» » “ҚАЙСАР” “ТҰРАНМЕН” ТЕҢ ТАРҚАСТЫ

“ҚАЙСАР” “ТҰРАНМЕН” ТЕҢ ТАРҚАСТЫ

Жексенбіде жергілікті “Қайсар” командасы сырт алаңда “Тұранмен” кездесті. Түркістаннан бір ұпай олжалаған Сыр клубы осы аптада өз алаңында “Каспий Ақтауды” қабылдайтын болды. Ал кешегі ойын барысы қалай жүрді? Осы сауалдың түйінін тарқатсақ…
Алаң қожайындарына қарсы ойында Сұлтан Әбілдаевтың шәкірттері керемет ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе алыстан қарсыласының қақпасына айып добын бағыттаған команда капитаны Мақсат Байжановтың соққысы “Тұран” ойыншыларын бір сабасына түсірді. Мұнан кейін де допқа иелік етуде басымдық қасқырларда болды. Десе де біздің жергілікті команданың бір қателікке бой алдырғаны алаңда айқын көрінді. Яғни пас беру кезінде немесе доппен келе жатып шабуылда жүрген жалғыз ойыншыға қарсыласының пас асыруына мүмкіндік беріп қою кешегі ойында бірнеше рет қайталанды. Абырой болғанда түркістандық аяқдоп шеберлері мұның ешқайсын да өз пайдасына шеше алмады.
45 минут суға малынған қос команда ойыншылары алғашқы таимда есеп аша алмады. Ә дегеннен шабуылға көшкен “Тұран” ойыншылары қорғанысты да назардан тыс қалдырмады. Осылайша ойын сүреңсіз жалғаса берді. Бұл тұста қос команда ойыншыларына әсте айып тағудан аулақпыз. Себебі аяқдоп шеберлері шама-шарқынша бір-бірінен айласын асырудың амалын іздеп бақты. Ал ойынның жанкүйерлерді тарта алмауына ойыншылар емес, алаңның сапасы басты себеп болды.
Осыған дейін елордалық “Астана” мен “Тұран” командасы осы турдың бірінші ойынын “Түркістан Аренада” өткізген болатын. Жалпы құны 39 млн АҚШ долларын құрайтын алаңның құрылыс сапасының сыр бергенін сол кезде аңғарғанбыз. Ойыншылар алаңда емес, тура бір су айдынында жүргендей болып еді сол кезде. Бұған қатысты прокуратура тексеріс жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен. Мердігер мекеме өкілі сол тұста бір күнде жауған жаңбыр бір айлық мөлшерде түскенін айтып, ақталып баққан болатын. Кешегі жексенбіде де бір айлық жаңбыр бір күнде жауған болуы керек. Дәл сол кездегі жағдайға тағы да куә болдық. Бұған дейін жалпы құны 16 млрд 671 млн теңгеден астам қаражатқа құрылысы жүрген орталық стадион UEFA-ның халықаралық талаптарына сай деп танылған болатын. UEFA-ның халықаралық талаптары былай тұрсын, кешегі 90 минутта өзіміздің премьер-лигамызға әрең жарады.
90 минут бір-бірінен айласын асыра алмаған қос команданың тығыны ойын соңында ашылды. Кездесудің тоқсаныншы минутында алаң қожайындары есеп ашып, “Қыранның” бұрынғы ойыншысы Темірлан Әміров әріптесі асырған допты “Қайсар” қақпасында тулатты.
Кездесу соңына таяп қалғасын “Тұран” ойыншылары толық 3 ұпай еншімізде деп түйсе керек. Төреші белгілеген қосымша уақытта түркістандық клуб қорғанысы жергілікті стадионның сапасындай сыр бере бастады. Ойын соңына дейін жергілікті команда қасқырлар жіберген қателікті өз пайдасына шеше алмаған еді. Ал “Қайсар” алаң қожайындарының бір ғана қателігін өз мүмкіндігіне пайдалана алды. Осылайша ойынның 93 минутында жартылай қорғаушы Арман Кеңесов гол соғып, Сыр клубына бір ұпайды сыйға тартты.
Турнирлік кестеде әзірге 11 орыннан бой көрсеткен жергілікті клубтың осы аптадағы кездесуде толық 3 ұпай алуына мүмкіндік бар. Бірақ алдыңғы жылдары кестеде топ басынан табылып жүрген “Жетісуды” өткен ойында 2:0 есебімен жеңген “Каспий Ақтау” да оңай қарсылас емес. Десе де Сұлтан Әбілдаевтың шәкірттері уақыт өте кестедегі Сыр клубының орнын жоғарылатады деген сенімдеміз.

К.ҚАЙРАҚБАЕВ
06 сәуір 2021 ж. 721 0