» » ОЛАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ОЛАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ


Табиғаттың тосын апатының алдында біз қашанда қауқарсызбыз. Бірақ, табиғи өзгерістерден туындайтын оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қам-қарекет керек. Жер-Анамыздың тамыр соғысын бақылап, қоршаған ортаны аялап, оған қамқорлық жасағанда ғана адамзат апаттан аман болады. Табиғат адамзаттың өзіне жасаған қиянаты мен қамсыздығын кешірмейді. Міне, осы бағытта ауданда аудан әкімінің төрағалығымен арнайы штаб құрамы бекітілген. Аталған құрам жыл сайын қыс мезгілінде аудан аумағындағы Сырдария өзенінің деңгейін бақылап, су тасқынынан сақтану шараларын жүзеге асырады. Халықты қауіп-қатерден қорғап, төтенше жағдай орын алмас үшін арнайы оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады. Төтенше жағдайлар саласының мамандары және жоғарыда аталған штаб құрамы қашан қауіп сейілгенше, халықтың тыныштығын қадағалайды. Айта кетуіміз керек, бұл жұмыстар жедел шешім қабылдаумен бірге жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ал, табиғаттың тосын апаттары мен төтенше жағдайлардың алдын алуда күні-түні ат үстінен түспейтін азаматтардың еңбегі қашанда ескерілуі тиіс. Тіпті үлкен құрметке де лайық. Ал, осы жолда жандарын құрбан еткен арыстарымыздың есімі мәңгілік ел жадында сақталып, ұрпаққа үлгі болуы тиіс.
Осыдан 10 жыл бұрын аудан аумағында орын алған қайғылы оқиға Сыр жұртшылығының қабырғасын қайыстырды. Қаһарлы қыстың аязында, қалың мұз құрсауында қалып, айналасына үрей тудырған Сырдария өзенін бақылау үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен арнайы жіберілген экипаж құрамында болған еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің аға офицері Нұрлан Құмаров, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Сағитжан Бермағанбетов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қазбек Төреманов, экипаж командирі Фахредин Оңғарбаев, экипаж мүшесі Ғалым Нұрмағанбетов және ұшқыш Виталий Глазунов секілді арыстай алты азаматымыз әуе көлігінің апатынан қазаға ұшырады.
Бүгін сол арыстарын жұртшылық есіне алды. Апат орын алған жерге қойылған «Ұрпаққа үлгі есімдер» ескерткіш-монументінің алдына жиылған қарақұрым халықта сан жоқ. Барлығы да апаттан ажал құшқан арыс азаматтарын есіне түсіріп, олардың тірлігінде ел үшін жасаған жарқын істерін жаңғыртты. Тағылымды шара ел қауіпсіздігі жолында құрбан болған боздақтарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Одан соң марқұмдардың рухына құран бағышталып, ескерткіш-монуметтің алдына гүл шоғын қойды. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ел үшін еткен еңбек, төгілген тердің өтеуі – абырой екенін және ел үшін опат ерлердің есімдері мәңгілік елдің есінде қалатынын жеткізді.
«...Олардың әрбірі бір-бір отбасының ардақтысы, қамқоршысы еді. Олардың әрбірі елдің амандығы мен тыныштығы жолында үлкен жауапкершілік жүгін арқалап жүрген отаншыл, атпал азаматтар болатын. Әсіресе, өзінің қысқа ғұмырында аймағымыздағы көптеген қордаланған мәселелерді көтерген және оның оң шешілуіне ықпал етіп, журналистика саласында жарқын ізін қалдырған Сағитжан Бермағанбетовтың орны ерекше болатын. Әрине, қайғылы оқиға барысында опат болған басқа да экипаж мүшелері ақырғы деміне дейін абыройлы қызмет етті және қызметтерін адал атқарып, халықты апаттан құтқару жолында жандарын құрбан етті. Ел тыныштығын ойлап, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қаза болған қадірлі азаматтардың ерен еңбектері елінің есінен кетпейді. Олардың өнегелі өмірін ұрпаққа үлгі ету мақсатында жыл сайын осынау ескерткіш тақта алдында еске алу шаралары өткізіліп тұрады және азаматтарымыздың жарқын бейнелері жадымызда сақталып, жас ұрпақ әрдайым құрметпен тағзым ететін болады, - деді Жағыпар Айтбайұлы. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі О.Бекжанов және осы аталған саланың ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Ботабаевтар төтенше жағдайлардың алдын алу кезінде оқыс оқиғадан көз жұмған әріптестерін тебіреніп еске алып, олардың бойындағы отаншыл мінездері мен адами қасиеттерін және өмірлерінің ақырына дейін қызметтеріне адал, жауапкершілік жүгін қайыспай көтере білген биік болмыстарын кейінгі ұрпаққа үлгі етті. Ал, еске алу шарасына арнайы келген марқұмдардың туған-туыстары тағылымды шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Қуат АДИС.

28 ақпан 2018 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9449)

18 қыркүйек 2018 ж.

№69 (9448)

15 қыркүйек 2018 ж.

№68 (9447)

11 қыркүйек 2018 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930