» » КІЛ МЫҚТЫЛАР оза шапқан КӨКПАР

КІЛ МЫҚТЫЛАР оза шапқан КӨКПАР

Таң атысымен Аққұмдағы атшабарға жиналған халықтың қарасы қалың. Көліктен түскен бойда көпшіліктің ішіне біз де еніп кеттік. Жанкүйерлер ұлттық спортты тамашалайтын арнайы бұрышта ине шаншар жер жоқ. Үш жылдай әлемді әбігерге салған аты жаман індеттің салдарынан жұрттың ат спортына деген ынтасының ауа бастағанын айқын аңғаруға болады. Әлі бұл шараның ашылу салтанатына біршама уақыт бар. Оған дейін көкпарды кім беріп жатыр, мұны өткізудегі мақсат не? Осы және басқа да сауалымызға жауап алу үшін төңіректен ұйымдастырушыларды іздей бастадық.
Анадай жерде 5-6 адамның неге екені беймәлім, бір шешімге келе алмай жат­қа­нын көзіміз шалды. Көбісінің үстіндегі киімі ұлт­тық спортпен айналысатын азамат­тар­дың формасы. Соған қарағанда жан-жақтан келген шабандоздар болуы керек. Бақсақ, олардың төреші тартқан жеребеге кішігірім қарсылығы бар екен. Бір шешімге келген бо­луы керек, арада он минуттай уақыт өт­кенде жүзіне күлкі үйірілген команда капи­тандары белдеуге байланған аттарына бет түзеді.
Не керек, шараның ашылу салтанатына да кезек келді. Аудан орталығынан арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет бүгінгі шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып, жан-жақтан келген қаты­сушы командаларға сәттілік тіледі.
– Бүгін баршамыз маңызды шараның куәсі болып отырмыз. Облыстық деңгейде ұйымдастырылып отырған бұл шараны ау­дан­ның абыройы десек те артық болмас. Кейбір адамдар артына болар-болмас із қалдырады. Ал санаулылары жарқыраған нұр қалдырады. Сол нұрдың шуағына өзгелерді шомылдырып, ғибратты ғұмыр кешеді. Мұндай жандар өмірден өтсе де халқының жадында ұзақ уақыт сақ­талады. Аққұм ауылының тумасы, ат спортының майталманы, ауданның көк­пар құрамасында жүріп облыстық, респуб­ли­ка­лық деңгейде ұйымдастырылған ұлттық спортқа қатысып, облыс намысын қорғаған Сыр жұртшылығына белгілі көкпаршы Мұ­рат Әшірбекұлын еске алуға арналған об­лыс­тық аламанда бас қосып отырмыз. Ертеде бабаларымыз астындағы атының бабы келісті болуы үшін спорттың бұл түрі­мен көптеп шұғылданған. Бұл қазақтың қа­ны­на сіңген өнер десек те болады. Ата-бабамыз ұлттық спортты жанына серік етіп, ас-құдайыларда, тойларда мұны наси­хат­тап отырған. Міне, бүгінгі шараны соның жал­ғасы, дәстүр сабақтастығы деп айтуға болады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Жасұлан Ерданұлы.
Расында қазақты жылқымен жаны егіз деп жатамыз. Соңғы жылдары ат спортының кенжелеп қалғаны жиі айтылатын. Ал кейінгі уақытта спорттың бұл түріне жастардың қызығушылығы артып, түрлі сайыстардың көптеп ұйымдастырылуы қуантып отыр. Мәселен, кешегі шарада жүріп көпшіліктің әңгімесінен облыстың үш бірдей ауданында үлкен аламан ұйымдастырылып жатқанын құлағымыз шалып қалды. Міне, мұның өзі Сыр өңірінде спорттың бұл түріне де­ген елдің қызығушылығы артқанын, әлі де баба жолын жалғар ұрпақтар легі қалып­тасқанын айқын аңғарамыз.
Ат спорты ұлықталған шарада ауыл ар­дагерлері мен спорттың бұл тү­рін на­си­­­хаттауда аз ғана ғұмырында өзін­дік қол­­таңбасын қалдырған Мұрат Әшір­бек­ұлы­­ның ағайын-туыстары сөз сөйлеп, қа­ты­су­шыларға сәттілік тіледі. Тіпті көрші ауыл­дан келген ақсақалдарға арнайы ша­пан жабылып, құрмет көрсетілді.

Нағыз бәйге енді басталды. Төреші тарт­қан жеребенің шарты бойынша бірінші болып, атшабарға Сырдария ауданы мен сол ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауы­лы­ның шабандоздары бет түзеді. Бас тө­реші қапталдағы әріптестеріне негізгі атқа­рар міндеттерін тапсырып, қос команда ойын­шыларын сәлемдестірді. Мұнан кейін әдеттегідей ортаға серке тасталды. Қос қа­зан­дықты кезек-кезек нысанаға алған ша­бан­доздар мұнан кейін көкпардың көркін қыздырды.
Тұтас бір ауданның атынан шыққаннан кейін бұл командаға бірнеше ауылдың азаматтары іріктеледі. Сондықтан Нағи ауы­­лының намысын қорғауға келген ауыл шабандоздарының бұл жолы тауы ша­ғы­лады деп топшыладық. Байқасақ, баққа­нымыз бақа болып шықты дегендей, ауыл азаматтары қалың жанкүйер түйген ойды теріске шығарды. Ә дегеннен ортада жатқан серкені жауырыны тоқпақтай, жуан білекті ауыл шабандозы жұлып әкетті. Нөпірлеген қарсыластары оның алдын бөгеп әлекке түссе, енді бірі тақымына басқан серкені тартып алуға күш салып жатыр. Әлгі ша­бан­доздың әріптестері де қарап қалып жатқан жоқ. Реті келсе жолын ашып, серкеге қол созған сырдариялық қарсыластарының жо­лын бөгеп жүр.
Мұнан кейін серке екінші қолға өткен жоқ. Ортаны қақ жарған астындағы тұлпарымен ауыл шабандозы күншығыс бетке шаба жө­не­ліп, қолындағы серкені қазандыққа топ еткізді.
Есептің ашылғаны жаңа ғана, оның үстіне бірінші кезеңнің бітуіне әлі біршама уақыт бар, ол бітсе, алда әлі 20 минуттық сайыс тағы күтіп тұр. Сондықтан “Бұл – бәйгенің басы, Сырдария жігіттері қазір бұлардың бетін қайтарар” деп қалың жанкүйер әдепкі түйген ойынан әлі арыла алмай отыр. Бірақ ауыл жігіттері жарады, Мұнан кейін Нағилық шабандоздар қарсыласының қазандығына бес бірдей салым салды. Сырдарияның жігіттері не болғанын өздері де түсінбей жүр. Бір кезде үзілісті пайдаланған команда капитаны жігіттерді жинап, ойын барысында да жиналу қажеттігін қаперге салған болуы керек, әйтеуір қазандыққа бір салым түсті. Бірақ бұл шешімнің кеш қабылданғанына қалың жұрт куә, себебі бұл ойынның соңғы уақыттары болатын. Осылайша ауыл ша­бандоздары Аққұмдағы көкпардың бірін­ші айналымында-ақ мықтылығын дәлелдеп, ақтық мәрені атшабар сыртында тосты.
Ауыл шабандоздарының дайын асқа кеш барғанына таң қалдым, бір жағынан ұлттық спортқа деген, ауыл намысын қор­ғап, бәйгенің басынан табылуға қатыс­ты шешіміне риза болдық. Неге десеңіз, өз­дері босатқан атшабарға тұтас ауданның намысын қорғауға аттанған Жалағаш пен облыс орталығынан арнайы келген Қызыл­орда шабандоздары өзара мықтыны анық­тайтын еді. Кім жеңеді, сол ақтық мәреде Нағи Ілиясов командасының қарсыласы болғалы тұр. Ал олар алғашқы кезеңде қарсыластарының айла-тәсілін зерт­теп алу үшін атшабар сыртында ойын­ды бақылап тұр. Міне, тұтас бір ауылдың намысын қорғауға келгенін шын сезінгенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Қанша дегенмен жерлестеріңе бір бүй­регің бұрып тұрады ғой. Келесі ойында бірінші болып қазандыққа жалағаштық ша­бандоздар салым салғанына баршамыз қуан­ғанымыз да сондықтан. Ауылдастың аты озса деген дәме бар іште. Бірақ қызыл­ордалық шабандоздар ортада жат­қан сер­кені бірінші болып іліп әкетуде, тақымдағы олжаны қарсыласының қолына өткізбеуде, қою шаңның ішінде астындағы арғымағын еркін меңгеруде нағыз мықтының өзі екен. Әзірге аудан жігіттері алда тұр, бірақ бір ғана ұпаймен. Әлі де көңіл күпті, сондықтан біздің жігіттерге жиналу керек. Бір уақытта қызылордалықтар есепті теңестіргені сол еді, атшабарда әрі қарай да еркін көсіліп, айқын басымдықпен салымды кезек-кезек сала берді. Алда әлі 20 минут уақыт бар. Таразы басын теңестіруге мүмкіндік те жоқ емес. Мұны түсінсе керек, жалағаштық шабандоздар да келесі кезеңде салымды жиілетті. Бірақ “әттеген-ай” дейсің ғой, бір ғана ұпаймен облыс орталығынан келген шабандоздар алға шықты. Осылайша ақтық мәреде олардың басы Нағи аулының шабандоздарымен түйісті.
Командалар арасындағы ақтық мәренің жүлдесін алу аймақтың бас қаласынан келген жігіттер үүшін қиынға соқпады. 40 минутта қос команда 7:1 есебімен тарқасты. Ал үшінші орынды сарапқа салуда Жала­ғаштықтар Сырдария жігіттерін қарсылас көрмеді. 8:1 есебімен жеңіске жеткен аудан шабандоздары осылайша үздік үштікті түйіндеді.
Бас бәйгені қанжығасына байлаған қы­зыл­ордалықтар 200 мың теңгеге ие болды. Ал бірінші орыннан бой көрсеткен Нағи ауылының шабандоздарына 150 мың теңге қаржылай сыйақы табыс етілді. Үздік үштікті түйіндеген Жалағаштың жігіттері де мұндай сыйақыдан құр қалмады. Олар 100 мың теңгені қанжығасына байласа, көрші ауданның азаматтарына 50 мың теңге табысталды.
Көкпардың басталғанына біршама уа­қыт болды. Бірақ әлі де сырттан жүк кө­лік­терімен бәйге аттары көптеп жеткізіліп жатыр. Сөйтсек, мұнан бөлек әлі көкпардың “Жаппай салым” деген түрі бар екен. Бұған автокөліктен бөлек біршама қаражат қаралыпты. Осы ретте ауылдың ауызбіршілігін айта кетудің артықшылығы жоқ шығар, шараның жоғары деңгейде өтуіне ауылдың еңбекке жарап қалған баласынан ақсақалдарына дейін ат салы­сқан. Қолда барын ұлттық спорттың қар­­қынды өтуіне арналған қоржынға салу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бірақ мұны тұтас бір ауылдың азаматтары, аққұмдықтар жасады һәм жарады. Міне, елдің қуанышын да, қиыншылығын да бірге көтеруді мақсат еткен ауылдың азаматтары осындай болса керек.
Жаппай салым да жоғары деңгейде өтті. Бәрінің мақсаты – бірінші салымды салып, автокөліктің кілтін қолына алу. Сондықтан бұл жерде әлгіндей бірі біріне болыспайды. Бәрі бірінші болып серкені тақымға басып, қазандыққа топ еткізуді қалайды. Ал мұны кіл мықтының ішінде бабы мен бағы қатар шапқан шабандоз ғана жүзеге асырары анық.
Бұқарбай батыр ауылында Нұрмағанбет деген белгілі атсейіс өткен өмірден. Ол кісінің ат баптаудың түрлі тәсілін меңгергені ауыл былай тұрсын, аудан халқының ау­зында жүр. Кейін сол кісінің баласы Қа­бы­­ланбек деген ағамыз ата жолын қуып, екінің біріне бұйыра бермейтін ат бап­тау өнерін насихаттап келеді. Қазір ол көке­міз де сексенге келіп қалды. Үйіндегі еңбекке жарап қалған немересіне әлгі өнерді аманаттап жатыр. Ойлап қоямыз, белгілі атсейісті өмірге әкелген өңірден бір шабандоздың шықпауы мүмкін емес деп. Расында солай, бұл ауылда да ұлттық спортты дамытушылардың легі қалыптасып келеді. Кешегі жаппай салымда да батыр атындағы ауыл шабандозының бәсі биік болды. Ауыл азаматы Нұрсұлтан Тауқаев атшабар ішінде серке, сыртында темір тұлпар тақымдады. Ал мұнан кейінгі са­лым­ды салғандар қыруар қаржыны өзара бөлісті. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы ұлттық спорт жоғары деңгейде өтті.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

12 қазан 2021 ж. 458 0