» » Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы балалармен кездеседі

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы балалармен кездеседі


1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының чемпионы баскетболшы Әлжан Жармұхамедов 11 қаңтар күні «Астана» баскетбол академиясының балаларына мастер-класс өткізеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

2017 жылы «Астана» баскетбол клубы жанынан ашылған академияда бүгінде 300-ден астам бала жаттығады.

Елордалық баскетбол клубының шақыруымен Әлжан Жармұхамедов академия тәрбиеленушілеріне мастер-класс өткізеді. Содан соң балалар Олимпиада чемпионымен бірге «Движение вверх» фильмін тамашалайды. Бұл фильм 1972 жылғы Олимпиада ойындарындағы баскетболдан КСРО құрамасының тарихи жеңісін баяндайды. Кинокартина жақында ғана ресейлік кинопрокатқа шықты.

Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол баскетболдан КСРО құрамасы сапында 1972 жылы Мюнхенде алтын, 1976 жылы Монреальда қола медаль иеленді. 1979 жылы «КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алды. 1978 жылы баскетболдан әлем чемпионатында күміс, ал 1970 жылы қола жүлдеге ие болды. 1970 жылы дүниежүзілік универсиада ойындарының жеңімпазы, Еуропаның үш дүркін чемпионы және 1970-1980 жылдары КСРО-ның 10 дүркін чемпионы атанды. Қазір чемпион Мәскеуде тұрады. Ұлы Владислав екеуі «Лаурус» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған баскетбол клубын ашқан.

1972 жылғы ақтық финалдағы соңғы үш секундты чемпион жиі еске алады.

«Матчтың аяқталуына үш секунд қалғанда біз америкалықтардан 49:50 есебімен жеңіле бастадық. Иван Едешко бүкіл алаңнан жүгіріп өтіп, допты Александр Беловқа лақтырды. Ал, Саша болса допты себетке салып үлгерді, сол-ақ екен бірден финалдық дабыл қағылды. АҚШ құрамасы матч нәтижесімен келіспей наразылық танытты. Біз келесі күні ғана КСРО құрамасы Олимпиада чемпионы атанғанын білдік. Бұл тарихтағы тұңғыш жеңіс болатын. Мен бұл матчта командаға 4 ұпай әкелдім», - деді ол.

Айта кетейік, сол кезде Кеңес Одағы құрамасының сапында қазақтан шыққан жалғыз спортшы Әлжан Жармұхамедов ойнаған.

Назерке Абибулла
09 қаңтар 2018 ж. 1 102 0

№91 (9670)

24 қараша 2020 ж.

№90 (9669)

21 қараша 2020 ж.

№89 (9668)

17 қараша 2020 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031