» » БАТЫР АНАНЫҢ БАР БАЙЛЫҒЫ – БАЛАЛАРЫ

БАТЫР АНАНЫҢ БАР БАЙЛЫҒЫ – БАЛАЛАРЫ

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің әл-ауқатын өсіру мен табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға қатысты Қазақстан халқына Жолдауы кешегі тағайындалған әлеуметтік көмекпен астасып тұрғандай. «Жәрдемақы беріледі» дегенді естіген көпшілік жаппай құжаттар дайындаудың қамына кірісті. Шыны керек, «Көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден беріледі» дегенге жұртшылық қуанды. Оның үстіне тиісті министрлік бұл жәрдемақыға тек көпбалалы отбасы ғана емес, жағдайы төмен 1 немесе 3 баласы бар ата-ана да қол жеткізе алатынын айтқан еді. Бұл жаңалық жұрттың үмітін еселей түсті.
Жалағаш ауданы бойынша осы күнге дейін 600-ден астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізіп үлгерген. Бұл – бір ғана шағын аудан үшін үлкен көрсеткіш. Яғни, саяси құжатқа арқау болған тұрмыс сапасын арттыру мәселесі өз деңгейінде шешімін тауып жатыр деген сөз. Жәрдемақымен қамтылғандардың барлығының да айтатыны тек алғыс. Олардың көбі бұрынғы бала басына бір жасқа дейін берілетін көмек пен ай сайын көпбалалы аналар алатын қаржыға қарағанда бұл отбасы мәселелерін шешуге үлкен қолдау болғанын айтады. Атаулы әлеуметтік көмектің шарапатын көрген Алтын Тайшыбаеваның да пікірі осылармен ортақ. Жеті баланы дүниеге әкелген батыр ана құжат дайындау кезінде де аса қиындық туындамағанын айтады. Оның сөзінше, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары осы тұрғыда біраз жәрдем беріпті.
– Атаулы әлеуметтік көмектің жан басына шаққанда 20 мың 789 теңгеге жеткенін естіп қуанып қалдым. Ал, оған қол жеткізу үшін тұрмыс сапасына келсек, менің алуға мүмкіндігім бар екен. Бірден құжат тапсырудың қамына кірістім. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне барып жағдайымды айттым. Олар маған қандай құжат тапсыратынымды айтып бағыт берді. Оларға алғысым шексіз. Қазіргі таңда 7 балама жәрдемақы аламын. Кеше алғашқы айдың қаржысына қол жеткіздім. Яғни, 160 мың теңгеге ие болдым. Бұл алдағы уақытта да жалғасады. Мен сияқты атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізіп жатқан басқа да ата-аналар көп. Мұнан кейін елде тұрмыс сапасы артпайды деп қалай айта аласың. Елбасының өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттердің жүзеге асып жатқанына осыдан-ақ көз жеткіуге болады. Себебі онда бірінші кезекте әрбір отбасындағы тұрмыс сапасын арттыру мәселесі басты міндет ретінде жүктелген еді. Қазір бәрі жақсы ғой. Қандай күн болса да Аллаға шүкір айтамын. Бастысы, бар байлығым – балаларым аман болсын, – дейді Алтын Бөбешқызы.
1993 жылы жолдасы Бақытжан Сейтенов пен отау құрған батыр ана қазіргі таңда 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының алды қазіргі таңда оқу орнының 2 курс студенті. Нұр-сұлтан қаласында білім алып жатқан Ақбота Сұлтан болашақта жастардың ағылшын тілін меңгеруіне қолғабыс етсем дейді. Ал, мұнан кейінгі қыз бала Ақнұр Сұлтан биылғы мектеп түлегі. Ол да бұйыртса алдағы уақытта медицина саласында еңбек етіп, жұртына қолғабыс етуді мақсат етіп отыр. Мұнан кейінгі 3 ұл спортқа бейім. Осыған дейін талай додада үшеуі де топ жарып үлгерген. Дзюдодан үйірмеге қатысып жүрген жас спортшылардың алды қазірдің өзінде республикалық турнирде топ жарды. Қалғандарының да спорттың бұл түріне ептілігі басым.
Осындай өнерлі жастар топтасқан бұл отбасы бүгінде берекелі күн кешуде. Оның үстіне кешегі атаулы әлеуметтік көмек те біраз қолдау болды. Алтын Тайшыбаева мұнан бөлек батыр анаға берілетін жәрдемақыны да алып отыр. Әлеуметтік көмектің бұл түрі отбасының тұрмыс сапасы жоғары немесе төмендігіне қарап берілмейді.
Әлеуметтік көмек осы қарқынын жоғалтпаса елде тұрмыс сапасы жақын арада артары сөзсіз. Оның үстіне қазіргі таңда көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету шаралары да қолға алынды. Қазірдің өзінде тек көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұл игі бастаманың аллдымен Сыр елінде жүзеге асып жатқанына біз қуанамыз. Әрбір отбасының ахуалына алаңдайтын мемлекет барда қазақстандықтардың тұрмыс сапасы арта берері анық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЙ.

14 мамыр 2019 ж. 164 0