» » ДАУДЫ СОТҚА ДЕЙІН ШЕШКІҢІЗ КЕЛСЕ...

ДАУДЫ СОТҚА ДЕЙІН ШЕШКІҢІЗ КЕЛСЕ...


Ақсу ауылдық округінде аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаевтың қатысуымен «Медиация мақсаты – бітімгершілік» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Жиынға «Бітім» медиация орталығының кәсіби медиаторы Қыдырбек Рашов, аудандық сот приставы-бас маман Жеңісбек Қоңырбаев, «Қоғамдық келісім» КММ-ның аудандық этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Әсел Бақытжан және ауыл ардагерлері, мекеме қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында аудандық сот тө­рағасы А.Мизанбаев ауыл хал­қы­на «Медиация» заңын түсіндіріп, араз­дас­қан ағайынның арызын сотқа жет­кіз­бей шешудің тиімді жолын айтты.
– Бұрын қазақ жерінде абақты болма­ғаны анық. Араздасқан ағайындар ара­сындағы жанжалға ауылдың үлкен­дері араласып, туындаған дауды ау­ыл ақсақалдары шешіп отырған. Ше­шендік сөзбен шиеленіскен дауды өр­шітпей, екі жақтың да уәжін тыңдап, ортақ мәмілеге келтірген. Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Бүгінде дау-дамайды сотсыз, екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жо­лын ойластырып, арнайы заң да қабыл­данды. Осыдан 8 жыл бұрын “ҚР «Ме­диация туралы заңы” күшіне енді. Сол уақыттан бері ауыл-аймақтарда аузы дуалы ақсақалдар ішінен кәсіби емес медиаторлар бекітілді. Біздің өңірде де мұндай мамандар бар. Тағы бір айта кетерлігі биыл «Билер кеңесі» құрылды. Кеңес мүшелері құрамына ауданға белгілі, аузы дуалы, әр салада елеулі еңбек еткен ардагерлер кірді. Олар да ағайынның арызын сотқа жеткізбей қарап, екі тарапты бітімге шақырады. Сонымен бірге отбасылық сот жобасы да қолға алынып отыр. Бұл да өз нәтижесін бере бастады, – дейді сот төрағасы.
Қазіргі таңда белең алып бара жат­қан жас отбасылардың ажырасу мә­селесі, еңбек және жер даулары да осы жиында сөз болды. Мәселен, жыл басынан бері аудандық сотқа түскен істердің басым көпшілігін ұсақ-түйек дау-шарлар құраған. Оның ішінде сот­та істі қарау кезінде тараптардың медиaциялық шарт жасауымен қыс­қар­­тылғаны да бар. Сандарды сөй­­летсек, медиация тәртібімен 54 қыл­мыс­тық іс, 41 азаматтық іс және 28 әкім­шілік іс қысқартылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда медиация заңы бойынша бітімге келушілердің қата­ры көбейгендігін көрсетіп отыр. Десе де, ауыл-аймақтарда медиаторлардың рөлін әлі де арттырып, мұны халыққа кеңінен насихаттау қажет.
– Нақтырақ айтсақ, медиатор сот органы емес. Дей тұрғанмен жанжалды шешудің ең жұмсақ балама түрі десек болады. Айта кетейік, медиатор – сот әрекеттеріне қатысы жоқ бейтарап делдал, оған азаматтар ерікті жолмен жүгіне алады. Оның тиімді жағы даудың шешімін тараптардың екіжақты келісімімен және екіжақты даудың тез әрі қолайлы тәсілмен мүдделі түрде орындалуына мүмкіндік беріледі. Со­нымен бірге медиатор дауды шешіп, екі тарапты бітімгершілікке келтірсе, бұл істі сот немесе басқа да құзырлы ор­гандар қайта қарамайды. Әсіресе кәмелеттік жастағы балалар біліп-біл­мей жасаған олқылық әрекеттері үшін заң алдында жауапқа тартылып, оның қылмысы электрондық базаға енгізіліп қойса, кейін ол оқуға түсіп, жұмысқа орналасқанда қателігі алдынан шығып, кері әсер тигізіп жататыны жасы­рын емес. Ал мәселе дер кезінде медиа­ция арқылы шешілсе, оның бұл ісі элек­трондық базаға да тіркелмейді және жария етілмейді, – дейді медиа­торлар.
Дау-дамайды ары қарай өршітпей, бітімгершілікке келтіру, шыншылдыққа шақыру медиатордың мықтылығына байланысты. Бұл заңның мақсаты – дауласушы тараптардың қатарын азайту, екі жақты өзара бітімге келтіріп, татуластыруға қол жеткізу. Бітімге келу, татуласу, бір-біріне кешірім жасау біздің ұлтымыздың өткен тарихында бар нәрсе. Сондықтан кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың рөлін арттыруымыз қажет. Басқосуда сөз алған ауыл ардагерлерінің пікірі осыған саяды.
– Қазақ «Еліңнің ішін даудан сақта, сыр­тын жаудан сақта» деген. Елінің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтап, дауды шешуге ақсақалдар араласуға тиіс. «Ауыл ағасыз, тон жағасыз бол­майды» дейтін қазаққа бұл тіпті түсінікті әрі жақын нәрсе. Заң осыған жол ашып беріп отыр. Үлкеннің сөзінен аттап өтпейтін халық едік қой. Міне, соған қайта келдік. Бұл – қуантарлық жайт. Бұрынғы билердің ізімен, шешендердің сөзімен араздасқандарға тоқтау айтып, ауылдың ішінде-ақ шешу жайы қолға алынғанына қуанамын. Бұрын бір ауылды бір ғана ақсақал басқарған. Осы медиация дамыса, сол ауылдарда қылмыс азайып, қазақы тәртіп мәселесі жанданар еді. Бұл заңның қоғам мүд­десін қорғауда атқарар рөлі зор, – дейді Ақсу ауылдық ардагерлер ке­ңе­сінің төра­ғасы Тынымбай Барпаяқов.
Қазір қылмыс саны көбейді. Оның ішінде ұсақ бұзақылық пен мал ұрлығы өршіп тұр. Бұл істер сотқа кетсе, заң аясында ақ-қарасы анықталып, қылмыскерге тиісті жаза қолданылады. Егер осы мәселе медиация арқылы ше­шілсе, екі тарап та ұтылмайтыны анық. Ең бастысы ағайын арасында араз­дасушылық болмайды. Осыны түсінген аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев жиын соңында ауыл тұр­ғын­­дарының ұсы­ныс-пікірлерімен бө­ліс­ті.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

05 қазан 2019 ж. 88 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031