» » САТЫП АЛҒАН ДИПЛОМНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

САТЫП АЛҒАН ДИПЛОМНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Қазір – нарық заманы. Кез келген нәрсені қалтаңда ақшаң болса сатып алуға болады. Бірақ ақшаға сатып алынбайтын құндылықтарды бар. Өйткені олардың құны ешқандай бағамен өлшенбейді. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа жолыққанша мен де осылай ойладым.

Өткенде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі универ­си­теттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтқан болатын. Яғни бұл – 700-дей адам жалған құжатпен жүр деген сөз. Министр бұл олқылықтың алдын алу, жою мақ­сатында алдағы уақытта қазақстандық ЖОО түлектеріне диплом қағаз түрінде емес, элек­тронды түрде берілетінін де жеткізді. Даудың басы мынау. Әлеуметтік желіде «Барлық оқу орындарындағы дипломдарды ғана емес, басқа да білім дәрежесін білдіретін құжаттарды дайындап, сатамыз» деген желеумен танылған бірнеше сайт бар. Олар бұрындары жабылады дегенмен, әлі іс нәтижесін бермепті. Сайтқа кіре қалсаңыз оң жақ бұрыштан онлайн менеджер «Сәлеметсіз бе? Сізге қандай көмек көрсете аламыз? Дипломның қай түрі керек? Қай оқу орнынан?» деген сұрақ жаудыра кетеді. Бұл компания сізге ЖОО, колледж, техникум дипломдарымен бірге мектеп бітірді деген аттестат, сертификат, анықтамаларды жылдам жасап береміз деп жарнамалап қойған екен. Бір қызығы, сұраған құжатыңыз он күнде қолыңызда болады. Тіпті компания түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ екеніне кепілдік бере алады. Тек құжаттың жалғандығы жұмыс орныңыздан оқу орныңызға тікелей хабарласқан жағдайда ғана анықталуы мүмкін. Бірақ қазір дипломның жалған, түпнұсқа екендігіне ешкім бас қатырып жатпайды. Құжат өткізсеңіз болды. Сайтта дипломның дәре­жесіне қарай бағасы да нақты көрсетілген. 100-250 мыңның арасында қаржыңыз болса, диплом­ның қалаған түрі, қалаған оқу орны­ңыздан дайындап береді. Ал 500 мың мен бір миллион теңгеңіз болса, нағыз түпнұсқасы қалтада дей беріңіз.
Біз қарап көрген сайт орыс тілінде болға­нымен, олар сізге қазақстандық оқу орын­дары беретін құжаттардың көшірмесін түп­нұс­қадан айнымайтындай қылып жасап береді. Сонда осы уақытқа дейін қанша адам осы ком­панияға жүгінді екен? Қанша маман жал­ған дипломмен тайраңдап жүр десеңізші?! Қан­шасы сауаты болмаса да төрт-бес жыл көз майын тауысып оқып, еңбектенген жастардың орнында жүр деген ой келеді. Дегенмен өті­ріктің өрге жүзбейтіні белгілі. Ресми ақпа­рат бойынша жалған дипломмен жұмысқа орналасқандардың әшкере болғаны да бар екен. Бірақ көбі айыппұл төлеумен немесе жұмыстан кетумен шектеліпті.
Сонда нарық заманы екен деп, құны өлшенбейтін құндылықтарды, тіпті білімді де сатып ала салатын күйге жеткеніміз бе? Осы тұста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Біз blockchain элек­тронды дипломдарын (жүйесінде) шыға­рамыз. Екін­шіден, біз тарихи ақпаратты цифр­лан­ды­рамыз. Шамамен, 1970 жылға дейін жетуді көздеп отырмыз. Бұл процесте біз көптеген мәселеге тап болдық. Мәселен, біршама диплом шығар­ғандай болып едік, іске келгенде біз олардың іздерін еш жерден таба алмаймыз», – деді. Са­ланың цифрланғаны дұрыс-ақ. Бірақ бір ғана электронды жүйе тұрмақ, дүниежүзілік қорғанышы мықты банктердің өзін бұғаттан бо­сатып, қарымталап жүрген алаяқтар ше? Олар­ға қалай тұсау салмақпыз?

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


03 наурыз 2020 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930