» » ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМ

ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМ

Қазақ даласының қай өңірі де киелі. Топырағына табаны тиген шетелдіктер тарихына таңданып, табиғатына тамсанып кетіп жүр. Соның ішінде біздің Сыр бойының тарихы ежелгі дәуірлермен тамырласып жатыр. Ежелгі Сейхун, беріде Сырдария атанған өзеннің өзі-ақ көне тарихтың куәсі. Жалағаш – осы Сыр өңірінің бір ауданы. Жерінің көлемі 27 мың 156 шаршы шақырым аймақты алып жатқан, Қызылқұм мен Қарақұмға дейін төрт түлігі өрістеген ауданымыз батысында Қармақшы, шығысында Сырдария аудандарымен, теріскейінде Қарағанды облысы, түстігінде Өзбекстан республикасымен шектеседі. Тұма бастауын қарлы шыңдардан алып, құм ішімен бұраңдап ағып, Аралға құятын осы Сыр өзенінің жағасын жайлаған Жалағаш жұртшылығы үшін биыл ерекше жыл, алдымыздағы алтын күз мерекелі мезгілге ұласқалы тұр. Биыл Жалағаш ауданының құрылғанына тура сексен жыл толып отыр. Тарихтың әр мезетін тәпсірлеп таспаға тартып алып, түпсіз қойнауына тоғытып жатқан уақытқа тоқтау жоқ. Осы сексен жылдың ішінде ауданымыз талай тарихи қилы кезеңді басынан өткерді.
Жалағаш ауданы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен 1939 жылы 17 қазан күні құрылды. Ауданымызды құруда және оны жан-жақты дамытуда қаншама аға буын өкілдері тынымсыз еңбек етіп, тер төкті. Ауданымыздың ең алғашқы басшысы Кистанов Сергей Иванович болса (1939 -1944), одан кейін Әлімбет Ардабаев (1944-1947), Жанасов Қаппар (1947-1949), Бейсембин Махмут (1949-1953), Тайымов Аманжол (1953), Әзқожаев Омар (1953-1954), Сопбеков Байбол (1954-1961), Тасыбаев Болтай Жұманұлы (1961-1963), Әбдікәрімов Исатай (1965-1972), Аманов Сұлтан Шаханұлы (1972-1975), Қазантаев Қонысбек Төрешұлы (1975-1985), Сәпиев Оңалбек (1985-1987), Қаюпов Биғали Әбдікерұлы (1987-1992), Далдабаев Сәмит (1992-1997), Баймаханов Қожахмет Мәдібайұлы (1997-1999), Жолдасбаев Нұрлыбек Қалжатайұлы (1999-2003), Ибраев Жұпарбай Өткелбайұлы (2003-2004), Талқанбаев Нұрман Бақбергенұлы (2004-2005), Есенов Марат Сағынтайұлы (2005-2006), Шәменов Өмірбек Мөрәліұлы (2007-2010), Бекенов Қайрат Әскербекұлы (2010-2011), Қаюпов Биғали Әбдікерұлы (2011), Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы (2011-2014), Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы (2014-2017) сынды азаматтар аудан әкімі болып қызмет атқарса, 2017 жылдан бастап ауданымызға Қайратбек Сәрсенбаев басшылық жасап келеді.
Айта кетуіміз керек, ауданымызға басшылық жасаған осы азамат ағалардың қайсысының болса да, аудан тарихында айшықты қолтаңбасы қалды. Олар өңірімізді дамыту бағытында өз деңгейінде аянбай қызмет жасап, халықтың әлеуметтік әлеуетінің жақсаруына, аудан экономикасының өсуіне, кент орталығының сәулетінің артуына, мәдениеті мен руханиятының қалыптасуына зор үлес қосты. Сол секілді әр басшының тұсында Жалағаш жұртшылығының жадында қалар көптеген игілікті жұмыстар атқарылып, күрмеулі мәселелердің түйіні шешіліп отырды. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі соңғы онжылдықта түрлі бағыт­тағы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, кент ішінің кел­беті заманауи сипат алды, аудан тұр­ғын­дарының тұрмыстық жағдайы жақ­сарды. Мемлекеттің қаржылай қол­дауының нәтижесінде ауданымызда кә­сіпкерлік саласы кеңінен қанат жайды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдар­ламалар ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының дамуына тың серпін берді. Мемлекет қамқорлығын сезініп, мүмкіндікті тиімді пайдаланған тұрғындар ата кәсіпті қайта жандандырып, төрт түлік малдың өнімдері арқылы тұрмыстарын түзеп, халыққа қызмет көрсете бастады. Алайда аудан экономикасының негізгі саласы – егін шаруашылығы болған соң, ауданымыз Сыр салысын өндіріп, шетелге күріштің жаңа сорттарын экспорттауда облыс көлемінде көш бастап келеді. Одан бөлек, ауда­нымызда өсірілетін бақша өнімдері де шетелде жоғары сұранысқа ие. Атап айтсақ бірнеше жылдардан бері ауданға қарасты Жаңадария ауы­лында өсірілетін қауынның бал та­ты­ған ерекше сорттары көрші Ресейге экс­портқа шығарылып отыр. Бүгінде аудан көлемінде 31 мың гектардан астам инженерлік жүйеге келтірілген егістік жер бар. Әрине, қазірде дала еңбеккерлері мен диқандар за­ман талабына бейімделді, жерге түйір­леп тұқым сеуіп, одан өнім алып қана қоймай, сол егістік жерді жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жыл сайын қайта өңдеуді де үйренді.
Бүгінде ауданда 21 орта және орталау мектеп, 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 9 мәдениет үйі, 17 кітапхана, 2 музей, 14 мешіт, 10 аурухана және 6 дәрігерлік амбулаторлық пункттер жұмыс істеп тұр. Ауданымыз білім беру саласы бойынша облыста көш басында келеді. Сол секілді мәдениет саласының да жетістіктері көп. Заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің жұмысын және оның жанынан құрылған "Алтын арай" халықтық ән-би ансамблінің, "Халық театрының" жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Негізі өркениетке ұмытылған ел ең алдымен білім беру жүйесі мен мәдениет саласына көңіл бөледі. Сол секілді елдің рухын көтеретін спорт саласында да көк туымызды желбіретіп жүрген жас саңлақ спортшыларымыз шығып жүр. Демек, аудан басшысының аталған салаларға баса назар аударып отырғаны да жайдан жай емес және оның нәтиже беріп отырғанын да мақтанышпен айта кетуге тиіспіз. Аудан руханиятын сөз қылғанда, тарихын да айналып өте алмаймыз. Біздің ауданымыздың айналасы ашық аспан астындағы алып мұражай іспетті. Біреу емес, екеу емес, 58 тарихи-сәулет ескерткіштер тізімге алынған. Олардың көбі қазірде мемлекет қорғауында тұр. Демек, өңіріміздегі бұл тарихи жәдігерлердің еліміз үшін маңызы бар деген сөз. Солардың ішіндегі ар­хео­логиялық, архитектуралық, мо­ну­менттік ескерткіштердің ерекше сәу­летінен бөлек, әрбір кесегіне тұнған та­рихы бүгінгі жастарға, келешек ұр­паққа тағылым.
Адам ғұмыры таусылғанымен, тір­шілік тоқтамайды. Уақыттың ырқын­дағы жылдар алға жылжып, заман ауыса береді. Жалағаштың әр кезеңдегі та­рихын, жетістіктерін бір мақала көлеміне сидыра алмаймыз. Алдағы уақытта ауданның сексен жылдық шежіресін түзіп, тарихын тарқататын көлемді мақалаларды беріп тұрамыз.


07 қыркүйек 2019 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30