» » Жарайсың, Гена!

Жарайсың, Гена!

Боксшыларымыз шаршы алаңға шыққанда “ел намысын түсірмес” деп тақым қысып отыратын жайымыз бар. Әсіресе Геннадий Головкин жұдырықтасатын болса, телміріп теледидар алдында отырамыз. Ол қарсыласын соққылап жатқанда “ұр, аяма, осы жерде естен тандыра соқ, құлаштап ұр” деп екі жұдырығымызды түйіп, құдды бізді естіп отырғандай дауыстап кеңес те беріп қоямыз. Жуырда жерлесіміз украиналық былғары қолғап шебері Сергей Деревьянченконы жеңіп, ІBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.
Геннадий Головкин – есімі жер жүзіне мәшһүр әлемдік деңгейдегі мықты спортшылардың бірі. Қазақтың сары баласы атанып кеткен кәсіпқой боксшы жайлы сөз қозғағанда оның мықтылығын әңгімеге арқау ететініміз жасырын емес. 1982 жылдың 8 сәуірінде Қарағанды қаласында өмірге келген боксшы талайды таңдай қақтырып жүр.
Сөздің ашығын айту керек, Сауль Альвареспен өткізген екінші жекпе-жектен кейін төрешілердің шешіміне алаңдап отыратын болдық. Альвареспен өткізген екінші кездесуді тең дәрежеде өткен жекпе-жек дер едім. Өйткені Қазақ елі үшін Гена жеңілмеген жеңімпаз болып қала береді.
Бұл жолғы бокс та аяғына дейін созылды. Екі спортшы да барын салып бақты. Он екі раундқа созылған бәсекеде кімнің жеңетіні бәріне қы­зық болды. Негізі бокс әлемінде өзіндік орны бар оғланымыз рингке шыққан қарсыластарының басым бөлігін нокаутпен жеңіп, қолдау білдіріп отырған көрермендеріне қуаныш сыйлайды. Кейде жеңілістің дәмін татқан қарсыластары не болғанын да түсінбей қалады. Бұл жолы да солай бола ма деп ойлағанбыз. Сергей біз ойлағандай осал боксшы болмай шықты. Сонда да Гена, алғашқы раундта-ақ қапысын тауып, қарсыласын нокдаунға жіберді. Тіпті екінші раундта украиналық боксшының қабағы жарылып, жарақаты тереңдей түскенде жекпе-жек тоқтатылатындай көрінген. Дегенмен Деревянченконың командасы жақсы жұмыс жасап, қабақтан аққан қанды тоқтата білді. Сергейдің өзі де ес жиып, келесі раундтарда біздің оғланға лайықты қарсылас екенін көрсетті. Күллі әлем жұртшылығы тамашалаған бокс кешінің қорытындысы бойынша Головкин жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша біздің батыр өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы орайда Головкинді жеңіске жетелейтін жеті қасиетінің бар екенін айтып өткіміз келеді. Оны жеңіске бастайтын бірінші қасиеті сабырлылығында жатыр. Байқасаңыздар рингте кіммен кездессе де артық әрекетке бармай, үнемі ұстамдылық танытады. Екінші, Гена батырымыз соққыға төзімді. Шаршы алаңда қанша соққы тисе де, тепе-теңдігін сақтай біледі. Тиген соққыларды қабылдап, сол мезетте бойдан өткізіп жіберетіндей әсер қалдырады. Кейде өзін әдейі ұрғыза ма деп қаласың. Үшінші, қарсыластың ойын тез аңғарады. Сол себепті, бағыттаған соққысы да нық, қимылы да шалт болады. Төртіншіден, Геннадий жаттықтырушыны тыңдай біледі. Жеңіске жету үшін бұл да үлкен рөл атқарады. Бесіншіден, ол екі қолымен бірдей ұрып, бірдей ауыр соққы жұмсай біледі. Қарсыласы оң қолынан сескеніп тұрса, сол қолымен нокаутқа жібереді. Сол қолынан секем алып қорғаншақтап жүргенде, оң қолымен ұрып есінен тандырады. Алтыншы ерекшелігі ретінде қарсыласын бағалай білетіндігін қосуға болады. Мейлі кіммен шықсын бәрібір Генада менсінбеушілік деген жоқ. Жетіншіден, Головкин көпшілікті өзіне тарта біледі. Міне, біз білетін Генаның жеті ерекшелігі осы. Кім біледі, бәлкім басқалар Генадай чемпионның бұдан да көп қасиеттерін білетін шығар, алайда оның осындай ерекшеліктерін сезетін басқа былғары қолғап шеберлері одан қорықпаса да сескенетіні анық.
09 қазан 2019 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9570)

30 қараша 2019 ж.

№93 (9569)

26 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 446

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 437

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031