» » СПОРТШЫЛАР СЫННАН САБАҚ АЛҒАН СЕКІЛДІ

СПОРТШЫЛАР СЫННАН САБАҚ АЛҒАН СЕКІЛДІ

Сербия астанасы Белградта жалауын көтерген бокстан әлем чемпионаты да өз мәресіне жетті. Бұл Қазақстан құрамасы үшін сәтті өткен байрақты бәсекенің бірі болды. Ұлттық құрама жігіттері 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте Куба боксшыларынан кейінгі екінші орынға жайғасты. Ақтық мәреге жолдама алған төрт бірдей отандасымыздың екеуі қарсыласына есе жіберсе, екеуі Қазақстан қоржынына алтын салды.

Атап айтар болсақ, 48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов финалда таиландық Вуттичай Юрачайды 5:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Қарсыласын үшінші раундта нокдаунға жіберген тарланымыз салқынқандылығынан танбай, үш раундты да бір деммен өткізіп, өзінің әлемдегі мықтылығын дәлелдеді. Шаршы алаңдағы жекпе-жек толығымен қазақстандық спортшының басымдығымен өтті.

– Бұл жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын! Жанкүйерлерге қолдауы үшін алғысым шексіз. Финалдық кездесу болған соң, психологиялық тұрғыдан қиындау болды. Ал қарсыласым туралы айтар болсам, ол өте ыңғайсыз, жылдам қимылдайтын боксшы екен. Алайда бапкерлерімнің айтуымен жекпе-жек барысында оны жеңудің жолын таптым. Барша халқыма маған қолдау көрсеткені үшін бас иіп, рахметімді айтамын, – деді Теміртас ақтық мәреден кейінгі сұхбатында.

Бұл – Теміртас Жүсіповтың алғашқы чемпионаты және алғашқы жүлдесі. Сондықтан алдағы байрақты бәсекелерде де оның әлі талай топ жарарына сенім артуға әбден болады.

Әлем чемпионатының басталған күні "мұнда алтын үшін келдім, барымды саламын" деген боксшымыз Сәкен Бибосынов финалда амери­калық Роско Хиллмен жұдырық түйістірді. Екі спортшының арасындағы жек­пе-жек жанкүйерлер күткендей алыспай берілмейтін фи­налдық айқас болған жоқ. Америкалық боксшы басқа салған тағдырына мойынсұнғандай, жарытып қарсылық көрсеткен жоқ. Сәкеннің қарсыласынан техникалық және психологиялық жағынан әлдеқайда басым болғаны анық байқалды. Бапкерінің айтқанын бұлжытпай орындап, бұйыртқан несібесін аяңмен жүріп алған батырымыз 51 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Сәкен Бибосынов та жарыстан кейін жанкүйерлерге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.

– Токиода әнұранымызды шырқата алмадым. Бүгін Сербияда Қазақстанның әнұранын шырқату бақыты бұйырды. Бұл тек қана менің жеңісім емес, әке-шешемнің, бапкерлерімнің еңбектерінің жемісі деп білемін. Қазақ халқының қолдауын біз шаршы алаңда қашан да сезінеміз. Көп рахмет! Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда бұдан да биік белесті бағындыру үшін бар күшімізді саламыз, – дейді әлем чемпионы.

Жалпы Сәкеннің спорттағы жүріп өткен жолы­на қарап, спортшы мансабында жеке бап­кер ықпалының қаншалықты маңызды рөл атқара­тынын анық байқауға болады. Шаршы алаңға аман-сау алып шығып, шәкіртінің шыңды бағындыруына барлық жағдайды жасаған жаттықтырушының еңбегін қалайша мойындамасқа?!

– Олимпиададан кейін негізі қайтадан шыңға шығу өте қиын. Сол себепті екі апта демалдық. Содан кейін Сәкеннен сұрағанмын, керек емес шығар деп. Жоқ, аға, әлем чемпионатына қатысамын, есені қайтарамын. Алтын аламын деген. Енді сөзінде тұрды деуге болады. Барын салды, – деді ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов.

20 жастағы Махмұд Сабырхан финалда жапониялық Тамоя Цубойдан жеңіліп, 54 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленді. Жас боксшы финалға дейін қарсыластарын қиналмай жеңіп келген еді, қазақ жанкүйерлерінің көбі бұл боксшының алтын алатынына сенімді болған.

– Финалда не жетпей қалғанын білмеймін. Үшінші раундта көп ұрған сияқты едім. Қуып жүріп ұрдым. Маған бермеді. Мақсатым жеңіске жету еді. Жеңімпаз болмағаным үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Алда әлі талай әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары бар. Сол сындарда алтын аламын, – деп уәдесін берді ол.

57 келі салмақта жұдырықтасқан Серік Теміржанов финалда АҚШ спортшысы Джамал Харвимен ақтық мәренің алтынын сарапқа салды. Өкінішке орай финалдық кездесу Харвидің еншісіне шешіліп, Серік Теміржанов әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Жекпе-жекте Серіктің аяғын зорға сүйреп жүргенін көрдік. Финалға психологиялық тұрғыда дайын болмай шықты ма, әлде бізге беймәлім басқа да себептері болды ма екен, әйтеуір шаршы алаңда еркін ашыла алмай ілбіді де жүрді. Ал қарсыласы Джамал Харвей тың болды. Қалай ұрғысы келсе, солай ұрды. Сөйтіп, он сегіздегі оғлан өзінің болашағы зор екенін сенімді түрде көрсетті.

Әлем біріншілігіне құраманы бастап келген Қазақстан командасының капитаны Абылайхан Жүсіпов үшінші мәрте әлем біріншілігінің 67 келіде қола жүлдесіне қол жеткізіп отыр. “Жекпе-жек туралы нақты ештеңе айта ал­маймын” деген ол аға бапкерлердің айтқанын толық орындап, бар күшін сарп еткенін айтты. Ол жартылай фи­налда жапониялық Севонрет Окадзаваға есе жіберген еді.

Сонымен қоржынымызда екі алтын, екі күміс және бір қола. Бұл – әрине, құрама үшін жоғары нәтиже. Дегенмен, бөрікті аспанға атып, артық қуанудың да реті жоқ екенін айта кету керек. Бұл жолғы құрамалардың барлығы да жаңа тәжірибеге иек артты. Себебі кеше ғана Токиода өткен олимпиада ойындарында өнер көр­сеткен тарландардың көбі Белградта бел суытқанды құп көрген секілді. Қалай болған күнде де, жеңістің аты – жеңіс, оған қуанбау – босағадан енген ырысты басқа тепкенмен бірдей емес пе? Бірақ, тым қатты тойлатып, әлем­де бізге тең келер жоқ деп астамсып кетпесек болғаны.

Алғаш рет Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АИБА) әлем біріншілігіне қомақты жүлде тағайындады. Бұл чемпионатта топ жарған боксшы 100 мың дол­лар, күміс жүлде иегері 50 мың доллар, ал қоланы қа­­нағат тұтқандар 25 мың доллардан алды. Әлем чем­­пионатының жалпы жүлде қоры – 2,6 миллион дол­ларды құрады. Турнир қортындысы бойынша үздік бокс­шыға берілетін “Вэл Баркер” кубогы әлемнің үш дүркін чемпионы, Куба қабыланы Энди Круз Гоместің еншісінде кетті.

Осыған дейін Күншығыс елінде өткен олим­пиа­да ойындарынан кейін отандық былғары қол­ғап шеберлерінің өнеріне қатысты қалың жанкүйер реніш білдірген. Ал әлем бірінншілігінде ел құрамасы екінші орынға жайғасып, сол жолғы қателіктен сабақ алғанын дәлелдеді. Жеңісті күндер көп болсын, ағайын!

Жандос ЖАЗКЕН


09 қараша 2021 ж. 1 699 0