» » «ҚЫЗЫЛ КІТАПТЫ» ҚАЙТА ПАРАҚТАСАҚ...

«ҚЫЗЫЛ КІТАПТЫ» ҚАЙТА ПАРАҚТАСАҚ...

“...Отыра алмас ұл шыдап, қызың шыдап,
Жоғалғандар тізімі – ұзын шұбақ.
Қызыл кітап – мезгілсіз кеткен аңның,
Бастарына жағылған қызыл шырақ.

Келеді кез, күрделі біздің бұл кез!
Жаутаңдайды адамға түзде мың көз.
Қызыл кітап – опат боп кеткен аңның,
Бастарына қойылған қызыл күмбез.

Қашқан кезде адамнан ізін қандап,
Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап.
Қызыл кітап – тірі жан тимесін деп,
Хайуанатқа берілген қызыл мандат”.
Қадыр Мырза Әлінің «Қызыл кітабымен» мектеп оқулығынан таныспыз. Жаттағанымызды басынан соңына дейін құр судыратып шықпай, әсерленіп айтатынбыз. Ақынның өлеңі емес, құшағында тербеткен перзенттерін жоғалтып алып, жоқтап отырған құдды Табиғат-Ананың өзі секілді. Жаныңды ауыртып, жүрегіңді сыздатады. Тіршіліктегі аң мен құстың, тіпті жыбырлаған жәндік атаулының обал-сауабы, тіпті сұрауы болатынын, табиғатты, оның әр бөлшегін қалай аялау керектігін біз ең алғаш осы «Қызыл кітаптан» оқып, білдік. Поэманың:
– Баяғыдай көбінің хәлі бірақ,
Мойындарын үзеді әлі бұрап.
Қызыл кітап – бұл өзі қызық кітап,
Тысы жұқа, астары қалыңырақ, – деп келетін соңғы түйіні де жабайы тіршілік иелерінің жер бетінен жойылып кетуі адамзаттың өзіне төнген қауіп екенін ескертіп тұрғандай.
“Одан көріп ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік.
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі”.
Иә, не нәрсені де жоғалтып алып жоқтағаннан, қолда барда қадірін білген жөн. Ұлан-байтақ елі­міздің асты-үсті байлық. Бірақ сарқырап жатқан су да сарқылады. Жер асты байлығын айтпағанда, жабайы жануарлар күрт азайып кетті. Қазірде Қазақстанның әр аймағындағы аң мен құстың 128 түрі, өсімдіктің 303 түрі «Қызыл кітапқа» енсе, соның біршамасы Сыр өңірінде тіршілік етеді екен. Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мәліметінше, тұқымы тұздай құрып бара жатқан аң мен құсқа араша түсетін «Қызыл кітаптың» астары бұрынғыдан да қалыңдай түскен. Қаруланған қаныпезерлер қырқадан қылт еткенді қарауылға алып, қырқып түсіреді. Жойылып кету қаупі бар немесе сиреп қалған жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жолында жанталасқан мейірбан жандар аз, есесіне қу құлқынның қамы үшін оларды қынадай қыратындардың қатары кө­бейіп келеді және олардың жолын кесіп, түбе­гейлі тоқтату әзірге мүмкін болмай тұр.
Сондықтан біз де басылым беті арқылы аң мен құстарды, өсімдіктерді қорғауға өз үлесімізді қосуды қолға алдық. Әрине, рұқсатсыз аң-құс атып, қоршаған ортаға зиян келтіретіндерге заңды тұрғыдан айыппұл салып, жаза қолдана алмаймыз. Ол шаруаны құзырлы органдардың еншісіне қалдырдық. Алайда қоғамдағы келеңсіздіктермен күресу жолында сүлдерімізді сүйретіп жүретін мамандығымызды айтпағанда, бұл мәселеге азаматтық тұрғыдан үн қосуды жөн көрдік. Өйткені бұл жеке адамдардың немесе бір мемлекеттің ғана бас қатыратын мәселесі емес, бүкіл дүние жүзін алаңдатып отырған жайт. Оқырманға оны тәптіштеп түсіндірудің қажеті жоқ шығар. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі жоғалатын болса, табиғи тепе-теңдік бұзылып, жер планетасы да тіршілігін тоқтатады. Сондықтан ортақ үйіміз – жерді сақтап қалу үшін алдымен оның асты-үстіндегі байлығына жауапкершілікпен қарау – барша адамзаттың міндеті.
Сонымен газетіміздің осы санынан бастап «Қызыл кітап» деген айдармен Қазақстандағы соның ішінде Сыр өңіріндегі жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін аң-құстар мен өсімдіктерді беріп отырамыз.

САБАНШЫ

Сабаншы (орысша «манул», латынша «Felis manul») – сүтқоректі жануарлар отрядының мысықтар тұқымдасына жататын жабайы мысықтардың дене мөлшері ең кіші, үй мысығынан сәл үлкендеу бір түрі. Денесінің ұзындығы 50-65 см, ал құйрығының ұзындығы 21-25 см, салмағы 2,5-4 келі, басы сәл ғана жалпиған. Арқа тұсының түктерінің түсі сұр немесе жирен түсті, онда көлденеңнен орналасқан жіңішке 6-8 қара теңбіл түсті жолағы айқын байқалады. Құйрығының пішіні жұмырланып келген, онда да 7-8 қара көлденеңнен орналасқан жолағы бар. Құйрығының ұшы ғана тұтас қара түсті болып келеді.
Сабаншы бір орында қоныс аудармай тіршілік ететін жыртқыш аң. Тек қалың қар түскен кезде ғана, жақын маңға қоныс аударуы мүмкін. Денесі мығым, аяқтары қысқа, аяқтарындағы тырнақтары әрі ұзын, әрі жуан, оның ұштары доғалданып келген. Түктері қалың әрі ұзын, үлпілдеп, сабалақтанып тұрады. Самай тұсындағы түктері «сақалы» деп аталады. Құлақ қалқандары шағын, түктерінің арасынан әрең байқалады. Көбіне жеке жүреді, тек көбейер кезде ғана жұп құрып, жылына бір рет ұрпақ береді. Ақпан-сәуір айларында мауығып, бірнеше аталығы бір жерге топтанады да, мысықтың дыбысына мүлдем ұқсамайтын иттің үргеніндей жіңішке шыңғырған дыбыс шығарады. Сәуір-мамыр айларында 3-4 күшік туады. Алғашында күшіктерінің көздері жұмулы, әрі әлжуаз болғанымен денесін қалың түктер қаптап тұрады.
Сабаншы Азия құрлығының Каспий теңізінен Байкал өңіріне дейінгі алқаптарында, Солтүстік-батыс Қытайда және Солтүстік Моңғолияда таралған. Сонымен бірге Қазақстанның Қызылқұм өңіріндегі аласа Бөкентау, Тамдытау және Бетпақдала, Сарыарқа, Қарқаралы, Кент, Шыңғыстау, Баянауыл, Үстірт, Маңғыстау, Мұғалжар және Тянь-Шань тау сілемдерінде де ұшырасады. Бірақ сабаншының барлық таралған алқаптарында саны көп емес екендігі анықталған.
XX ғасырдың бас кезінде сабаншының саны Қазақстанда көп болғандықтан жылына 100-ге жуығы ауланғандығы туралы дәйекті деректер сақталған. Елімізде оны 1976 жылдан бастап аулауға қатаң тиым салынған. Ол көбіне суыр­лармен, шақылдақтармен, тоқал­тістермен, кейде ұсақ құстармен де қоректенеді. Қорегін таса жерде аңдып тұрып аулайды. Негізгі жауы – қасқыр.
Аталған тіршілік иесі өте сирек және саны аз кездесетін болғандықтан Ресейдің, Тәжікстанның, Қырғызстанның және Қазақстанның Қызыл кітаптарына тіркелген. Сонымен қатар сабаншының бейнесі Мәскеу хайуанаттар бағының рәмізі болып бекітілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі 2014 жылғы 14 қазанда сабаншыны қатаң қорғау қажеттігін жергілікті тұрғындарға кеңінен насихаттау мақсатында сабаншы бейнесі бедерленген, бағасы 500 теңгелік естелік-монетасын шығарған.

Ғаламтор материалдары бойынша әзірлеген Қ.АХЕТОВ
14 наурыз 2020 ж. 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9628)

30 маусым 2020 ж.

№48 (9627)

27 маусым 2020 ж.

№47 (9626)

23 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031