» » КУБОК – СЫР ЕЛІНДЕ, ҚАЙСАР – ЕУРОПА БІРІНШІЛІГІНДЕ

КУБОК – СЫР ЕЛІНДЕ, ҚАЙСАР – ЕУРОПА БІРІНШІЛІГІНДЕ

«Баласы көкпар шапса, анасы үйінде отырып тақымын қысады» деген сөз кешегі қызылордалық клубтың жанкүйерлеріне қаратып айтылғандай көрінеді. Рас, бұл ойынды, жалпы ақтық мәреге дейінгі мүмкіндікті сырбойылықтар асыға күтті. Тіпті Қазақстан кубогының жартылай финалында Қостанайға барып сағы сынған Сыр клубын келесі айналымнан көре алмаймыз-ау деген күдік басым болды. Бұл ойында ә дегеннен «Тобылдың» шабуылды күшейтетіні белгілі болды. Алғашқы таймда алаң иелері есеп аша алмағанымен тек қорғанысқа басымдық берген «Қайсардың» қақпасынан ойынның 74-ші минутында саңылау тапты. Мұнан кейін Сыр клубынан ешқандай жауап болмады. Осылайша аяқдоп шеберлері арасындағы бұл бәсеке 1:0 есебімен «Тобылдың» басымдығымен бітті.
Қызылордадағы қарымта кездесудегі ойын­ның керісінше өрбитіні тағы да белгілі бол­ды. Әдеттегідей бұл жолы «Қайсар» ойын­шылары шабуылды үдете түсті. Осыған дейінгі премьер-лигада нәтижелі ойын өрнегін көр­сетіп жүрген армениялық легионер Тигран Барсегян ойынның 16-шы минутында есеп ашты. Ал 66-шы минутта К.Мбомба есепті еселегенде қызылордалықтардың ақтық мәреден үміті басым болды. 85 минутқа дейін ойын еш өзгеріссіз өтіп жатқан сырбойылықтар тіпті «Ақтық мәреде қай команда қарсылас болады?» деген сауалға жауап іздеді. Қостанайлық клуб бір гол салса болғаны, ұтылса да ақтық мәренің жолдамасын жұлып алатын еді. Соңғы 15 минуттағы қарқынды ойыннан олардың мақсаты да сол екенін түсіндік. Тіпті 88-минутта гол да соқты. Мұнан кейін әдеттегідей «Қайсар» тағы да шабуылды күшейтті. Ойынның 95 минутында қарсылас команда қақпасының маңында қостанайлық ойыншының қолына доп тиіп, судия 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны орындауда қателікке бой алдырмаған армениялық легионер Т.Барсегян екі жеп биге шықты. Бір жағынан өзі дубло жасаса, келесі кезекте командасына жолдама жұлып әперді.
Дәл осы күні жергілікті команданың қарсыласы анықталып жатты. Яғни шымкенттік «Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы тартыста жеңіске жеткен клуб «Қайсардың» қарсыласы атанбақ. Шымкентте кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған соң мұндағы ойын керісінше, драмаға толы болар деп ой түйдік. «Бәлен жерде алтын бар, барсақ бақыр да жоқ» дегендей, керісінше кездесуде ешқандай есеп ашылмады. Атырау сырт алаңда соққан бір голының арқасында келесі айналымға өтіп кетті. Енді ақтық мәреге келейік.
Жергілікті клубтың бұған дейінгі премьер-лигадағы сүреңсіз ойынына қарап әркім әрқалай ой түйді. Тіпті турнирлік кестенің соңында келе жатқан «Ақтөбеден» ұтылған Сыр клубы Еуропа біріншілігіне жолдама алған «Ордабасын» ұтып кетті. Бір сөзбен айтқанда, бірнеше кездесудің қорытындысы жұмбақ болды. Ал кешегі ақтық мәре ше? Бұған Сыр клубы үлкен дайындықпен барды. Өз ойларынша тіпті ойынның қоры­тын­дысында топшылап қойған. Бірақ өздері жос­парлағандай кубок Сырға оңай келген жоқ. Алғашқы таймда қос команданың да жеңіске деген құлшынысы жоғары болды. Бар болғаны 45 минутта 10 бұрыштама добын көтеру “Манчестер сити”, “Бавария”, “Наполи”, “Ювентус”, “Барселона” сияқты әйгілі командалардың кездесуінде де сирек орын алатын жағдай. Қос команда жанкүйерлерінің кезек-кезек әттеген-ай деп отырғаны анық байқалады. Себебі бұл ойында доп ортада болған жоқ. Бірде «Қайсар» қақпасының маңында болған доп енді бірде «Атырау» қақпасының жанынан табылып жатты. Бір сөзбен айтқанда, қарымта шабуылдар басым болды.
Алғашқы тайм тәмам, есеп әлі ашылмаса да жанкүйерлер бұл кездесуді тамашалаудан жалықпапты. Келесі тайм да ортасына жетем дегенше есеп еш өзгеріссіз қалды. 67-минутта атыраулықтар қызылордалық клуб қақпасының кілтін тауып, жеңісті сәл жақындатты. Оның үстіне арада 3 минут уақыт өткенде «Қайсардың» капитаны Асхат Тағыберген қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Өзі ұтылып жатқан команданың 11 адамға 10 адаммен қарсы тұруы қиын ғой. Оның үстіне бұл бір жазық дала емес, өзіндік ережелері бар ойын. Тағы да есеп 85 минутқа дейін еш өзгерген жоқ. Әдетте толық құраммен «Тобыл» «Қайсарға» не істеді, дәл соны мұнда Сыр клубы “Атырауға” қайталады. Бірақ ешқандай айып добы жоқ.
Тоқсан минут таразы басын тең ұстаған қос команданың ойыны қосымша тайммен өрбіді. Кездесудің 93-ші минутында «Атыраудың» бір ойыншысы екінші сары қағазын алып алаңнан қуылды. Осылайша тек есеп қана емес, алаңдағы ойыншылар саны да тенесті. Өзі бар болғаны 30 минут, есепте еш өзгеріс болмағасын тағы да төреші қосымша 3 минут уақыт берген. Бір қызығы 33 минутта Думан Нәрзілдаев әріптесі Т.Барсегяннан алған добын «Атырау» қақпасында тулатты. «Байқоңыр» футбол клубы түлегінің алыстан соққы жасауды еркін меңгеріп алғанын бұған дейін де айтқан едік. Әдеттегідей соңғы соққы алыстан бағытталып, қызылордалықтарға жеңіс алып келді.
Бұл – көрермен үшін бір ғана ойын. Бірақ осыған дейінгі бейнеттің артында үлкен ебек жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. Бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қызылордалықтарды жеңісімен құттықтау барысында айтқан бірауыз сөзінде үлкен мән бар. Расында бұл – бір ғана клубтың ғана емес, барша қызылордалықтардың жеңісі. Тіпті бір жылдары премьер-лиганың кестесінен өз орнын таппаған команданың осындай жетістікке дейін жететініне көбісі сенген жоқ. Бірақ сырбойылықтар түптің-түбінде болашағы бар клубтан үлкен үміт күтті. Команда да сол сенімді ақтады. Айтпақшы «Қайсар» үшін енді турнирлік кестедегі сатылық орынның еш маңызы жоқ. Себебі осы бір ғана ойынның қорытындысымен қызылордалық команда келер жылы басталатын Еуропа біріншілігіне жолдаманы жеңіп алды. Жеңіс құтты болсын, барша Сыр елі!

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

08 қазан 2019 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№83 (9559)

22 қазан 2019 ж.

№82 (9558)

19 қазан 2019 ж.

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031