» » ЖЕРДІ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ

ЖЕРДІ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ

Биыл су тапшылығы егін шаруашылығымен айналысатын жергілікті шаруашылықтарға қолбайлау болғаны рас. Мәселен, ауданға 1 млрд 46 млн текше метр су келеді деп жоспарланған еді. Алайда оның тек 973 млн текше метрі ғана жеткізілген. Мәселенің алдын алуда мамандар күріш көлемін азайтуды жөн деп тауыпты. Сыр салысына арналған егіс алқаптарының 1800 гектарға қысқарғаны да сондықтан. Бірақ бұл әлгіндей ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер игерілмейді деген сөз емес. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдар орналастырылған. Бұл туралы аудан әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Күн тәртібіндегі 3 мәселе қаралған аппарат отырысында егін шаруашылығы бойынша келер жылдың да жоспары пысықталды. Яғни өңір басшысының “Алдағы жылы аяқсуға қатысты мәселе болмай ма?” деген сауалына жауапты мамандар нақты жауап айта алмады. Себебі қазірдің өзінде су тапшылығы әлі шешімін таппай отыр екен. Оның үстіне басқосуда келер жылы берілетін су көлемі азаймаса, көбеймейтіні айтылды. Демек, өңірде егінді әртараптандыру жұмыстарын әлі де жандандырған абзал.

Басқосуда бірінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қал­ниязов аграрлық өңірдегі егін жинау нау­қа­нының барысы жайында баяндады. Оның сөзін­ше, күзгі егін жинау жұмыстарына 1068 ауыл ша­руа­шылығы техникасы жұмылдырылған. Қазіргі таңда орналастырылған 690 гектар бидайдан 4 740 центнер астық жиналыпты. Орташа өнім 6,8 центнерді құрап отыр. Өткен жылы бидайдан мұнан төмен өнім алынған еді. Демек, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырсақ, қамбаға құйылған астықтың көлемінде өсім бар деген сөз.

Биыл 2 200 гектар мақсарыдан 18 531 центнер, 30 гектар арпадан 195 центнер өнім алыныпты. Ал 6 800 гектар ескі жоңышқадан 328 900 центер мал азығы жиналған. Мұнан бөлек 500 гектар картоптан 55 250 центнер, 1000 гектар көкөністен 170 200 центнер, 1200 гектар басқа да бақша дақылдарынан 256 200 центнер өнім жиналған.

Сырдың басты дақылына келер болсақ, 19 800 гектар күріштің қазіргі таңда 10 356 гектары орылып тұр. Бұл биылғы егілген күріш көлемінің 52,3 пайызын құрайды. Оның 8 187 гектары бастырылып, одан 435 244 центнер өнім алынды. Әзірге орташа өнім гектарына шаққанда 53,2 центнерді құрап отыр. Ал былтыр 21 600 гектар күріштен 1 481 634 центнер өнім жиналып, орташа өнім 68,6 центнерді құраған еді.

Қазіргі таңда Таң, Ақсу, Мақпалкөл, Жаңаталап ауылдық округтерінде күріш бастыру жұмыстары 50 пайызға орындалса, Аламесек, Мырзабай, М.Шәменов ауылдық округтерінде 20-30 па­йыз көлемінде жұмыстар жүргізілген. Аудан бас­шы­сының “Неге науқан жұмыстары баяу жүруде?” деген сауалына ауыл әкімдері себеп пе, сылтау ма, ол жағын білмедік, “Жердің ылғалдығы жергілікті шаруашылықтарға қолбайлау болып тұр” деп жауап қайырды.

“Егін жинау жұмыстары күнделікті бақылауға алынып, қадағалануда” деп қорытындылады М.Қал­­ниязов баяндамасын. Биыл суды аз қажет ететін дақылдарды тәжірибелік мақсатта жергілікті шаруашылықтардың бірқатары еккен болатын. Егер нәтижесін беріп жатса, келер жылы олардың алқабы да ұлғаятыны бұған дейін айтылған. Аппарат мәжілісінде Асылбек Өмірбекұлы ол өнімдердің шығымын сұрап, “Олардың келер жылы көлемінің ұлғая ма?” деп сауал тастады. Марат Мәнерұлы науқан қорытындысымен келер жылдың егіс орналастыру жоспары дайындалатынын жет­­кізіп, ауылдық округтердегі инженерлік тұр­ғы­да әзірленген суармалы жерде дақылдарды ке­зектестіру схе­ма­сына сәйкес келер жылы ор­на­ластырылатын да­қылдардың көлемі сол кезде анықталатынын атап өтті.

Алдағы қыс мал шаруашылығымен айна­лыса­тын кәсіпкерлер үшін және қорасында төрт түлігін түлеткен қарапайым халық үшін қалай болады, ол жағы беймәлім. Сондықтан өңір басшысы мал азығын межеден асыра жинадық деп қарап отыруға болмайтынын қаперге салды. Яғни артық өнімнің зияны жоқ. Барлығы сақтық үшін. Бұл тұрғыда Марат Мәнерұлы жұмыста қарқын барын жеткізіп, мал азығы қорын ұлғайтуда әлі де тиісті шаралар атқарыла беретінін тілге тиек етті. Мұнан бөлек Асылбек Шаменов сала басшысына науқан жұмыстарын 5 қазанға дейін қорытындылау қажеттігін ескертті.

Ауданның жер қоры 2 млн 293 226 гектарды құрайды. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдарына табысталған жер көлемі 353 808 гектарға жетіп отыр. Оның ішінде жайылымдық алқаптар 246, 040 гектарды құрайды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бабаназар Байболовтың баяндамасындағы негізгі мәселеге осы 246, 040 гектар жайылымдық жер арқау болған. Яғни бөлім басшысы берілген жерді шаруашылық құрылымдар дұрыс пайдаланбай отырғанын айтады. Ауданда жерді пайдаланушылардың саны 473 болса, оның 415-і шаруа қожалықтар, ал 58-і мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар екен.

Бабаназар Тұрақұлы қазіргі таңда ауылдық елді мекендерде жайылымдық жерлер мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғанын жасырмады. Сон­дықтан берілген жерді шаруашылықтар, мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мақсатты пайдалану қажеттігін қаперге салып отыр. Мәселені шешудің жолы қайсы, бұған қатысты жер қатынастары бөлімінің басшысы мен ауыл әкімдері бір шешімге келе алмады. Сондықтан Аққыр ауылының әкімі Жаңабек Матаев дәл осы мәселеге қатысты арнайы комиссия отырысын өткізу керек деген ұсынысын жеткізді.

Кешегі Мемлекет басшысының Жолдауында да бұл мәселе қамтылған болатын. Саяси құжаттағы Қасым-Жомарт Кемелұлының көтерген мәселесін негізге алған аудан басшысы мейлінше ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді мақсатсыз пайдалануға жол бермеу керектігін назарға салды. Сондықтан ауыл әкімдеріне жауапты мамандармен және шаруашылықтармен бірлесіп, бұл мәселені шешу қажеттігін ескертті.

Күн тәртібіндегі мәселелерді Жалағаш аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Әнуарбек Кеңесбайұлы қорытындылады. Жиын соңында мекеме басшысы аудан орталығын және ауылдық елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар төңірегінде баяндады. Тұрғындардан электр энергиясынан шыққан кейбір ақауларға байланысты халықтан шағым түскенін тілге тиек еткен өңір басшысы алдағы уақытта мұндай олқылыққа жол бермеуді тапсырды. Сондай-ақ Асылбек Өмірбекұлы тіпті жөндеу жұмыстары жүретін кезде алдын ала халықты хабардар етудің де маңызды екенін қаперге салды.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

27 қыркүйек 2021 ж. 782 0