» » Инновациялық жобалар нәтижесін беруде

Инновациялық жобалар нәтижесін беруде

Қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мақсат – елдің экономикасын нығайтып, түрлі жұмыс көзін ашу. Жалпы аталған саланы ілгерілетудің тиімділігін кәсіпорындар көптеп шоғырланған өңірлерге қарап аңғаруға болады. Жалағаштың өзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде іскер азаматтардың қатары қалыңдап, жұмыссыздық мәселесі өз шешімін тауып жатыр. Бір жағынан жергілікті салық базасында тұрақты өсім қалыптасты. Қазір бұрынғыдай емес, жергілікті халық кәсіпке келмес бұрын арнайы жобасын дайындап, тәжірибеде бар тәсілдерге сүйеніп, нақты жоспармен іс бастайды. Ал тұтынушы талабына сай өнім өндіруде кәсіпорындарға майталман мамандар ауадай қажет. Себебі тыңғылықты дайындықпен һәм нақты жоспармен іс бастағаныңмен кәнігі мамандарсыз кәсібіңді алға оздыру мүмкін емес. Бұл ретте аудандағы Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі кәсіптік білімді жастарға игертуге күш салуда.

Жалпы аталған оқу орнының оқыту­шылары дайындаған кадрлардың тәжі­рибелі екеніне еш шүбә жоқ. Қара­пайым ғана мысал келтіре кетсек, кол­ледж түлектерінің жыл сайын 80 пайызы өз мамандығы бойынша түрлі кәсіпорындарға жұмысқа орналасуда. Ал біліктілікті арттырамын деп келген шәкірт­терге берілген білімде нәтиже бол­маса, мұндай көрсеткіш қалып­таспас еді. Оның үстіне соңғы жылдары Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде жас­тардың тәжірибесін шыңдауда тео­рияға басымдық берілуде. Тағы да қарапайым ғана мысал, оқу орны жанынан жылыжайдың жұмыс жасап тұрғанына бірнеше жыл болды. Әсіресе, «Ферма шаруа­шылығы» мамандығын игеріп жат­қан ізденушілер үшін бұл тәжірибе шың­дауда таптырмас мүмкіндік. Қазірдің өзінде аталған мамандықты игеріп жат­қандар әлден кәнігі бағбанға айналған ба дерсің. Мәселен, көп жерлерде жылы­жай ішінде қос қапталда қызанақ пен қияр қатар орналасады. Ал негізінен бұл көкөністерді бір жылыжайдың ішіне орналастыруға болмайды екен. Колледж директоры Ғани Серікбаевтың сөзінше, қызанақ пен қиярды бір жылыжайға орналастыру шық­қан өнімнің сапасына кері әсерін тигізетін кө­рінеді. Мұнда егінге ептілігі басым тек кәнігі ма­мандар жұмылдырылған. Былтыр мол өнім­ге қол жеткізген колледж ұжымы биыл да бұл бастаманы аяқсыз қалдырмапты. Былтыр мұнан бөлек түрлі гүлдерді өсіру жұмыстары да осында қарқынды жүрген, биыл да жалғасы бар. Білім ошағының басшысы бұл бір жағынан іштегі оқушылардың да ширауына үлкен көмек бол­ғанын айтады.
– Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында жылыжай ісін қолға алғалы мұнда ізденушілер де тәжірибе шыңдауда. Былтырғы жұмыс жемісін берді. Қызанақ пен қиярдан мол өнім алдық. Биыл да шығысы жаман емес. Бұл жылыжай тек табыс көзі ғана емес, мұндағы жастардың тәжірибе шыңдауына да қолғабыс болып отыр. Жылыжайда жұмыс жасайтын уақытта шәкірттер келіп, қай көкөністің күтімі қалай болатынын үйренеді. Олардың да бұл салаға қызығушылығы басым. Алдағы уақытта жастардың ішінен кәсіпке бет бұрып жатқандары болса, бұл үлкен дәріс болады, – дейді колледж директоры.
Аграрлы өңір үшін бұл арнаулы оқу орны­ның маңызы зор. Қазынадағы өсім тұрақ­тылығын қамтамасыз ету жұмыстары ауыл ша­руашылығымен тығыз байланысты бол­ған­­­дықтан салаға майталман мамандар дайын­дау­да колледж ұжымы талмай еңбек етуде. Мұнда ферма шаруашылығынан бөлек аспаз ісі, құрылысшы, электромонтер, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша сапалы кадр­лар дайындау бір жолға қойылған. Колледж қабырғасында тәжірибе шыңдап жатқан 350-ден астам талапкердің барлығы болашағын өз мамандығымен байланыстырады.
Былтыр «Жастар жылы» аясында елімізде білікті әрі тапшы мамандар дайындайтын колледждер арасында «Жас маман» бағ­дарламасы жүзеге асқан болатын. Аталған бағдарламаға ел қазынасынан 60 млрд теңге қаражат қаралды. Аймақтан үміткерлер қатарынан табылған 30 оқу орнының ішінен алтауы жеңімпаз атанса, соның бірі – Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі. Бұйыртса, келер жылы базадағы құрал-жабдықтар мен техникалар қатарын толықтыруға және жаңартуға ел қазынасынан 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оқу орнының басшысы Ғани Серікбаев тиісті қаражатқа түрлі техникалар алынатынын айтады.
– Қазір бізде жастардың мамандығы бойынша қабілетін арттыруда теорияға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде кейін талапкерлердің жұмысқа тұруына және сапалы еңбек етуіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл ретте өткен жылы қолға алынған бағдарламаның қолдауы үлкен көмек болып отыр. Бұйыртса, қаржысы келер жылы қаралады. Тиісті қаражатқа 1 дана «Claas» комбайн, 1 дана «Iveco» жүк көлігі, 1 дана экскаватор, 1 дана тұқым себетін, пресс басатын техника сатып ал­сақ дейміз. Бұл құрылғыларды осы бастан тізгіндеген бала кейін жұмысында кедергілерге тап болмайды. Біз бұл техникаларға қол жет­кіз­сек, барынша сапалы маман дайындауға күш саламыз, – дейді Ғ.Серікбаев.
Оқу орнында білім сапасының артқаны болар, қазіргі таңда мұнда Қазалы, Қармақшы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан келіп тәжірибе шыңдап жатқандар бар. Тіпті Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардан да келіп білім алып жатқандар жетерлік. Бастысы, көбісі ма­мандығы бойынша жұмысқа орналасуда. Жергілікті шаруашылықтарда техника тіз­гін­деген майталман механизаторлардың ба­сым бөлігі – осы оқу орнының түлегі. Қазір Жалағаш жыл қорытындысымен астық жинаудағы ре­кордтық көрсеткішімен облыста көш бастап тұр. Еселі еңбектің жемісін жұрт болып көріп жатырмыз. Демек ауыл шаруашылығы сала­сының қарыштап алға басуында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің де қол­таңбасы бар деген сөз.

Кенжетай Қайрақбаев
17 наурыз 2020 ж. 69 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 66

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930