» » Қаламгер қарымы немесе әр кезеңдегі газет редакторлары

Қаламгер қарымы немесе әр кезеңдегі газет редакторлары

Сұлтан Қожаниязов, газеттiң 1944-48 жыл­дар­дағы редакторы
Соғыс жылдары. Майданнан жарақаттанып оралғаннан кейiн қаламымды қару етiп еңбекке белсене араласып кеткенмiн. 1944 жылы Жалағаш ауданының "Күрiшшiлер" газетiнде қызмет етiп жүрген кезiм. Бiрде қалыптасқан әдет бойынша жұмысқа ертелете келiп, орныма отыра бергенiмде телефон шыр ете қалды. Тыңдадым.
Телефонда сөйлеп тұрған Құрмаш Дүйсеков: "ертең сағат 12-де қалада болуың керек. Ақындар мен жазушылардың, жыраулар мен айтыс ақындарының, бүкiл журналис­тер мен газет-радио қызметкерлерiнiң жиналысы өткiзiледi" – деп хабарлады.
Ертеңiне сағат 8-дер шамасында жиналыс басталды. Сол кездегi облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Медеу Аталықов, Жазушылар одағының облыстағы өкiлi, ақын Асқар Тоқмағамбетов пен Әбдiкәрiм Оңалбаев сөз сөйледi.
Ол жиынға қазалылық ақын Байназар Өтепов, қармақшылық Дүйсенбай Қасқырбаев, сырдариялық Қуаныш Баймағамбетов, шиелілік Нартай­ Бекежанов, жыраулар Ақмырза Тұяқбаев, Әбiлда Жүргенбаев, Балқашбай Жүсiпов, Әлiбек Байкеновтер түгелдей қатыстырылды. Сол кезде жас ақындар қатарында саналып жүрген Қуаныш Смайлов, Тұрсын Бақтыбаевтар да болды.
Сағатқа созылған жиында майданға көмектi бұрынғыдан да арттыру, соғыс салған жараны түзету, тез емдеу ол үшiн мәдениет майданының барлық қызметкерлерi бұрынғыдан да тиянақты еңбек етулерi қажеттiгiне тоқталды. Сонымен бiрге әрбiр қаламгерлерге нақтылы тапсырма берiлдi.
Жиналыс тарап, ауылға оралғаннан кейiн басқалар сияқты мен де сол кезде алда тұрған мiндеттер: майданға жылы киiм, азық-түлiк жөнелту, жарақаттанып елге оралған жауынгерлерге жәрдем көрсету, майдангерлер отбасына көмек беру жайлы мәселелердi үзбей жазып жүрдiм. Уақыт өте бердi. Бiздiң қызыл қырандар өз жерiмiздi басқыншылардан толық тазартып алға өрледi. Мiне, дәл осы кезде мәдениет майданының жауынгерлерi – ақындар мен жазушылар, айтыскер ақындар мен жырау­лар жиi-жиi ел аралап, тылдағы еңкейген қарт пен еңбектеген балаға дейiн қалың қауымның көңiлiн көтердi. Осыған орай баспасөздердегi айтыстар да құлашын кең жайды. Қызылордадағы 1 Май мектебiнiң түлегi менен 5-6 жас кiшi Қуаныш Смайлов деген жiгiт болатын. Ол еңбеккештiгi мен талантының арқасында сол кездiң өзiнде-ақ жас ақын атағын алып қалған едi. Мен әскерден оралған кезде облыстық "Ленин жолы" газетiнiң Жаңақорған, Шиелi аудандарындағы меншiктi тiлшiсi болып жүретiн. Сол досымның маған арнаған айтыс өлең-жыры бiр күнi облыстық газетте бұрқ ете қалды. Оқып шықтым. Түгел таныстым. Өлеңнiң жалпы құрылысы, әдеби көркемдiгi, сөз ұтқырлығы тарапынан кемшiлiктерi байқалмады. Қайта ой-өрiсiнiң соншалықты өскенiне көңiлiм көтерiлiп, жаным марқайды.
Мен де бiрнеше күн қағаз жүзiнде айтысқа әзiрлендiм. Көңiлге қонбаған өлең жолдарым жайлы бұрын айтыскер ақын болған ауданға ғана емес, облыс, республикаға танымал жерлесiм Төлеубай Үркiмбаевқа жолығып, ақыл-кеңес алдым. Ол айтыс туралы қаламгерлер ғана емес сөз қадiрiн бағалай бiлетiн жұртшылық кезiнде жылы лебiздер бiлдiрiп, кейбiр оқырмандар тарапынан орынды сындар да болды.
Соғыс аяқталып, берекелi бейбiт өмiр орнасымен осы саладағы жұмыстар да қо­ры­тындыланды. Облыс орталығында ақын­­­­­­­дар айтысы өткiзiлiп, жеңiмпаздар ба­ғалы сыйлықтармен марапатталды. Ақын­дар штабын басқарушылар Асқар Тоқ­­­ма­­ғамбетов, Әбдiкәрiм Оңалбаевтарға тұл­пар мiнгiзiлдi. Қуаныш Баймағанбетов, Дүй­сенбай Қасқырбаев, Байназар Өтепов, Нар­­тай Бекежановтарға облыстық кеңестiң Құрмет Грамоталары тапсырылып, бағалы сыйлықтар берiлдi. Ал менiң соғыс жылда­рындағы мақала, өлең-жырларым мен Қуаныш Смайловпен айтысым хақында облыс­­­тық Кеңестiң Грамотасымен марапаттады. Сонымен бiрге облыстық комиссияның шешiмi бойынша Жалағаш ауданының сол кездегi "Жас қайрат" колхозынан бiр сиыр беру тапсырылған-ды. Қолхоз мүшелерiмен кеңесе отырып, сол кездегi төрағасы Тұрлығұл Бекбауов сиыр орнына ат мiнгiзудi ұйғарды. Мiне, бұл есте жүрген бiр елес едi.
1943 жылы соғыстан ауыр жаралы болып, туған жерге қайта оралғанымда аудандық "Күрiшшiлер" газетiнде Мұрат Нұржанов редактор едi. Ол мен келгеннен кейiн аудандық партия комитетiнiң секретарлығына жоғарылап, редакторлық мiндет маған жүктелдi. Сөйтiп, 1948 жылдың алғашқы айларына дейiн осы газетте редактор болдым.
Ол кезде совхоздармен байланыс болмағандықтан газет материалдары дер кезiнде дайындалмайтын. Осындай қиыншылықтарға қарамастан аудан өмiрiнiң шежiресi – "Күрiшшiлер" газетi сол кезде­ алға қойылған мiндеттердi мүлтiксiз iске асыруға барынша күш салды.
Редакцияда көп жыл қызмет атқарған С.Баймаханов, халық ақыны марқұм Т.Үркiмбаев, жергiлiктi тiлшi А.Смайылов, газеттiң менен бұрынғы редакторлары С.Ақжiгiтов, С.Жарылқасыновтар ол кезде газетке жиi-жиi өлең-жыр, түрлi мақалалар жазып тұрушы едi. Сондай тiлшi-авторлардың нақтылы көмегiмен газет уақытылы шығып тұрды. Ұлы Отан соғысы жылдарында газетте ақындар айтысы жиi ұйымдастырылды.
Кейiн газет "Коммунизм үшiн" деген атпен шыққан кезде де бөлiм меңгерушiсi ретiнде қызмет атқардым. Коллектив мүшелерiнiң бiрлесе жұмыс iстеуi нәти­жесiнде газет әрқашан аудан партия ұйымдарына қолғанат бола бiлдi. "Жаңа­дария" газетi шын мәнiнде аудан өмiрiнiң шежiресi болды.
07 мамыр 2019 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031