» » Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Бүгінгі күннің басты тақырыбы да – осы. Жаңа оқу жылының жаңалығы, оқулық жайы, мектеп таңдау, тіпті мұғалім таңдау, сонымен қатар мектепке дайындық дегендей қызу талқыда. Ата-ана үшін баланы мектепке дайындау оңай шаруа емес. Керек-жарағын, киім-кешегін түгендеу отбасы бюджетіне әжептәуір салмақ екені сөзсіз. Мұның үстіне баланың талғамы жоғары. Жаңа оқу жылы жақындаған тұста нарықты бағамдау үшін базарға бардық. Сатушының дені мектеп формасын, құрал-жабдығын саудалауға көшкен. Баласын жетектеген ата-ана, таңдағанымды аламын деп қиғылық салған жеткіншектер – бүгінгі қайнаған базар көрінісі.
Сонымен баға қандай? Сатушыдан мектепке керек-жарақтың бағасын сұрай бастадық. Ақ жейденің түр-түрін толтырып қойған, таңдау қалтаңа қарай дегендей сыңай танытты. Сапасына қарай баға да қымбаттай береді. 6 мыңнан бас­талып, 10 мыңға дейін бар. Көпшілік 7 мыңның ақ жейдесін тегін үлестіргендей алып жатыр. Себебі, бағасы да, сапасы да көңілден шығады. Қыз бала үшін сатушы сапалы деп бағалаған юбкалар да 7 мыңның үстінде. Ал, ер балалардың костюм-шалбары қалтаға кәдімгідей салмақ. 15 мыңның костюм-шалбарын әбден саудалағанда 13 мыңға келісе қоюы қиын. Ақшаң болса, костюм-шалбардың төресі – 25 мың теңгеден. Таңдағаныңды аласың. Спорттық киімдердің бағасы да осал емес. Өтімдісі – 12-15 мың теңге. Спорттық аяқ киімдер де, туфлилар да ең арзан дегенде 10 мыңнан. Қара базардан 6-7 мыңға келетінін көріп қуанғаныңызбен, бұл аяқ киімдер ұзаққа бармайды. Мұны ата-аналар да мойындайды.
– Қазір ақша үнемдеп 6-7 мыңның арзан аяқ киімін алғанмен, екі есе шығын боламыз. Күз аяқталмай жатып аударылып қалады, жағымсыз исі тағы бар. Он мыңнан басталатын аяқ киімдер таңдаған дұрыс, – дейді үш кішкентайын жетектеген ана.
Әңгімені әрі қарай жалғастырдық.
– Бір баланы киіндіру қаншаға түсті?
– Екінші сыныпқа баратын қы­зым­ның керек-жарағын түгендеп болдым. Үнемдедім дегеннің өзінде 40 мың теңге жұмсадым. Бұл ақшаның ішіне дәптер-қалам кірмейді. Енді екі ұлдың киім-кешегін түгендеймін де, сонан соң қағаз-қалам аламын. Өткенде бір дүкеннен акция арқылы сөмкелерді 4 мыңнан алдым. Сапасы жақсы. Әйтпесе, сөмкенің бағасы 8-10 мың теңге,– дейді Гүлжан есімді келіншек.
– Не іздедіңіз, келіңіз, – деген жарқын жүзді сатушыға бұрылдық. Нөпір халықтан сәл босаған сәті екен. Сауда күн сайын қызып жатқаны байқалады. Сатып алушы емес, базар бағасын жазғымыз келгенін жасырмадық.
– Ел бағаны жақсы біледі. Қазір көбісі, ең алдымен, сапасына қарайды. Мүмкіндігінше сапалы киім алғысы келеді. Мәселен, мына екі шалбардың матасын ұстап көріңізші. Бірі жұмсақ, бірі қаттылау. Матасы қаттысы ауа жібермейді, шытырлап тұр. Балаға кигенде қонымсыз. Бағасы арзандау. Жейденің бағасы да сапасына қарай. Мәселен, пекиндік 8 мыңнан басталатын жейделерге сия тисе жуғанда кетеді, денеге қонымды. Ал, сөмкелердің барлығы Қытайдан әкелінуде. Бағасы 6 мыңнан басталады. Қыз балалар қызығатын сүйретпелі сөмке 10 мыңнан, – дейді сатушы.
Осы орайда айта кетелік, пекиндік және түркиялық мектеп формаларынан бөлек, өңірімізде тігін ательелері мектеп формасын тіге бастады. Олардың қызметіне жүгінетін ата-аналар бар. Сапалы мата таңдап, тіккізу тиімді екен.
Биылғы жылы «Dalatex» тігін компаниясы мектеп формасын тігуді қолға алды. Бірінші сыныпқа баратын балалар үшін мектеп формасын енгізу  пилоттық жобасы әзірге қала мектептерінде жүзеге асуда.
– Өткен оқу жылының аяғында қаладағы барлық мектеп директорларына «Dalatex» тігін компаниясының өкілдері мектеп формасының үлгілері бойынша презентация жасады. Мұнан соң бұл әр мектептің қамқоршылық кеңесінде талқыланып, нәтижесінде қаладағы 54 мектептің 33-і бірыңғай формаға тапсырыс беруге келісімін берді. Әрине, ата-аналардың келісімі бірінші орында. Тағы бір атап айтарлығы, бұл форманы алуға қаражаты жетпеген отбасы болса, бұрынғы формаға рұқсат берілген. Бірыңғай форманы кигізуге талап қойылып жатқан жоқ, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Гауһар Құдайбергенова.
Алдағы уақытта мектеп формасы көпшілік көңілінен шығып жатса, жоғары сыныптарға енгізу жоспарда бар екен.
Жаңа  оқу жылында мыңдаған бүлдіршінге мектеп формасын тігуді жауапкершілігіне алған «Dalatex» бұл міндетті қалай орындауда? Бұл сұрақты тігін компаниясының атқарушы директоры Нұргүл Сәтжанқызына қойдық.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен мектептерде бірыңғай форманы жергілікті тігін ательелерінде тігу жұмысын биылдан қолға алдық. Бұл іске біздің компаниядан басқа аймақтағы 17 тігін ательесі жұмылды. «Dalatex»-те өлшеп, пішу жұмыстары жүргізіледі, әрі қарай өзге әріптестер тігеді. Мұнан бөлек қосымша 65 тігіншіні жұмысқа алдық. Мақсат – өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамыту. Бүгінде тапсырыс берген 33 мектеп бойынша бірінші сыныпқа баратын 3 мың баланың формасы дайындалып, сатылды. Биыл мектепке баратын балалар санының көп болуына байланысты тағы да 2 мың формаға тапсырыс түсті. Ол да дайын болып қалды, – дейді ол.
Мектеп формасының бағасы 10-12 мың теңгеден. Баға айырмашылығы матаға байланысты. Тағы бір ерекшелігі, жаңа формаға жарықшағылыстырғыш жолақ сызығы жүргізілген. Бұл жол қауіпсіздігі үшін жасалған. Пилоттық жоба жергілікті тігін ательелерінің мүмкіндігін байқатты. Атқарушы директордың айтуынша, жергілікті мамандар тіккен мектеп формасы сырттан әкелініп жатқан киім сапасынан артық болмаса кем емес.
Базарға қайта оралайық. Мектепке қажетті киім-кешек бағасын сараптап болған соң, құрал-жабдықтар саудасы қызған жаққа бұрылдық. Мектепке керек-жарақтың түр-түрі тұр, тіпті таңдауға келгенде басың айналатындай. Сурет дәптер дейсіз бе, өшіргіш пен қаламұштағыштың түр-түрі бар. Еңбек сабағына қажетті ине-жіп, тоқыма, кес­те тоқитын бұйымдар, қысқасы, бәрі бар. Сөредегі «Күнделік» деген жазуға көзіміз түсті.
– Бағасы қанша?
– Қайсысын айтасыз?
Қапелімде таңдай алмай дағдарып қалдық. Көмекке келген сатушы қыз мұқабасында «Рухани жаңғыру» деген жазуы бар күнделікті көрсетіп, «500 теңгеден. Себебі, іші ақ. Ал мына күнделік 350 теңгеден. Парағы сарғыш демесеңіз, латын қарпінде жазылған. 2020-ға дейін латынға көшеміз ғой», – деді сатушы жарнамасын жасап. Қысқасы, бір балаға құрал-жабдықтар алу үшін 10 мың теңгеден аса ақша қажет екенін байқадық. Ал оған киім-кешектің нарқын қосыңыз. Мектепке әзірлік – осы күнде қара базарда қайнаған тірлік.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
24 тамыз 2019 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031