» » БАҒЫНУ МЕН ЖАҒЫНУ ҺӘМ АБАЙДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

БАҒЫНУ МЕН ЖАҒЫНУ ҺӘМ АБАЙДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

Әдетте біз біреуді мақтасақ көкке көтеріп, ал, жамандаған кісіні жердің астына жібереміз. Бұл әуел бастан қазақтың қанында бар мінез. Абайша айтсақ, бұл – дерт. Қазақтың осы дерті қазір мүлдем асқынды. Қай жерде де асыра мақтау мен дәлелсіз даттау. Жиын-тойға барсаң да қызыл сөзден құлақ тұнады. Әлеуметтік желілердің де қолданушыларының бірі билікті көзсіз мақтайды, екіншісі сынап, даттайды. Жиындарда да жағыну мақсатымен дәргей-дәрежесіне қарай басшыларды жарыса мақтауды әдетке айналдырдық. Өз атына бағытталған орынсыз мақтауларды қабылдай алмай не жөн-жосықсыз арзан сөздер борап тұрған ауызды жаба алмай ыңғайсыз күйге түсіп, өңі қызарып отыратын басшының жағдайын көріп, мадақтаманың авторы үшін өзге жұрт қысылады. «...Ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұятты істі қылған адамды есіркегендіктен болар», - дейді мұндайда данышпан Абай сен жағына шығып. Бірақ, ол басшы сол Абайдың: «Сенбе жұртқа, тұрса да көзге мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап», - дегенін білсе, жәркелештің жалған сөзіне илана қоймауы керек. Алайда, «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс» деп ескертеді тағы сол Абай. Тіпті, қазірде әр сөзін «Барлық мадақтар мен мақтаулар тек бір Аллаға ғана лайықты», – деп бастайтын кейбір ақсақалдарымыз мақтаған адамының мәртебесін сол Жаратушыдан да жоғарылатып жібергенін өздері де аңғармай қалатын болып жүр. Шенді, шекпенділердің қуанышында айтылатын лебіз-лепесіміздің де өңі өзгерді. Қу құлқынның қамы үшін бай-бағланның қолын сүйіп, аяғына тәу етуге де арланбайтын жағдайға жеттік. Абайдың: «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» дегеніне құлақ аспаймыз...Адам рухани кемелденгенде екіжүзділік пен жағымпаздықтан арылады. Көкірек көзі ашылып, кеуде сарайы нұрға толған адам жанып-сөнген шырақтай жылт ете қалатын жалған өмірде атақ пен мансап, шен мен лауазым сонымен бірге көп пенденің көз құртына айналған дүние байлығының да көк тиындық құны жоқ екенін, олардың барлығы да тек тән мұқтажын өтеп, жан ләззатына бөлейтін уақытша алданыш екенін ұғынады. Рухани әлемі кемел адам жаратылыстағы барлық нәрсенің қадір-қасиетін пайымдап, қайшылықтардың өлшемін безбендей біледі. Ал, өмірге алып кету үшін емес, өзінен кейінгіге беріп кету үшін келген адам біреуге жағынбайды және ешкімді күндемейді. Өз бағасын білген адам, өзгеге де әділ баға бере алады, бірақ, орынсыз мақтау арқылы емес...
Қазақ қоғамында қашаннан жантықтар болды, әлі де бар және бола береді де. Жоғары лауазым иелерінде: «халық маған қызмет жасайды» деген емес, «мен халыққа қызмет жасаймын» деген түсінік пайда болғанша жеке басқа табыну мен жағымпаздық пен жағыну жалғаса береді.
Хадис шәрифте: «Басшыларыңа бағыныңдар!», - дейді. «Араларыңнан шыққан өз әмірлеріңе бойұсыныңдар», - деген бұйрық қасиетті Құран Кәрімнің де бірнеше жерінде кездеседі. Яғни басшыға бағынбаудың ақыры ел ішіндегі бүлікке алып келеді екен. Ендеше, билікке орынсыз талап қойып, басшыға дәлел-дәйексіз қара күйе жағып, халықты бүлікке шақырудың түбі – өзің отырған бұтақты балталаумен бірдей екенін түсінуіміз керек. Өйткені, сенің ұрпағыңның болашағы да сол елдің келешегімен байланысты. Иә, бізге Алла Тағала «Басшыға бағыныңдар» деді, бірақ, «жағыныңдар» деген жоқ. Жұртшылық жиылған жерлерде сөз тие қалса басшының еліне жасаған қызметін емес, оның «тектілігін» анау ата-бабасынан бермен таратып, жеке басының қасиеттерін жіпке тізіп, пайғамбарға айналдырып жіберетініміз бар. Өкінішке орай бұл сөздер басқа емес, көбіне ақсақалдыққа бет алған аға буынның аузынан шығып жатады. Тағы да сол жағыну мен табыну. Керісінше, ол кісілер басшылық қызметтің жауапкершілік жүгі ауыр болатынын, елдің ертеңі, халықтың тағдыр талайы сол тұлғаға байланысты екенін және дәрежесіне қарай басшылық қызметтің өзіне тән азабы болатынын түсіндірсе дейсің ғой. Олай дейтініміз, бүгінгі кейбір жастар лауазымдық қызметке жеке бас мүддесі үшін ғана қызығатынын, жұмсақ орынтақ пен қымбат қызметтік көлікке мініп ойқастап жүру үшін жанталасатынын қалай жасырайық! Ең бастысы, олар басшыға айтылатын орынсыз һәм шексіз мадақ-мақтауларды естіп өскен буынның өкілдері. Ендеше, жиын-тойларда мәртебелі мейман ретінде орынды төрден алып, айналасындағылардың мақтау-мадағынан басы айналып, алдындағы қоғадай жапырылған халықтың қошеметіне бөлену бақытын кім басқа тебеді?!. Еліне адал қызмет еткен, парасат-пайымы толық қандай да бір жоғары лауазым иесіне асыра мақтаудың, тіпті ол туралы артық сөз айтудың керегі жоқ. Ол оған мұқтаж да емес. «Халқым» деп қызмет еткен адамды халық өзі төбесіне көтереді. Қазақ халқының болашағына, елінің келешегіне, ұрпағының көрешегіне алтын бастарын айырбастаған кешегі арыстарын халық ұмытты ма?! Солақай саясат ұмыттырғысы келсе де, оларды елі есінен шығарған жоқ. Өйткені олардың жүрегі әлі де қазақ халқымен бірге соғып жатыр...
«Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сы­па­йы­лығы, тазалығы төмен болған. Бірақ, бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай аталарымыздың сол екі тәуір мінезін жоғалтпаған болсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінезі қайсысы десең, әуелі ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш – қонды болса, дау – жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой», «бас-басыңа би болсаң мұнар тауға симассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», - деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жеткіземін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырасады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Аты аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған, көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнекей, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық». Бұл да қазақтың қамын жеген Абайдың қайғысы.
Қуат АДИС.
13 ақпан 2018 ж. 228 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№77 (9456)

13 қазан 2018 ж.

№76 (9455)

09 қазан 2018 ж.

№75 (9454)

06 қазан 2018 ж.

Сұхбат

12 жасар композитор
28 қыркүйек 2018 ж. 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031