» » КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ КӨП

КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ КӨП

 
Бүгінгі мемлекеттік саясаттың, стратегиялық бағдарламалардың барлығы кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруге бағытталып отыр. Мұндағы мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл қазіргі таңда бір жүйеге түсті. бұған өзіміздің аудандағы кәсіп иелеріне қарап-ақ көз жеткізуге болады.

  Теңге тиыннан құралатынын кәсібін ша­ғыннан бастап, кейіннен ауқымын кеңейтіп, игілігін көрген кәсіпкерлер жақсы біледі. Ауданда мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана оты­рып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар баршылық. Ресми мәлімет бойынша осы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданда 2340 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінгі күнге жұмысын дөңгелетіп әкеткен азаматтар саны был­тырғы жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артып отыр. Кәсіпкерлік бағыттағы ашылған әрбір нысанның иесінен бөлек, басқаларға да пайдасы тиетіні анық. Ауданға түсетін салығынан бөлек, кәсіп иелері жұмысының көлеміне қарай бірнеше адамды жұмыспен де қамтиды. Бұл кәсіпкерлер бүгінгі таңда 9173 адамды жұмыспен қамтып отыр, яғни он мыңға жуық жұмыссыз адам жеке кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының аясында нәпақасын тауып жүр.
  Шағын және орта кәсіпкерлікті бастаймын немесе дамытамын деушілерге мемлекеттік бағдарламалар көмек береді. Жыл басынан бері жалпы құны 1433,8 млн теңгені құрайтын 172 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 80 жобасы мал шаруашылығына, 6 жобасы егін шаруашылығына, 24 жоба жолаушылар және жүк тасымалы қызметіне бағытталса, қалған 62 жоба қызмет көрсету бағытында қаржыландырылған. Осы жылдың өзінде аудан бойынша жалпы құны 556 млн теңгені құрайтын 10 жоба пайдалануға беріліп, 71 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауданның дамуына, саланың серпін алуына мұрындық болып отырған жобалардың қатарында жеке кәсіпкер Г.Исахановтың қара күрішті ақтау және жем өндіру цехы, жеке кәсіпкер М.Көптілеуовтің химиялық тазалау орталығы, «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас МІҚ малына арналған сүт фермасы, «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның мал сою және ет бумалау цехы, жеке кәсіпкер М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, жеке кәсіпкер Ж.Қазыбайұлының қонақ үй және тамақтану кешені, жеке кәсіпкер Н.Ералиевтың балықты алғашқы өңдеу цехы, жеке кәсіпкер С.Халықтың құрылыс заттар дүкені, жеке кәсіпкер Д.Алпысовтың жылыжай кешені бар. Сондай-ақ «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында 217 млн теңгені құрайтын 7 өндіріс орны іске қосылып, 78 адам жұмыспен қамтыл­ған.
  Өңірдегі маңызы зор жобалардың бірі – «Nomad Solar» ЖШС-ның күн энергиясын пайдаланатын электр станциясының құрылысы. Жалағаш кен­тінің шығыс жақ бөлігінде жаңартылған энер­гия көздерін өндіру мақсатында 30 мВт күн сәуле­сінен энергия өндіретін электр станциясын салу жұмыстары басталды. Жобаны жүзеге асыру мақ­­­­сатында кент аумағынан 164 га жер учаскесі табысталды. Күн электр станциясының құрылысы 75 га жер учаскесіне орналасқан. Қазіргі уақытта 24 адам күзет қызметіне жұмысқа алынған. Бұл жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, жыл сайын аудан бюджетіне 150 миллион теңге қаржы түсетін болады.
  Қарап отырсақ өңірдегі кәсіпкерлік саласы айтарлықтай даму үстінде. Бір жылдың ішінде бірнеше жоба іске қосылып, жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеді. Жыл аяғына дейін құны 190 млн теңгені құрайтын 4 жобаны іске қосып, қосымша 47 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бүгінде бұл жобалардың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар аграрлы-индустриалды аймақтың 9,1 гектар жеріне 9 жобаны іске асыру үшін қажетті жер телімдері табысталды. Бұл жобалар аясында тағы да қосымша 70 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда бұл жобалардың ішінен құны 130 млн теңгені құрайтын 3 жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Қалған 6 жоба­ның құрылысы 2019 жылдың аяғына дейін бас­тала­тын болады.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


27 тамыз 2019 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031