» » Жалағаштың 10 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫНЫ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Жалағаштың 10 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫНЫ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Жалағаш жері ырыс артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған, дүбірлі додаларда топ жарған қаншама саңлақ спортшының құтты мекені. Спорт – саламатты өмір салтына бастайтын негізгі қадам. “Тәні саудың жаны сау” дейтін мамандар спорттың денсаулық кепілі екенін басты қағида етіп ұстайды.
Жалағашта бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Жыл басынан бері ауданда бір республикалық және осы көлемде облыстық жарыс ұйымдастырылған. Сондай-ақ 23 аудандық жарыс өткізілді. Спорттық іс-шараларға 1700-ден аса адам тартылған. Бүгінгі таңда ауданның 10 мыңнан астам тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысады. Бұл жалпы тұрғындардың 28 пайызын құрайды.
Өткен жылы 90 спорттық шара өткізіліп, 19 580 аудан тұрғыны тартылды. Жеткен жетістіктер де баршылық. Өткен жылы Есет батыр ауылындағы №124 орта мектеп оқушысы Мұрат Маратұлы найза лақтырудан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, Қытайда өткен халықаралық жарыста 5-орыннан көрінді. Мұнымен қатар, үлкен спортта биік белестерді бағын­дырып жүрген дзюдо күресінен Азия ойын­да­рының чемпионы, Бразилияда өткен әске­рилер арасында дзюдо күресінің қола медаль иегері Жақсыбек Жеңісбек, халық­аралық турнирлердің жеңімпазы, әлем біріншілігінің күміс, қола жүлдегері Арайлым Ханзада, Азия чемпионатының және халықаралық турнирдің күміс жүл­дегері, республика чемпионы Арайлым Оразбай сынды жас спортшылардың есім­дерін ерекше айтуға болады.
Өткен жылдың қорытындысымен аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 12 алтын, 12 күміс, 18 қола медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 3 күміс, 4 қола медаль иеленді. Сонымен қатар 3 спортшы – «ҚР спорт шебері», 166 спортшы – «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындаса, ауданның 14 спортшысы ҚР Ұлттық құрама сапына енді.
– Жалағаштық спортшылар биыл да жеңісті жолын жалғастырып келеді. Аудан абыройын асқақтатқандардың қатарында ауыр атлетикадан АҚШ-та өткен әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, зілтемірді бұйым көрмеген Есенкелді Сәпи мен байрақты бәсекелерде жеңіс тұғы­рынан көрініп жүрген Арайлым Оразбай, Тынарбай Тілеген, гір тасын көтеруден мықтылардың санатына қосылған Ерасыл Бақтиярұлы, республикалық және халықаралық жа­рыстардың жеңімпазы Сымбат Мұ­хан­­­бетқали және Ақерке Оразбек сын­ды болашағынан зор үміт күттіретін жас­­тар бар. Бұл қатарды Руслан Теміржан, Айым Тоғыман, Аружан Думан, Балнұр Сәрсенбай, Айсана Айтқұл, Мұхаметжан Таңатар, Төлен Рүстем, Жет­керген Нұрасыл, Мерей Төлеген, Мадияр Айдосұлы секілді мықтылармен толықтырып өткен жөн.
Жастар арасында жүргенде бейбіт өмірде шетелде екі-ақ мақсатпен көк туы­мыз көтеріліп, әнұранымыз шырқа­латынын айтып отырамыз. Оның бірі Мемлекет басшысының сапарына қа­тыс­ты екені белгілі. Екіншісі, ел намысын қорғайтын спортшылар топ жарып, жеңімпаз атанғанда да осындай құрмет көрсетіледі. Біздің спортшы­лар да жеңістің ең биік тұғырынан кө­рініп, мәртебемізді асқақтатып, көк туы­­­мыз­ды көкке көтергізіп, әнұранымызды шыр­­­­қатсын деген тілекпен сөзімізді аяқ­­­тай­­мыз. Лайым, жеңісті күндер көп бол­ғай.
Ә.Жұмаділдаұлы.
27 сәуір 2019 ж. 139 0