» » ЖҮРЕКТЕН ӨШПЕГЕН ЖАМБЫЛ ЖЫРЫ

ЖҮРЕКТЕН ӨШПЕГЕН ЖАМБЫЛ ЖЫРЫ

Биылғы жылдың қаңтар айында «Жетінші» арнада Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) туралы «Ладога көлі – өмір жолы» «Құрсаудың қирауы» – «Прорыв блокады» деген деректі көрініс негізінде түсірілген көркем фильм көрсетілген болатын.
Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында әлі жеңіліс дәмін татпаған саны мен сапасы жағынан басым жаудың солтүстік тобы 750 мың солдаттары мен офицерлерін құрамында артиллерия, авиация танкі құрамалары бар 40 дивизиясымен қаланы және шекаралы аудандарды қоршауға алды. Қаланы үлкен жермен бөліп, халқын аштық пен жалаңаштыққа ұшыратып, Кеңес одағына моральдық-рухани соққы бермекші болды. Қала адам төзгісіз қиын жағдайда өмір сүріп, жеңіске деген құштарлықпен қорғанып өмір сүрді. Блокада жылдарында фашистер қаланы 250 мың авиа­­бомбамен, снарядтармен атқылап қиратқан. Осының салдарынан қаланың тіршілік көздері мен коммуникациялық орындары істен шығып, аштық пен ауру жайлағанын тарихтан білеміз. Қала Ленинград майданын қаһарман жауынгерлерімен Қызылтулы Балтық флотының жанкешті теңіз әскерлерінің күшімен қорғалып, Ладога көлінің өмір жолымен үлкен жермен байланысы үзілмеген. Осы жолмен блокада жылдарында 310 мың Кеңес жауынгері шығарылған. Қаланы қорғаудағы Ленинград майданының жауын­герлеріне ленинградтықтар халықтық 10 ди­визия, 16 батальон, 7 партизан полкі мен бірнеше жау тылында қимыл жасайтын полктер мен топтардан көмек берген. Қала тұрғындары жаудың нөсер бомбасы мен артиллерия атыстарының астында жүріп, қираған өндіріс орындарын жөндеп, 2 мың танкі мен 1,5 мың ұшақты, мыңдаған атыс құралдарын, әскери кемелерді жөндеп, майданға жөнелтіп отырған.
Ленинградты қорғаушы әскердің қата­рында мыңдаған қазақстандықтар да бар еді. 1944 жылдың 27 қаңтарында Қызыл әскердің екпінді күшінен Ленинград қаласы жау құрсауынан азат етілді. Биыл осы жеңіске жетпіс бес жыл толып отыр. Ленинградты қорғауда құрбан болған мыңдаған қазақ жауынгерлері Неваның сызды да батпақты ормандары мен көлдерінің астында мәңгілік жайда жатқанын бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Ленинград құрсауының зардаптары қираған ғимараттар мен үйлер сол күйінде Нева, Лиговской, Лес даңғылдарында Васильев аралы аудандарында сақталған. Сондай-ақ «Азаматтар! Бұл көшелерде артиллерия атысынан сақ болыңдар!» деген жазу сол күйінде тұр. Мұның бәрін мен тәптіштеп жазып отырғаным, осы қаһарман қалада екі ай болып, дүние жүзіне соғыста да бейбіт еңбекте де аты мен тарихы әйгілі болған қаланы өз көзіммен көріп, тарихи орындарын аралап, санамда қалған әсерлерімді оқырманға хабардар ету еді.
Осы мақаланы жазуыма түрткі болған жәйтті де айта кеткенді жөн көрдім. Мен өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдары аудандағы кәсіптік-техникалық училищенің директоры болдым. Ол кездер Кеңестер Одағы әлемді аузына қаратқан күш-қуаты мықты, экономикасы дамыған социалистік қоғамның көшбасшы елі болатын. Кәсіптік-техникалық білім беру саласының басшы кадрларының білімін жетілдіру институты жалғыз Ленинград қаласында еді. Оқу орнының ауласы ат шаптырымдай Лиговс­кий даңғылының бойындағы ғимаратта екен. Институттың екі бөлімінде бірі Кеңестер Одағының оқу орындарының басшылары, екіншісінде социалистік елдерден келгендер білімдерін жетілдіреді екен. Инс­титутта барлық жағдай жасалған. Екі адамға бір бөлме, сабаққа дайындалатын жай, арзандатылған тамақ, қысқаша айтқанда заман талабына сай жабдықталған.
Ленинградқа алғашқы барушылар бірін­ші «Эрмитажды» аралап көруден бас­тай­ды. «Қысқы сарай», «Кунсткамера», «Жеңіс» алаңы, «Ленинградты қорғаушылар» мону­мен­ті мен тамашалаған жер болды. Осы са­парымда есімде жақсы қалғаны Ленинград қорғаушыларының мұражайы еді. Мұражайда бұрынғы Санкт-Петербургті түрлі шетел басқыншыларынан қорғау ұрыстары, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қорғау, блокада қайғы-қасіреті, қаланың құрсау кезіндегі ерліктері сол қалпында қойылған. Әр секцияда егде тартқан сол мұражайда қызмет атқарып, зейнетке шыққан бақы­лаушылар бар. Олар мұражайға қойылған дүниелерді баяндаудан жалықпайды. Бәрі де тартымды, тарихи дүниелер. Осылай қызықтап келе жатқанымда алдымнан Жамбыл Жабаевтың өзіміз көріп жүрген суреті көзіме оттай басылды. Екі секцияның бұрышына орналастырылған ақынның үл­кен суреті ағаш жақтауға салынған. Ұзақ тұрғаннан ба, сарғайыңқыраған, суреттің астында ақынның өмірбаяны, ол кісі туралы айтылған ақын-жазушылардың сөздері, «Ленинградтық өренім» өлеңі қазақша, орысша жазылып қойылған. Ақынның көзі тірі кезінде жазушы, әртіс, қайраткерлермен түскен суреттері мен домбырасы, тұтынған заттары қойылған. Кезінде жергілікті билік айтарлықтай мән берген сияқты.

Менің тапжылмай қарап тұрғанымды білді ме, экскурсовод әйел қасыма келіп, қайдан боласың деп? – деп сұрады. Мен «Қазақстаннанмын» дедім. «Жамбыл ақынның елінен болдың ғой» деді. Мен де ақын экспонатының жағдайын көріп, «Неге толықтырылып жаңартылмаған? Күтімі де мәз емес. Ұлы Отан соғысы жылдарында блокада құрсауында қалған ленинградтықтарды өз баласына теңеп шыдамдылыққа, қайсар­лыққа, жаудан кек алуға шақырған үндеу өлеңі бүкіл Кеңес халқына тарағанын білесіздер» дедім. «Дұрыс айтасың» деді экскурсовод. Ұлы ақынды, оның Ленинград үшін шайқасып жатқан жауынгерлер мен қала халқын жауды жеңуге үндеген «Ленинградтық өренім» өлеңін мен сияқты құрсауда болған азаматтар жақсы біледі. Біздер ұлы ақынның үндеу өлеңіне басымызды иеміз. Барлық қиындықты басымнан өткіздім. Үлкендермен қатар жаралыларды емдеп, зауыттарда жұмыс істедім. Сонда біздерге, пионерлерге «Ленинградтық өренім» өлеңін госпитальда, зауыттағы жұмысшыларға мәтінімен қайта-қайта жаттатып оқытатын деп
«Ленинградцы дети мои!
Ленинградцы гордость моя!
Мне бы струи степного ручья
Виден Отблеск Невской струи» деп шырқай жөнелді.
Жамбыл ақынның экспонатына қойылған дүниелер мен күтіміне көңілім толмай, ашу қысып тұрған мен ашуым тарқап, риза кейіппен қолын алған едім.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

07 мамыр 2019 ж. 252 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031