұра­тындығын айтып жағдайды қиындата түсті. Олай етуге уақыт шамалы. Министрлікке тезірек енуім тиіс. Сол себепті, аудандық Кеңестің депутаты екенімді айтып мандатымды кезекшіге қайта ашып көрсеттім. Сол кездегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, әуе әскери күштерінің бас қолбасшысы, ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке депутаттық сауалмен келгенімді жеткізуге өтініш жасадым. Әскери орындаушылық тәртіпке үйренген офицер байланысқа шығып, жағдайды баяндады. Менің өтінішімді сөзбе-сөз жеткізді. Осыдан кейін қолыма рұқсат қағазын алдым.Кезекшінің бастауымен мекеме ғимаратына қарай беттедік. Есік алдында да бізді күзетшілер қарсы алды. Олардың арасынан капитан қазақ жігіті менің құжаттарымды мұқият тексерді. Содан соң тағы да жоғары басшылықпен байланысқа шықты. Бұдан кейін маған майор шеніндегі орыс жігіті келіп, не мақсатпен келгенімді сұрады. Мен жағдайды толық баяндадым. Әңгімемді мұқият тыңдаған ол рұқсат қағазыма белгі соқтырды. Екінші қабаттағы бір бөлмеге ертіп кіргізді. Төрде отырған орыс полковнигіне әлгі майор жігіт әскери тәртіппен менің шаруамды айтты.
Ол үндемей біріз отырды. Менің ойым сан-саққа жүгірді. Әлгі полковниктің сазарып отырғанын өзімше жорамалдап, «Бұл қазақтың баласы Ресейдің жоғары дәрежелі оқу орнына білім мен денсаулығы қалай жарап түскен? Тағы да бір әскери ұшақтың саны өсетін болды-ау» деп отыр ма деп ойладым. Дегенмен, сыр білдірмедім. Сәлден соң ол мені қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтардың қабылдау бөлмесіне ертіп келді. Қабылдау бөлмесінде отырып, 1991 жылдың қазан айындағы оқиғаны еске алдым.
Оны ғарыш әлеміне аттандыру салтанатында Елбасынан бас­тап бүкіл Республика халқы ақ жол тіледі. Олардың қатарында біздің облыстың, ауданның азаматтары да болды. Ақ үй тігіліп, тоқсан жастағы Бекіш ақсақал Тоқтарға ақ боз ат мінгізіп, батасын берді. Сол бата мен тілек қабыл болған шығар, Тоқтар ғарыш әлеміндегі сапарын аман-есен аяқтап, жерге табан тіреді, ел құрметіне ие болды. Осындай ойлармен отырғанымда кезекші капитан ішке кіруге рұқсат берді.
Мен ішке ендім. Тоқтар мені көре салысымен әскери адамға тән шапшаңдықпен орнынан тұрып, «Ассалаумағалейкум, аға» деп құшақтай амандасты. Бір басына жететін батырлығы мен лауазымы бар, ұлт мақтанышына айналған алаштың алып азаматының маған көрсеткен құрметіне төбем көкке жеткендей күй кештім. Осы араға жеткенше көрген қиындығым ұмыт болды. Азаматтың маған деген ықыласы мәңгілік есімде қалды. Мені бұрыннан білетін сыр мінез кісідей ауданның амандығын, елдің жай-күйін сұраумен болды. Өзінің кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысынан халықпен кездесу өткізіп қайтқанын жеткізді. Қызылордалықтармен келешекте жүздесіп қайту ойында бар екендігінен хабардар етті. Содан кейін менің жұмысыма баламның қайда оқитындығын сұрады. Оған мән-жайды толықтай жеткіздім. Тоқтар болса «біз балаңызды Ресейде қалдырмауға күш саламыз. Біздің қарулы күштеріміз аяғынан енді ғана тұрып келеді. Ал, әскери ұшқыш Отанымызға ауадай қажет. Олар біздің ұлтымыздың мақтанышы» деді. Дереу қарамағындағыларға балама шақыру құжатын беруге тапсырма берді. Біз ескі таныстарша әңгімелестік. Ол өзіне батасын берген Бекіш ақсақалды сұрады. Мен білетінімді айттым. Ол жанұясының әлі күнге дейін Мәскеуде тұрып жатқандығын жеткізді. Алматыда үйінің жоғы екенін де жасырмады. Үй сұрап, екі рет үкімет басшысының қабылдауында болыпты. Әйтсе де, оның шешілмей жатқандығын жасырмады. Мен сонда ұлтымыздың мақтанышы болған, бір басына жететін атағы бар батырдың жағдайы осылай болғанда, біздің шықпаған жанымыз деп,тәубаға келдім.
Біз сағаттан көп уақыт сыр бөлістік. Сондағы байқағаным, Тоқтарда батырға тән мінез бар екен. Мені осы қасиеті тәнті етті. Кейіннен балам елге оралып, ғарышкер ағасына сәлем берді. Батасын алып, қызметіне кірісті.

Рысбай КӘРІМОВ,
зейнеткер.


12 сәуір 2019 ж. 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031