» » ҚАЙРАТКЕРЛЕР РУХЫНА МЫҢ ТАҒЗЫМ

ҚАЙРАТКЕРЛЕР РУХЫНА МЫҢ ТАҒЗЫМ

Тәуелсіздік, ұлт мүддесі, қарапайым халықтың еркіндігі, қараңғы қазақтың көзін ашу. Қарап отырсақ, кешегі қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жаза арқалаған арыстарымыздың алға қойған мақсаты да, айыбы да осы еді. Елдің ертеңін ойлаған еңселі ерлер «Қазақ» деген ұлы халықтың болашағы жолында жандарын құрбан етті. Ақырғы демі біткенше бодандықтың қамытынан елдің мойынын босатуды көздеген зиялыларымыздың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпақ білуі тиіс. Тарихтан бойға тағылым сіңірудің де түпкі мақсаты осы. Жыл сайын 31 мамыр күні қуғын-сүргін жылдардың құрбанына айналған арыстарды еске алу мақсатында ауданда үлкен шара өтеді. Дәстүрлі шара биыл да жалғасын тапты.

«Тағзым алаңында» бас қосқан жалағаштықтар алдымен қай­рат­кер­лерге арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, рухтарына құран бағыштады. Ал аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев қазақ зиялыларының қиын күндердегі ұлтжандылықпен көз жұмғанын батырлыққа балап, олардың өмір жолын жастарға насихаттауда осындай тағылымды шаралардың маңызы зор екенін жеткізді.
– Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен қасіретті кезеңдердің де аз болмағаны белгілі. Өткеннің өкі­нішті кезеңдерін еске алсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені бұл зұлматтың қаншалықты қасіретті болғанын көрсетуде. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңестер одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды. Зұлмат жылдардың жаңғырығы халық жадынан өшпейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгілеуі осынау қасіретті кезеңді байыпты зерделеу­­ге жол ашты. Тарихқа «Сталиндік репрессия» деген атпен енген саяси қуғын-сүргін сол кездегі алып империя Кеңестер одағының шылауындағы көптеген ұлттармен, халықтармен бірге қазақ халқына да орны толмас қасірет алып келді. 1930-1940 жылдар аралығындағы қанды қырғын қазақтың сүт бетіне шығар қаймағын, Қазақстанның еркіндігін, тәуелсіздігін мұрат тұтқан Алаш туының астына біріккен арыс­тарын сыпырып алып кетті. Ахмет, Тұрар, Темірбек, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Міржақып, Жүсіпбек, Әлихан және тағы басқалар, бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Жалпы осы жылдар аралығында Қазақстанда жүз мыңнан астам адам репрессия құрбаны болды. Олардың өмірден өзі өтсе де өнегелі ғұмыр жолы жұртының жадында жаңғыра берері сөзсіз. Ал олардың ерлігін жастарға дәріптеуде мұндай тағылымды шаралар маңызын жоғалтпайды, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін жергілікті өнер­паздар патриоттық әндер шыр­қаумен қатар, зұлмат жыл­дардың қасіретінен сыр шертетін сахналық қойылымдар ұйымдастырды. Ау­дандық ардагерлер кеңесінің тө­ра­­ғасы Садық Әлиев тек ау­дан­ның ғана емес, ауылдық елді ме­кендердегі білім ошақтарының оқушыларын «Тағзым алаңына» әке­ліп, рухани азық беретін тағы­лымды шаралар ұйымдастыру қа­жет деген ұсынысымен бөлісті.

Е.ӘНУАРҰЛЫ.


01 маусым 2019 ж. 28 0