» » ШАРУАШЫЛЫҚТАР ШАРУАСЫ ШИРАЙДЫ

ШАРУАШЫЛЫҚТАР ШАРУАСЫ ШИРАЙДЫ

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы біздің негізгі ресурсымыз екенін ескере отырып, дамыған агроөнеркәсіп кешенін құрудың маңыздылығына тоқталды. Расында елде бұл сала айтарлықтай алға жылжыды дегенмен, әлі де озық технологиялар, заманауи құрылғылар мен тамшылатып суару және суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға қатысты тың жаңалықтар қажет-ақ. Бұл жұмыстардың өз деңгейінде жүріп жатпағанының салдарынан оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны да жасырын емес. Рас, өткен жылдармен салыстырғанда қамбаға құйылған өнім көлемі мен сапасында айтарлықтай өсім де бар. Десе де бұл біздің ауыл шаруашылығы саласындағы толағай табысымыздың ең жоғарғы деңгейін көрсетпейді. Себебі, бізде ел ішінде ғана емес, шет елдерде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіре алатындай мүмкіндік мол. Осы ретте Мемлекет басшысы алдымен суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 3 миллион гектарға жеткізуді тапсырды. Суармалы жер көлемінің ұлғаюы саладағы өнім көлемін 4,5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір біз бұл салада сыртқа өнім шығарып жатырмыз. Бірақ экспорт ісінде шикізатқа қарағанда өңделген өнім шығаруға басымдық беруіміз керек. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы тиісті министрлікке фер­мер­лердің өз өнімін сыртқа шыға­руына барынша қолдау көрсетуді жүктеді. Әлем елдері импортқа тәуел­діліктен арылуды мақсат еткенде бәсекеге қабілетті әрі сапалы өнім өңдеу біздің негізгі бағытымызға ай­налуы тиіс. Бұл мақсат тек ірі кәсіп­орын­­дардың ғана емес, шикізат дайын­даушы шаруашылықтардың да не­гізгі ұстанымы болуы керек. Сонда ғана біз салаға серпін алып келер мүм­кіндікке қол жеткіземіз.
Жалағаш ауданы – негізінен аг­рар­лық аймақ. Сондықтан бұл өңір барынша ауыл шаруашылығы са­ла­сын дамытуға айрықша мән беріп отыр. Биыл аудан бойынша 2 млрд 182 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға артты. Биылдың өзінде 36 665 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, күтімге алынды. Сондай-ақ себілген 21800 гектар Сырдың басты дақылының да шығымы жаман емес. Рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдырған жалағаштық еңбеккерлердің биыл да еңбегі еш кетпейтін сыңайлы. Күріштен бөлек 306 га жаздық бидай, 3 530 га жаңа жоңышқа, 500 га картоп, 1000 га көкөніс, 1 200 га бақша дақылдары, 50 га арпа, 2 200 га мақсары, 6 079 га ескі жоңышқа күтімге алынған болатын. Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп баптауға 6562 тонна аммоний сульфаты, 3100 тонна карбамид, 2272 тонна аммофос минералды тыңайт­қыштары себілді. Мұнан бөлек 16 мың гектар күріш үстеп қоректендіріліп, 19125 гектар Сыр салысы арам шөптерге қарсы гербицидтермен өңделді. Алғашқы орақты өткен айда бастап кеткен шаруашылықтар күріштің бас алуын жоғары бағалап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылғы жетістігіміз жаман болған жоқ. Алдыңғы жылы да облыс қамбасына құйылған астықтың үштен бірін жалағаштық еңбеккерлер жиған болатын. Биыл да бұл көрсеткіш қайталанады деген үміттеміз. Қазір шаруашылықтардың алдында жалғыз міндет тұр. Ол – ала жаздай бабын жасаған дақылды жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. Шаруашылық төрағалары осы ретте өз еңбеккерлеріне сенім артады. Себебі бұған дейін көне техникалар жұмысты артқа тартса, қазір бұл мәселе шешімін тапқан. Барлық шаруашылықтың егіс алқабындағы қызу еңбекке көз салсаңыз заманауи әрі озық технологиялардың жұмысты жеделдетіп жатқанына көз жеткізесіз.
Әзірге аграрлық өңірдің қай алқабына дән тастасаңыз да Жер ана жерге қаратып жатқан жоқ. Еккен өнімін еселеп алып жатқан шаруашылықтар да дән риза. Десе де ауданда кейбір жеке шаруашылықтар тарапынан ротацияны сақтауда олқылыққа орын бергендер жоқ емес. Бұл жыл басын­дағы аудан әкімінің өңірлердегі жылдық есебінде де көтерілген мәселе болатын. Бұған дейін ауыл шаруашылығы бағытындағы жер­лердің заңға сай пайдаланылуын облыс қадағаласа, бұл құзыреттілік жуыр­да аудан әкімдігіне берілді. Енді алдағы уақытта тиімді пайдаланбай отырған шаруашылықтардан жерлері қайта­рылып алынып, келесі бір шаруашылыққа беріледі. Себебі, заңдылыққа сәйкес оны игермеу ертеңгі күні оның құнарының азаюына алып келеді. Салдарынан өнімде де сапа болмайды. Тіпті мұндай жерлерге еккен егіннің шықпай қалу қаупі бар.
Қазіргі таңда шаруа­шы­лық­тарды ірілендіру жұмысына басымдық бергені абзал. Себебі елді ме­кен­дердегі кейбір көкейтесті мәселелерді шешуде мемлекетке алақан жаюды қойып, шаруашылықтардың демеушілігімен жүзеге асыру шараларын қолға алу қарқын алса дейміз. Бұл жұмыстар жемісін беріп отырған ауылдар да жоқ емес. Бұрын осындай шараларды қолға алуда тек Нағи Ілиясов ауылын мысалға келтіретін едік. Қазір мұндай елді мекендер өзіміздің ауданда да жоқ емес. Мәселен Таң ауылында «Таң ЛТД» ЖШС мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында аталған елді мекенде тың жобаларды жүзеге асырып келеді. Бір жағынан шаруашылық төрағасы Имамзада Шағыртаев балабақша, спорттық кешендер сияқты әлеуметтік нысандар құрылысына да мән беріп отыр. Ал жергілікті халықты жұмыспен қамту іскер азаматтың негізгі міндетіне айналғандай. Мұнан бөлек Еңбек ауылында да «Еңбек Жер» ЖШС төрағасы Шакизатхан Ысқақов та ауылын абаттандыруда қарап қалып жатқан жоқ. Бұл – ірі шаруашылықтардың туған жерге тартуы. Алдағы уақытта өзге де ауылдық елді мекендерде осындай шаруашылықтар саны артса, жемісін береріне біз сенеміз.

Ерлан Әнуарұлы


14 қыркүйек 2019 ж. 8 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9544)

30 тамыз 2019 ж.

№67 (9543)

27 тамыз 2019 ж.

№66 (9542)

24 тамыз 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30