» » Ауыр атлетика федерациясы Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанлоға су жаңа көлік мінгізетін болды

Ауыр атлетика федерациясы Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанлоға су жаңа көлік мінгізетін болды

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанлоға жаңа көлік берілетінін хабарлады.

"Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Токио Олимпиадасының қола жүлдегерлері Игорь Сон мен Зульфия Чиншанлоға жаңа Toyota Camry автокөліктерін табыстайды, ал спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен ұлттық құраманың бас бапкері ақшалай сыйақы алады. Қазақстан Республика ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков жақын арада Нұр-Сұлтанда спортшыларға автокөліктің кілтін тапсырады", - делінген ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында.

Айта кетейік, қазір Қазақстан құрамасының қоржынында Олимпиада ойындарының үш қола медалі бар. Оны дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон жеңіп алды. Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон Токиодан 28 шілде күні елге оралды. Спортшыларды Алматы әуежайынан жанкүйерлері мен журналистер күтіп алды.

Зүлфия Чиншанло Олимпиадада өзіне қолдау көрсеткен достары мен қазақстандықтарға алғыс айтты. Ол біраз уақыт демалып, кейін келесі шыңдарды бағындыруға дайындалатынын атап өтті. Игорь Сон болса медаль үшін жанталасқанын, алайда үшінші орын алған кезде сенер-сенбесін білмегенін айтады. Ауыр атлет қарсыластарының өте мықты болғанын, бірінші орынға бес адамның таласқанын айта кетті.
30 шілде 2021 ж. 198 0