» » ҚАМШЫБЕК ӨТКІЗГЕН ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІ

ҚАМШЫБЕК ӨТКІЗГЕН ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІ

Әр олимпиада сайын қоржынға алтын салатын боксшылар спорттағы жетістіктерімен көпке үлгі болып-ақ тұр. Спорттың бұл түрімен айналысатындар шаршы алаңға шықса, ел болып қолдау білдіретініміз тағы бар. Жуырда Мәдениет ауылына бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен оның жаттықтырушысы Ғалым Байғұндиев бастаған былғары қолғап шеберлері келіп, спортпен айналысатын балалармен кездесті.
Мәдениетке Қамшыбек келеді дегенді естіп, таң алакеуімнен жолға шықтық. Бір қызығы, бұл ауылға жақындағанда мүлдем басқа ауа райын байқадық. Содан бір күн бұрын аздап жауын жауып, оның артынан ызғырық соғып, айналаның бәрі көк тайғақ болып жатқан. Ал, мұнда жаңбыр да жаумаған, мұз да қатпаған секілді. Шамасы, аздаған күн сәулесі қатқақ жерді ерітіп жіберген болуы керек. Осындай ойдың жетегімен діттеген жерімізге қалай жеткенімізді де байқамай қалдық.
Тіректі ауыл саналатын бұл елді мекендегі клуб та, балабақша да, спорт мектебі де жаңадан бой көтерген. Заманауи үлгіде салынған спорт мектебінің ғимараты алыс­тан мен мұндалап тұр. Бізді осы ауылдағы №14 спорт мектебінің директоры Берікқазы Әуесбаев күтіп алды.
Қамшыбекпен кездесуге ауыл балалары көптеп жиылыпты. Тіпті, ауыл ардагерлері де бар. Бүгінгі боксшыларымыздың көшін бастап жүрген оғланның шеберлік дәрісін көру кімді де болса қызықтырары анық.
Бокс залы қашаннан тасыр-тұсырдың ортасы ғой. Мұнда да сол көрініс орын алды. Балалардың бірнешеуі ұрмақапты соққылап жатса, енді бірқатары жұптасып жұмыс жасауда. Сәл әріректе ринг орналасқан. Әйтеуір, не керек, бокспен шұғылданамын деген адамға мұнда барлығы табылады. Қамшыбек ұрмақапты соққылап жатқан балаларға сүйсініп “ел абыройын асқақтататын, көк туымызды биікте желбірететін азамат болыңдар” деген лебіз білдірді. Олар да ағалары сияқты нағыз былғары қолғап шебері болғысы келетіндерін айтты. Бокстан ел құрамасының капитаны ұруға арналған қолғапты киіп, болашақ боксшыларға білгенін үйретті. Қамшыбектің шеберлік дәрісінен өткен балалар сұрақты да жаудырды. Сұрақ-жауап кезеңі “Спортқа қанша жаста келдіңіз?”, “Ең алғашқы жекпе-жегіңізді айтыңызшы”, “Алғашқы жеңіске қанша жаста қол жеткіздіңіз?” деген мәнде өрбіді. Спорт мектебінің шәкірттерімен әңгімелесіп отырған Қамшыбек пен оның бапкері Ғалым Байғұндиев талпынған адамның алар белесі биік болатынын айтты. Ауыл ақсақалы Ерділда Ахметұлы Қамшыбекке батасын беріп, “олимпиада чемпионы бол” деген тілегін жеткізді. Спорт мектебінің директоры Б.Әуесбаев мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған төс белгіні Қ.Қоңқабаевтың кеудесіне қадады. Сондай-ақ, демеушілердің атынан қонаққа келген боксшыларға сый-сияпат жасап, чемпион мен оның бапкеріне қазақы дәстүрмен шапан жапты.


Біз өз кезегінде спорт мектебінің тыныс-тіршілігімен де таныстық. Жалпы, бұл мектеп елге белгілі спортшы Садық Мұстафаевтың бастамасымен 2009 жылы ашылған екен. Бүгінде 9 ауылдың балаларын салауатты өмір салтына баулып отырған мектепте 522 оқушы қамтылған. Мұнда бокс, дзюдо, таэквондо, қарақ күресі, еркін күрес, волейбол, гандбол секілдің спорттың 7 түрін үйретеді.
– Спорт мектебімізден тәлім алып жатқан балалардың барлығы жақсы. Жеткен жетістіктері де баршылық. Басқасын айтпағанның өзінде, өткен жылы 2 спортшымыз әлемдік додада топ жарса, 1 спортшымыз Азия ойындарының жүлдегері атанды. Сондай-ақ, ел чемпионаттарында 7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль иеленді және 42 оқушымыз спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады, – деді спорт мектебінің директоры Б.Әуесбаев.
Спорт мектебінің жаңа ғимаратында барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, жылы әрі жарық. Біз залға кіргенде таэквондошылар жаттығып жатыр екен. Аяқтарын бойдан асыра сермеген балғын балалардың ширақтығы көрініп тұр. Екінші қабатта күрес үйірмелері орналастырылған. Мұндағы балалар да қызу жаттығу үстінде. Бір-бірімен әдіс алмасып, жерге атып ұрудың тәсілін үйренуде. Біз ішімізден “мақтанатын шәкірттер бар екен” деп топшыладық. Шындығында, Елдос Нұрмағанбет, Аян Асылбеков, Әнуар Тажмаханов, Ерасыл Қасымов, Олжас Болатбеков, Асқар Қуанышбаев, Жасұлан Нұрмағанбетов сынды жаттықтырушылардың шәкірттері республикалық және халықаралық жа­­рыстарда жүлделі орындарды ие­леніп жүр.
Жеңіс тұғырынан көрінген спортшылардың қатарында Руслан Теміржан, Арайлым Ханзада, Айым Тоғыман, Сымбат Мұхаммедқалиқызы, Балнұр Сәрсенбай, Айсана Айтқұл, Мұхаметжан Таңатар, Төлен Рүстем, Жеткерген Нұрасыл, Мерей Төлеген, Мадияр Айдосұлы сынды басқа да мықтылардың бар екенін айта кеткен жөн.
Бір күндік кездесудің өзі балаларға үлкен әсер берді деп айтуға болады. Біз Қамшыбек Қоңқабаевпен кездес­кен спортшылардың көздерінде от барын байқадық. Ең бастысы, олардың да чемпионға еліктеп, сол сияқты бол­ғысы келетіндерін аңғардық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

05 ақпан 2019 ж. 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9570)

30 қараша 2019 ж.

№93 (9569)

26 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 472

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031