» » ЫРЫСТЫ ӨҢІРДІҢ ЫНТЫМАҚТЫ ТІРЛІГІ

ЫРЫСТЫ ӨҢІРДІҢ ЫНТЫМАҚТЫ ТІРЛІГІ

Қойнауы құтқа толған Жалағаш өңірінде соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасып жатқанын білеміз. Экономиканы нығайтып, әр салаға тың серпін беруде ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асуда. «Қызылорданың Қостанайы» атанған аграрлық өңірдің биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында көш бастауы өз алдына бір мәртебе. Ал салық базасын нығайтып, кәсіпкерлікті дамытуда іскер азаматтарға да, іс бастаймын деген жандарға да қаржылай қолдау көп болды. Жекелеген азаматтардың жаппай кәсіпкерлікке бет бұруы әлеуметтің әлеуетін арттырып, жұмыссыздыққа жол бермеуге айтарлықтай оң әсерін тигізді. Бастысы үлкен қолдауды тиімді пайдаланған өңір тұрғындары жарқын жобаларды жүзеге асырумен бірге жемісті еңбек етуде.
Жалағашта атқарылған ауқымды жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын дамытуға негізделген. Нәтижелі іс ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім қалыптастырды. Бір ғана өнеркәсіп саласы қыркүйек айына дейін 3 млрд 814 млн теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырсақ, 167 пайызға өсім барын байқаймыз. Негізгі қорға тартылған инвестициядағы өсім өңделген өнім көлеміне де тікелей әсер еткен болуы керек. Мәселен, биыл қыркүйек айына дейін бұл салаға құйылған қаржы көлемі 8 млрд 651 млн теңгені құрайды, яғни өткен жылға қарағанда бөлінген бюджет 2,7 есеге өскен. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі 66,9 пайызға артты. Осы ретте негізгі қорға құйылған инвестиция көлемі тұрғындардың құрылыс жұмыстарына тартылған қаражаты мен берешегі есебінен орындалғанын айта кету керек.
Сәтімен жүзеге асқан жарқын жобалардың жергілікті бюджетте оң динамика қалыптасуына тікелей әсер еткені анық байқалады. Мәселен, жыл басында аудан бюджеті 9,1 млрд теңге болып бекітілсе, осыған дейін оған 7 рет түзету енгізілді. Енгізілген трансферттердің нәтижесінде қазір өңір тайқазанындағы қаражат көлемі 11 млрд 800 млн теңгеге жетті. Нақтыланған жалпы түсімдер болжамы 8 млрд 298 млн 758,4 мың теңге болса, бар болғаны 8 айда оның 8 млрд 457 млн 251,8 мың теңгесі орындалып тұр. Жеке-жеке талдар болсақ, жыл басындағы кіріс жоспарының орындалуында да өсім барын аңғарамыз. Бір ғана жергілікті бюджет кірістерінің жоспарын алар болсақ, негізгі меже 825 млн 164 мың теңге болатын. Ал қыркүйекке дейін ол артығымен орындалып, кіріс көзі 935 млн 58 мың теңгеге жетті.
Биылға арналған аудан бюджетінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілетін трансферттер бойынша 6 салықтың түрі есепті мерзімге 9,6 млн теңгеге жоспарланған еді, қазіргі таңда бұл меже 100 пайызға орындалып отыр. Келер жылдан бастап дербес бюджет барлық ауылдық елді мекенде қалыптасса, ауыл халқының да тұрмыс сапасы әлі де жақсара түседі. Жергілікті бюджетке қаржы тартуда атқарылған жұмыстар жемісін беріп жатыр, біз бұған қуанамыз. Осыдан екі жыл бұрын аудан тайқазанындағы қаржы көлемі бар болғаны 7 млрд-дан асып жығылатын. Мұның алдындағы жылдарда осы көрсеткіш бірнеше жыл қайталанып келген. Ал қазір ше, бар болғаны екі жылда бюджет көлемін еселеуде жалағаштықтардың жемісті еңбек еткенін байқап отырмыз. Енді серпін алған салаларға оралайық.
Жалағаш аграрлық өңір болғандықтан біздің негізгі табысымыз да ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Жергілікті шаруашылықтар да бұл салада кірісті көбейтудің қыр-сырын еркін меңгерген. Егін шаруашылығы бойынша тізе берсек, Сыр салысынан тау тұрғызған аудан азаматтарының еселі еңбегі бір кітапқа жүк болады. Мал шаруашылығы бойынша да қолға алған жарқын жобалар жемісін беруде. Бұрын өңір халқы негізінен мал басын көбейтуге жұмыс жасаса, уақыт өте сапаға мән беріп, түлік басын асылдандыруға күш жұмылдырды. Себебі ет бағытында еселеп табысқа жету үшін асыл тұқымды мал басын арттыру маңызды рөл атқаратынын жете түсінді. Қазір жергілікті шаруашылықтар осы бағытта қолға алған жобаларының жемісін көруде. «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламаларының игілігін көрген жалағаштықтар ет өндіруде табысын еселеп, бір жағынан салық базасында тұрақты өсіп қалыптасуына өз үлестерін қосып жатыр. Қыркүйек айына дейін ет өндіру 102,8 пайызға орындаса, сүт өндіруде бұл көрсетікш 101 пайызға жетті. Ауыл халқы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көруде. Бұл өз кезегінде күріш алқаптары жоқ шалғай ауылдардың әлеуетін арттыруға үлкен көмек болып отыр.
Кәсіпкерлік қанат жаймай өңір өркендемейтінін жалағаштықтар жақсы біледі. Жергілікті тұр­ғындардың жаппай кәсіпкерлікке бет бұруының басты себебі де осында. Әсіресе соңғы екі жылда ауданда шағын және орта кәсіпкерлік алға басты. Ауданда 2 мың 109 шағын кәсіпкерлік субьектісі жұмыс жасайды. Деңгейі шағын болсын, орта болсын кәсіпорындар қатарының артқаны біз үшін тиімді. Себебі мұндай нысандар көп шоғырланған өңірде жұмыссыздық мәселесі белең алмайды. Жаңағы жоғарыда айтып өткен бірнеше мың кәсіпкерлік нысаны қазірдің өзінде 9 235 адамды жұмыспен қамтыған. Өткен жылмен салыстырсақ, іске қосылған кәсіпорындар қатарында да, жұмыспен қамтылған адам санында да айтарлықтай өсім бар. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың жемісі болар, былтырғымен салыстырғанда Жалағашта жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеген. Сондықтан біз әлеуметтік сала дамысын десек, әлі де кәсіпкерлікті ілгерілету жұмыстарын жандандыра беруіміз керек. Мұнан бөлек «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өз ісін бастап жатқандар қаншама. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша шағын несие іс бастауға талапты жандарға үлестірілді. Өткен жылдан бері 71 жалағаштық 292,4 млн теңге шағын несиеге қол жеткізіп, өз жұмыстарын бастады. Осы шағын несие берудің нәтижесінде қосымша тағы да 40 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мемлекеттік бағдарламалармен қыруар қаржыға қол жеткізген жалағаштықтардың жемісті еңбек етіп жатқаны қуантады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың негізгі мақсаты да сол. Мұнан бөлек кәсіптік сауаттылықты дамытып, өз жобаларын ұсыну арқылы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендер де жетерлік. Барлығы шама-шарқынша табысқа кенелудің жай-жапсарын жетік меңгеруде.
Экономиканың күретамырына қан жүгіртуде Жалағашта жарқын жобалар жүзеге асуда. Ірі жобаларға келсек, ауданның батыс жақ бетінен күн электр станциясы бой көтерді. Нысан әлі өз жұмысын бастаған жоқ. Соның өзінде қазір 50-ге жуық аудан азаматын жұмыспен қамтып отыр. Бұл тың жобаның тиімділігі жыл сайын өңір бюджетіне салық есебінде 120 млн теңге қаржы құяды. Аудан экономикасына осынша көлемде қаржы түсіретін жарқын жоба соңғы жылдары жүзеге асқан емес. Осы ретте бюджетті бүтіндеуде ел ағаларының еселі еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн.
Бастысы, өңір тайқазанына түскен қаражат елдің өз игілігіне жұмсалуда. Бір ғана құрылыс саласы бойынша айтар болсақ, Жалағашта көптеген әлеуметтік нысан жаңадан бой көтеріп, бірқатары пайдалануға берілді. Аудандық полиция бөлімі өткен жылы ғана жаңа нысанға көшті. Естуімізше, бұл республика бойынша аудандар арасында ең үлкен әрі талапқа сай екінші ғимарат көрінеді. Одан әрі барсақ, аудандық емхана да жаңа нысанда халыққа сапалы жұмыс жасап жатыр. Медицина саласында тек бір ғана мәселеміз бар еді. Ол да жақында өз шешімін тапты. Аудандық аурухана ғимаратының апаттық жағдайда екені, оның кезінде көпшіліктің жұмылуымен бой көтергені айтылып жүрген. Жыл басында қаржы қаралып, аурухана құрылысы басталып кетті. Бұйыртса, келер жылы жалағаштықтар жаңа нысанның игілігін көре жатар. М.Шәменов ауылында да жаңа мектептің құрылысы қалануда.
Осындай үлкен қолдауды сала қызметкерлерінің сезініп, жауапкершілікпен жұмыс жасап жатқаны жақсы ғой. Әсіресе біздің білім саласы бойынша айтар болсақ, жетістігіміз көп. Соңғы 4-5 жылда облыста ҰБТ қорытындысымен көш басында жалағаштық түлектердің бой көрсетуі бәріміз үшін мақтаныш. Оның үстіне биыл мектеп бітірушілердің 100 пайыз жоғары және арнаулы оқу орындарымен қамтамасыз етілуі ауданда білім саласындағы жақсы дәстүрдің жалғасын тапқанын тағы бір айғақтайды. Мемлекет болашағын бүгінгі жастармен байланыстыратын өңірде білім саласын дамытуға басымдық берілетінін ескерсек, бұл тұрғыда мақтанышпен айтар жетістігіміз баршылық.
Айта берсек, ауданда соңғы екі жылда қыруар жұмыс атқарылды. Мұның бәрі ел игілігіне деп жасалған еселі еңбектің жемісі. Білім, медицина, спорт, ауыл шаруашылығы, мәдениет, құрылыс салаларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да атқарылған істе серпін барын айқын аңғарасыз. Сексен жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ауданда жол құрылысы да қарқын алды. Жарқын жобаларды қолға алып, үлкен мақсатпен жұмыс жасаған ел ағаларының еселі еңбегін мерейтойға тарту деп білеміз. Қойнауы құтқа, даласы дәнге бай өңірде әлі де атқарылар ілкімді істердің бұл басы болсын.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

22 қазан 2019 ж. 163 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9566)

16 қараша 2019 ж.

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 290

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 329

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930