» » САПАЛЫ ЖҰМЫСҚА – АЛҒАУСЫЗ АЛҒЫС

САПАЛЫ ЖҰМЫСҚА – АЛҒАУСЫЗ АЛҒЫС

Қазіргі қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі – қалааралық қатынастағы маңызы бар автожолдардың, көшелердің сапасы. Көшелер – қалалық инфрақұрылымның бір элементі. Қаланың, кенттің, тіпті ауылдардың да көркі сол жергілікті жердегі көшелердің түзулігі мен сапасына тікелей қатысты. Сондай-ақ осы қатынас жолдары қоғамның тыныс-тіршілігінің қан тамыры. Олай болса, сапалы жол адам өмірінің қауіпсіздігіне кепіл.
Шынын айту керек, Жалағаш кентінің ішінде ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген көшелер бар. Оны сол көше тұрғындары мәселе етіп жиі-жиі көтеріп жүр және олардың талап-тілектері де орынды, қарсы уәж айта алмаймыз. Ой-шұқыры көп көшемен көліктердің жүруі де қиын. Жауын жауған күндері көлік тұрмақ, тұрғындар үйлерінен шыға алмай қалады. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың сабаққа қатынауы да азап. Алайда бұл тұрғыда жұмыстар жасалып жатыр. Аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Мәселен 2018-2019 жылдары кент ішіндегі Абай Құнанбаев, Бұқарбай батыр, Нысанбай жырау көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, А.Отарбаев, Мысық би көшелері ағымдағы жөндеуден өтті. Таяуда Конституция, І.Қабылов, С.Қалыбаев, Н.Мырзалиев, Т.Жүргенов, Ы.Алтынсарин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары басталады.
Осылардың ішінде ұзындығы 2 шақырым 873 метрді құрайтын Абай көшесі кент орталығын кесіп өтеді және бұл жергілікті маңыздылығы бар көшелердің санатына кіреді. Кенттің шығыс қақпасы мен батыс қақпасын байланыстырып жатыр. Демек, бұл көшеге баса мән беруге тиіспіз. Осы жылдың тамыз айында құрылысы аяқталған Абай көшесі расында кентке өзгеше сипат берді. Аталған көше құрылысын жүргізген мердігер компания "Қыран" ЖШС өзінің межелеген мезгілінде жол құрылысын толық аяқтап тапсырды. Аталған компанияның жол салу барысындағы тиянақты да, тынымсыз тірлігіне куә болған кент тұрғындары да өздерінің ризашылығын білдірді. Жол құрылысына арналған заманауи үлгідегі техникалардың қатысуымен, жаңа технологиялық әдістермен жасалған жолдың сапасында мін жоқ. Төселген асфальттың қалыңдығынан және құрамының тығыздығынан-ақ кепілдігі ұзақ мерзімді көрсетіп тұр. Жасаған жұмысының әрбір бөлшегіне дейін жіті мән беретін тәжірибелі компания қызметкерлері бұған дейін де көптеген күрделі жол құрылысын жоғары деңгейде жасап, ел игілігіне пайдалануға берді. Екі қапталындағы жаңадан түскен жаяу жүргіншілер жолы да кент тұрғындарына қызмет көрсетуде. Сонымен бірге көше бойына жолаушылар үшін жаңа үлгідегі аялдамалар қойылды.
Абай көшесін орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 358400 теңге қаржы қаралды. Мәселе қаралған қаржының мөлше­рінде емес, ел игілігі үшін халық қазынасынан бөлінген сол қаржыға жасалған жұмыстың сапасында. Осы тұрғыдан алғанда Абай көшесінің құрылысының сапасы көпшіліктің көңілінен шығып отыр деп айтуға әбден болады.
– Өзің тұратын көшенің сәнді әрі таза болғаны қай адам үшін де мақтаныш қой. Мен ұзақ жылдардан бері осы Абай көшесінің тұрғынымын. Бұл көше бұрыннан да оқтай түзу, таза әрі кеңдігімен кентке ерекше әр беріп тұратын. Оның үстіне аудандағы маңызды нысандардың көпшілігі осы көшенің бойында орналасқан. Жуырда көшемізге жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, бұрынғыдан да ажары ашыла түсті. Жолдың сапасына сөз жоқ, әсіресе екі қапталдағы жайқала өскен саялы тал-теректің көлеңкесін қуалай жасалған жаяу жүргіншілер жолының жөні бөлек. Сонымен бірге әрбір үйдің тұсынан аяқсу келетін арыққа жаңадан трубалар салып, қақпамызға дейін жұқалап болса да асфальт төсеп кетті. Біз, осы көшенің тұрғындары мердігер компания "Қыран" ЖШС басшылығына және күні-түні тынбай сапалы жұмыс істеген қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз, – дейді көше тұрғыны П.Жапақов.

Қуат АДИС
14 қыркүйек 2019 ж. 13 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9544)

30 тамыз 2019 ж.

№67 (9543)

27 тамыз 2019 ж.

№66 (9542)

24 тамыз 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30