» » Серке жетектеген келіншек пен қыз

Серке жетектеген келіншек пен қыз

... Онда  біздің  үй – «Ақсайда».   1965 жылдың шілдесі... Ауыл мектебінің  барлық  баласы күріштің  отағында жүргенбіз. Түстен кейін бір мезет Қызылорда облыстық газетіне  көз жүгіртіп отырып,  ең   соңғы бетіндегі жарнама-хабарландыруға көзім  түсіп  кетті... «М.Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесі  оқуға  шақырады» деген  хабарландыруды  басынан аяғына дейін оқып шықтым. Бірінші рет  8-класты бітірген  қыздарға арналған оқу барын біліп,  қайталап  тағы оқыдым. Кешке шай үстінде әкем  мен  шешем,  үлкен ағам (марқұм Смайылов Әбдімәлік қажы – ол кісі сол кезде ауылдық кеңес хатшысы),  жеңгем – бәрінің көзінше: «мен Қызылордаға педучилищеге оқуға барам!» – деп,  айтып салдым. Әкем  мен  ағам  маған  жалт-жалт  қарады да,  іле анам: «Қайдағы оқу, оқуың  мектепте емес  пе?» – деді.
      Әкем  марқұм үйде ақша жоқ  екенін айтып  еді,  ал  мұғалімдік екі жылдық институт бітірген тәтем: «Несі бар, оқимын десе – талабын сынап көрсін?!  Әке, Алтыншаны  оқуға  жіберейік!» – деді. Шай жиналып болған кезде әкем: «Ертеңгісін  ана үлкен ақ ешкінің  серкесін ұстап қалам.  Соны базарға апарып сатып – ақша қылыңдар?!» – дегені күні бүгінге дейін  көз  алдымда,  құлағымда жаңғырып тұрады да қояды,  жарықтық  әкешім!
      Ертеңіне  жеңгем  Әмина екеуміз ақ серкені жетелеп,  жаяу  аудан орталығы «Жалағашқа»  шықтық.  Күн  ыстық. Әмина серкені жетелеп келеді, мен соңынан қақпалап келем. Алғашқы кезде жан-жағына ала қашып, «бырқ-бырқ» бақылдаған серке  енді амалсыз  көніп келеді.  Жол  дейтін жол жоқ.  Арба,  бірен-саран машина  жүрген жол борпылдақ ақ топырақ болып кеткен. Одан қайта жүруге – жыңғыл-шеңгелдің арасы  дұрыс.
.... Бір  уақытта осы күнгі   «Мәдениет» –  «Таң»  кеңшарлары жақтан,  алыстан машинаның  шаңы  көрінді. Жеңгем  маған  қарады, мен Әминаға қараймын. Сөйтсек,  екеумізде  де сол  мезетте «белгісіз  бір қорқыныш»  қатар пайда болған ғой...!
     Жалма-жан  жолдан  былай  жырақ  бұрылып,  серкемізді  сүйрете,   жол езуінен  алысырақ   жыңғыл  тасасына барып  тығылдық. Бір салдырлаған жүк машина әбден  тұсымыздан өтіп,  ұзап кеткенше – сол жерде тапжылмай  отырдық.   Кейін ауылға келгесін осы оқиғаның  шет-жағасын айтсақ,  кейбіреулердің айтатыны ғой: «Құдай-ау,  қайта қол көтеріп-тоқтатып,  «Жалағашқа»  дейін  бортына мініп,  барып қалмайсыңдар ма?»  Оған біздің жауабымыз: «Қой,  құрысын! Танымайтын-білмейтін,  орыс-орман – біреулер болып, бір жаққа  алып кетіп  жүрер?!»
     ...Өзіңіз де көріп  отырсыз ғой..,  сол замандағы  қазақи-ауылдық  түсінікпен –  қорқып жүрген түріміз!
   «Жалағашқа»  сәске-түсте  келсек,  базар  тарап кетіпті.  Жан-жағымызға  қарап қойып,  екі-үш сағат  отырдық. Тіпті  маңайымызға  ешкім  келмейді...    Бір  уақытта  бір  ер  кісі  келіп,  отырысымыздың  жөнін  сұрады.  Біз   қажетімізге  сәйкес  серкемізді  сатуға  келгенімізді  айттық.  Қарт  бір «мырс етті»  де,  қолын қалтасына салып,  бізге он сом ақша беріп,  «осыған  риза болыңдар?!» – деді.  Сөйтіп,  серкені  алып  кете барды. 
2  -

Біздің  қуанышымызда  шек  жоқ!  Көктен  тілегеніміз – жерден  табылғандай! ... Не істерімізді  білмей  отырғанбыз.  «Жалағашта»,  серкеміз  өтпесе – үйіне  барып  қонатын не таныс,  ағайын-туысымыз да жоқ. Осылай  кешке  дейін отыра  берсек,  серкені қайта сүйреп,  түнделетіп  «Ақсайға»  бару – нағыз  азап  болған  болар  еді?!..
       Дереу жеңгем – екеуміз  сол жерге  жақындау  бір  өндіріс  тауарлары  дүкенінен,  манағы  серкені сатқаннан  түскен  он  сомға,  маған  бір  әдемі,  жеңіл  көйлек,  сосын  ертең  қалаға  оқуға  барғанымда – зат, оқу құралдарымды  салып алатын,  сол заманда «валетка»  деп аталатын,  шағын  қолсандық  сатып  алдық. Сөйтіп, сол ізімізбен  ауылға  қайттық. 
      Дәм  бұйырып,  мен  педучилищеге  оқуға  түстім.  Биыл,  міне,  сол  оқу  орынын  бітіргенімізге  50 жыл  болды.  Тамыз айының  аяғында қасиетті Қарашаңырақ – оқу  орынында  өтетін  жартығасырлық кездесуімізді  сағынышпен,  асыға  күтіп  жүрген  жайымыз  бар.
      «Сабақты  ине – сәтімен!» – дейді ғой.  Менің  М.Мәметова  атындағы педучилищеге  оқуға  түсуіме  Ұлы Жаратушының  дәм  жазуы  мен  ата-анам,  аға-жеңгем  және  ақ  серкенің  осындай  септігі  тиіп  еді!...

Алтынай Смайылқызы – зейнеткер оқытушы,
Қостанай қаласы.
01 тамыз 2019 ж. 229 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031