» » Жарқын жобалар жүзеге асқан жыл

Жарқын жобалар жүзеге асқан жыл

Өткен жыл Еліміз үшін де, ауданымыз үшін саяси оқиғаларға толы болды. тұңғыш президент нұрсұлтан назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатты. мемлекет басшысы болып қасым-жомарт тоқаев сайланды. Ең бастысы, алға қойған мақсат, жоспарлар уақытында жүзеге асты. Еліміз өркендеді, өңіріміз көркейді. Айтылған сөз бар, біткен іс те жоқ емес. осы ретте жалағаштағы жарқын жобаларды сөз етпекпіз. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың өткен жылғы халық алдындағы есебінде айтылған жоспар түгелдей орындалды. Біздің өткен жылдан жаңа жылға арқалап келген олжамыз да осы – мақсаттың жүзеге асқаны.
Аудан күннен-күнге көркейіп, дамып келеді. Оған жыл сайын бой көтеріп жатқан құрылыс нысандары, жол жөндеу жұмыстары, тағы осы секілді ілкімді істер дәлел болмақ. Өткен жылы да ауданға тартылған инвестициялық жобалар көп. Бұл жобалардың жалпы құны 45 млрд-тай қаржыны құрады. Былтырғы жылы аудан әкімдігінің жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер – «Real Story Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып қалады. Құрылысы жүріп жатқан аудандық аурухананың жалпы құны 4 млрд 57 млн-нан аса теңгені құрайды. Ауқымды жұмысты құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС қолға алып, осы жылы ел игілігіне ұсынуды көздеп отыр. Өткен жылы қолға алынған істің тағы бірі М.Шәменов ауылындағы апаттық жағдайдағы білім беру ошағының орнына жаңадан мектеп ғимаратының құрылысының басталуы. Құрылысы жүріп жатқан 140 орындық мектептің жалпы құны 689,4 млн. Бұл мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да қыруар шаруа атқарылды. Күрделі жөндеуден өткен нысандардың қатарында аудандық орталық кітапхана бар. Жоба-сметалық құны 52,9 млн теңге. Сонымен бірге №201 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары да көңіл қуантарлықтай болды. Ескі мектеп жаңа кейіпке енді. Жаңа оқу жылында оқушылар жаңа, талапқа сай, күрделі жөндеуден өткен ғимаратта білім алуда. Ең үлкен жобалардың бірі кентте қуаттылығы 30 МВт, жалпы құны 19 млрд теңгені құрайтын «Күн электростанциясының» құрылысы жүруде.
Айта кету керек, бұдан бөлек Жалағаш кентіне газ жеткізу құбырларының және кварталішілік желілерінің құрылысы, елді мекендердің электр желілері мен құрылғыларын күрделі жөндеу, жеке қаражат есебінен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, аудандық орталық мешіт құрылысы, орталық монша, қонақ үй кешені, Еңбек ауылын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Екі қабаттан тұратын орталық жаңа мешіттің құрылысы аяқталды. Осы жылы салтанатты түрде ашылып, жамағат игілігіне берілетін болады.
Жол жайы да көңіл қуантарлықтай. Өткен жылдың еншісіне алынған бұл жұмыс та нәтижесін берді. Аудан бойынша екі жүзден аса көшенің 66,8 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Осы ретте өткен жылы кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге құжаттар әзірленді. Тиісті қаржы қаралды, жұмыс жасалды, жол жөнделді. Нәтижесінде Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшелерінің сапасы сын көтерердей жағдайға жетті. Сондай-ақ «Самара-Шымкент-Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымы жөнделді. Ал «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» тас жолының оңтүстік коллектор көпірін жөндеуге 288 млн теңге қаржы бөлінді.
Ауданға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асты. «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 9 елді мекенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» сәйкес М.Шәменов, Мыр­забай ахун ауылдарын таза ауыз су­мен қамтамасыз ету қолға алынды. Өт­кен жылы құрылыстары толығымен аяқ­талып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ осы бағдарламамен 2018 жылы Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республика, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Жұмыс дер кезінде қолға алынып, бүгінгі күні ел ауыз судың игілігін көруде. Сонымен қатар Таң ауылдық округі, Жаңақоныс елді мекенін, Қаракеткен ауылдық округі, Далдабай елді мекенінде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, 2019-шы доңыз жылы еліміздегі тұрақтылық пен аудан халқының бірлігі арқасында киелі Жалағаш жерінде толайым тірліктер атқарылды. «Алтын дән – 2019» мерекесі аясында Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде өткізілді. Мерейтой аясында Жалағаш кентіндегі «Тағзым» аллеясына Социалистік Еңбек Ерлері Исатай Әбдікәрімов пен Алдаберген Бисеновтың бюсті орнатылды. Орталық стадионда еңбек озаттары мен Жалағаш ауданының “Құрметті азаматтары” марапатталып, аудан тарихынан сыр шертетін «Тарихы терең, еңбегі ерен – Жалағаш», «Жалағаш көшелері» атты кітаптарының және «Жалағаш жауһарлары» атты ауданның музыкалық мұрасының жинағы топтастырылған дискінің тұсаукесері өткізілді. Өткен жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша Жалағаш ауданы облыста алдыңғы қатардан көрініп, күріштің әр гектарынан 63 центнерден өнім жинап, облыстық «Алтын дән – 2019» мерекесінде «Үздік аудан» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапат­талды.
Аудандағы ілкімді істер мұнымен тоқ­тамақ емес. Алдағы бір-екі жылдың көлемінде игілікке берілетін жобалар жос­парланып отыр. Кенттегі қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу қолға алынды. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер – «Проект Сервис» ЖШС. Сонымен қатар Жалағаш кентінің «Дәуімбай» учас­кесінде салынатын 3 бөлмелі 30 тұрғын үй құрылысы жобасын қаржыландыруға тиісті құжаттар тапсырылды. Бұдан бөлек қазіргі білім бөлімінің ғимараты бұзылып, орнына 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі салынбақ. Жобаның құрылысына қажетті қаржыға сметалық құжаттар дайындалып, облыстық бюджетке жолданды. Биылғы жылдың еншісінде орталық бассейінде бар. Бұл үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

06 қаңтар 2020 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930