» » МӘДЕНИЕТТЕГІ МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР

МӘДЕНИЕТТЕГІ МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР

 
 Алқаптағы астық қамбаға толық құйылмайынша Мәдениеттегі Әліп ағамызға да дамыл жоқ. Осыдан он күн бұрын жаңа комбайн тізгіндеген кейіпкеріміздің «Мәдениет» шаруа қожалығында еңбек еткеніне 5-6 жылдың жүзі болыпты. Басында түрлі техника айдаған Әліп Қосақбаев америкалық ауыл шаруашылығы техникасының сапа жағынан да, жұмысшының еш кедергісіз еңбек етуіне де қолайлы екенін айтады.
  – Мәдениеттегі «Мәдениет» шаруа қожалығында түрлі техника тізгіндедім. Ал кеше ғана қолыма тиген мына көлік бұрынғы техникалармен салыстыруға да келмейді. Жалпы шаруашылықта базадағы техникаларды жаңарту жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Науқанды «Жауынға дейін үлгере алмай қаламыз-ау» деген бізде уайым жоқ. Бұрын орақ науқанының барысында шықтың басылып, күннің көтерілгенін күтетін едік. Себебі, ескі комбайндар ылғалда жатып қалған күрішті қалдырып кететін. Қазір сала түрлі жетілген техникалармен жарақтанып жатыр ғой. Мәселен, мына менің астымдағы комбайннан жерде ешқандай дән қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, шығынға көп жол бермейді. Жаңа көлікті басшысымыз маған сеніп тапсырып отыр. Бұйыртса, сол сенім үдесінен шығып, жұмыс барысында сапаға мән беремін, – дейді Еңбек адамы.
  Аталған шаруашылық биыл негізінен Сыр салысының «Лидер» мен «Янтар» сұрыпына басымдық берген. Мұнан бөлек арнайы Жаңақорғанда дайындалған «АйКерім» сортын да еккен болатын. Тұқымның жаңа түрі бітік шығып, алды қырманға құйылып жатыр. Мамандар мұнда гектарынан 70-71 центнерден өнім алып жатқанын айтады. Бұйыртса, келер жылғы егін науқанында төраға Ақділдә Қыпшақбаев «АйКерім» сортына басымдық беруді жоспарлап отыр. Жаңа тұқым себілген алқаптан жаңа техниканың тұсауын кесіп жатқаны да сондықтан.
  Механизатор Әліп ағамыздың сөзінше, «John Deere» комбайнының бұл түрінен облысқа екі-ақ дана келген. Оның бірі осы шаруашылықта. Ал бұрынғы технологиялармен салыстырсақ, жұмыс сапасы жағынан айтарлықтай алға шығады. Мәселен, бұл комбайнмен жеген күрішті қырманға барған соң қайта тазалап елемейсіз. Өзі ішінен сабан қалдықтары мен күрмектен таза күрішті айырып отырады. Тіпті сынған күріштің өзін бөліп тастайтын көрінеді. Ал мұндай құрылғылар тұқым дайындауда таптырмас құрал. Жалпы құны 198 млн теңге тұратын техниканы аларда төрағаның бағаға бас қатырмағаны да сондықтан.
  – Біз жаңа тұқымға тек осы комбайнды ғана бөлгесін біраз уақыт алады деп ойладық. Бірақ межелеген уақытымыздан бұрын бітіргелі тұрмыз. Бұйыртса, асарға да шығу ойымызда бар. Биыл егіннің шығымы жаман болған жоқ. Су тапшылығы да орын алған емес. Өздеріңіз көріп отырғандай мұндағы еңбек адамдарының барлығының қабағында ерекше шырай бар. Мұны ала жаздай еткен еңбектің жемісіне қарап марқаю деп түсінерсіздер. Жалпы егін шаруашылығы бойынша жалағаштық еңбек­керлер жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр ғой. Енді алдыңғы буын салып кеткен сара жолды жалғау – бізге міндет, – дейді Әліп Қосақбаев.
Бес бала тәрбиелеп отырған ағамыз ер жеткенде балаларын да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге машықтандыратынын айтады. Осы күннің өзінде озық технологиялармен қанаттанған саланың ол уақытқа дейін жұмысы әлі де жеңілдей түсетініне сенімді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

01 қазан 2019 ж. 67 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031