» » Айлық көбеймесе де, азық-түлік қымбаттап жатыр

Айлық көбеймесе де, азық-түлік қымбаттап жатыр

Қараша айында Қазақстанда азық түлік бағасы қымбаттады. EnergyProm сайтының хабарлауынша, қазір бірінші сұрыпты ұн бағасы 4%-ке өскен. Сәйкесінше, өңірлердегі нан бағасы да айтарлықтай қымбаттады. Мәселен, Ақтөбеде бір бөлке нан 7 теңгеге, Атырау мен Павлодарда 20 теңгеге қымбаттаған.

Алайда, қазан айының ортасында Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі астық пен ұн қорларының жағдайы тұрақты екенін, нан бағасы белгіленген деңгейде қалатынын айтқан. Бірақ, министрліктің бұл сөзін өңірлердегі жағдай жоққа шығарып тұр.
Одан бөлек, жұмыртқа бағасы 3,1%-ке, сүт өнімдері 3%-ке, қарақұмық жармасы - 8,6%, тары бағасы - 1,9%, арпа және жарма өнімдерінің бағасы- 1,5% және 1,2% өскен. Ал, сиыр етінің бағасы бірден 2,2%-ке көтерілсе, қой еті 1,2%-ке қымбаттаған.
Сонымен қатар, қазір елімізде электр энергиясының бағасы да қымбаттаған. Мәселен, қазан айында Орал қаласында тарифтердің бағасы 10,7%-ке өскен. Яғни, қалада 100 кВт/сағаттың құны - тұтыну деңгейіне байланысты 1,1 мың теңгеден 1,7 мың теңгеге дейін көтерілген. Ал, Өскемен мен Семейде тарифтер орта есеппен 6%-ке өскен. Сөйтіп, үш аймақта ғана тарифтер орташа есеппен 8%-ке көтерілді.
Ал, электр энергиясы мен азық-түлік бағасы осылай қымбаттағанда, жалақының жайы қандай?
Жуырда БАҚ өкілдері еліміздегі орташа айлық жалақы 191,1 мың теңгеге жетті деп жазды. Ал елімізде тек бес аймақ қана орташа деңгейден жоғары жалақы алады екен. Ол бестік - Атырау облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау облысы және Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облыстары.
Мәселен, Атырау облысының тұрғындарының орташа айлық жалақысы - 361,5 мың теңге.Нұр-Сұлтан қаласындағы орташа жалақы - 308,1 мың теңге. Маңғыстау облысындағы орташа жалақы - 297,3 мың теңге болса, Алматы қаласы мен Батыс Қазақстандағы орташа айлық жалақы 222 мың және 191,3 мың теңгені құрайтын көрінеді.
Ал, Қазақстанның қалған 12 аймағында айлық жалақы орташа республикалық деңгейге жетпейді.
Әрине, бұл ресми статистика еліміздегі шынайы әлеуеметтік жағдаймен сәйкес келмеуі мүмкін. Себебі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтырдың өзінде 500 мыңға жуық адам 42 мың 500 теңгеден төмен жалақы алатынын айтқан болатын.
Ал, мұндай жағдайға қоғам өкілдері де қарсылық танытып, өз ойларын  әлеуметтік желіде жазып жатыр.
Жәнібек Көпжасар, журналист: Наразылық танытпақ түгілі, жайбарақат жүрміз.

-Ұнның бағасы екі есе өсті! Былтыр осы уақытта 4000 тг болған бір мөшек ұн қазір 8000 тг. үстінде! Ал біз наразылық танытпақ түгілі, "ойбай, тағы қымбаттайды деп жатыр, 12000 теңге болады екен, екі-үш мөшек алып алайық" деп жайбарақааааат жүрміз. Жалақымыздың бір тиынға да өспегенінде шаруамыз жоқ!
Өркениетті, азаматтық қоғамы дамыған елдерді айтпай-ақ қояйын, былтыр Иранда жұмыртқаның бағасы 10000 тұманнан 18000 тұманға өскенде не болғаны естеріңізде шығар. Өткенде Чили халқы метро билетінің бағасы 800 песодан 830 песоға өскенде не істегенін естіген боларсыздар?
Ал бізде халық жиі тұтынатын ұн, нан, ет 30-100% аралығында қымбаттады соңғы бір жылда, қыңқ еткен жоқпыз. Тұрмысқа әсер етпеді дейін десең, аш жүрген халық (кеше ғана Таразда аштықтан қалтыраған екі бала ауруханаға түсті), ашуын бір-бірінен алып, мейірімсіз болып бара жатқан қазақ. Әсер етті дейін десең, бір-екі қазақтан басқасы үнсіз...
Бұға берсең, сұға бермей ме!? Кім кінәлі? Феодал билік пе, жоқ құл халық па?
Бэлла Орынбетова, журналист: Заң аясында қызмет ететін билік керек

-Сіздер нанның бағасын білесіздер ме? Бәлкім он-жиырма теңгеге қымбаттауы біреулер үшін білінбес. Бірақ нан кетсе, оған қосылып басқа да азық-түлік бағасы шарықтайды.
Қазан айының басында бір қап ұнның көтерме саудадағы бағасы 6500 теңге болған. Бүгін - 8700 теңге. Мына түрімен желтоқсанға қарай 11-12 мыңға жетеді деп отыр базардағылар. Былтыр желтоқсанда бір қап ұн 3800 теңге шамасында болған. Өткенде үкіметте жанармай бағасының қымбаттайтыны да айтылып қалды ғой. Ол көтерілгенде жағдай не болмақ?
Оңтүстік аудандарда егін шығымының нашарлығына байланысты дейді біреулер. Есесіне биыл батыс пен солтүстікте егін бітік шыққан. Бірақ бағаның қымбаттағанынан шаруа қожалықтарының аузы аққа кенелгені шамалы. Ортадағы делдалдардың қалтасы ғана қампайып жатыр.
Тоқаев әлеуметтік нанның қымбаттауына қатысты үкімет пен әкімдерге шаралар қабылдап, субсидияны қарастыруды тапсырдым депті туиттерде. Қит етсе субсидиялату жақсы нышан емес. Нарықты ретке келтіретін заң, заң аясында қызмет ететін билік керек.
Ит итті, ит құйрығын жұмсайтын жағдай болмаса дейміз...
Түйін. Қазір еліміздегі ең күрделі мәселе - әлеуметтік жағдай. Егер қазір қымбатшылық пен жалақының аздығы өз шешімін таппаса, бұл жалпыхалықтық наразылыққа ұласып кетуі мүмкін. Себебі, айлығы шайлығына жетпей жүрген халыққа күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауы үлкен соққы.
Ал, биліктің ресми есебінде айтылған әдемі сандарға қазіргі қоғам сене ме?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz
08 қараша 2019 ж. 209 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 214

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 268

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930