» » ОРТАҚ ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ ОҢ НӘТИЖЕГЕ ЖЕТКІЗЕДІ

ОРТАҚ ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ ОҢ НӘТИЖЕГЕ ЖЕТКІЗЕДІ

«Бүгін еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың ден­саулығына әлі де қауіпті.

Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады» деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қоры­тынды отырысында. Ел Президентінің бұл сөзіне қарағанда бірнеше айдан бері елді титықтатқан індеттің беті бері қараған сыңайлы. Бірақ бұл коронавирус түбегейлі тоқтады деген сөз емес. Пандемиядан біржола тазару үшін ортақ тәртіпке бағынудың, қауіпсіздік ша­раларын сақтаудың маңызы зор.
Бұған дейін 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирустың өршуі пандемия деңгейіне жеткенін жариялаған болатын. Себебі вирус әлемнің көптеген елдерінде таралып үлгерді. Қазақстанды да айналып өтпеген қауіпті індеттің әсерінен ел ішінде төтенше жағдай жарияланып, күні бүгінге дейін республика аумағында қатаң тәртіп орнады.
Жұқпалы дерт тарала бастаған кезден-ақ қазақстандық медицина саласының өкілдері алдын алу шараларына кірісті. Дүниежүзіне жайылған пандемияның таралуына жол бермеу үшін елде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Кейіннен вирустың тіркелу де­регіне орай үлкен қалалар карантинге жа­былды. Қазақстанда төтенше жағдай жа­рия­ланғалы бері оқушылар демалысқа шы­ға­рылып, мекеме қызметкерлерінің жетпіс пайы­зы онлайн түрде жұмыс жасауға жіберілді. Вирусты жұқтырғандар анықталған облыстар жабылып, қоғамдық көлік, қатынас құралдары тоқтатылды. Көпшілік шоғырланатын орындар, базарлар мен киім-кешек дүкендері жұмысын тоқтатты. Азық-түлік дүкендері тек белгіленген уақыт бойынша халыққа қызмет көрсетуде. Мұның барлығы аурудың көбейіп кетпеуінің алдын алу шаралары, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бірер күннен бері ауыларалық, ауданаралық қатынас та тоқтатылып, азаматтардың себепсіз үйден шығуына тыйым салынды. Мемлекет халықтың қауіпсіздігі, амандығы үшін тиісті шаралар жасап, оларды күн сайын бақылап, сараптап, тіпті төтенше жағдай аясындағы шараларды күшейтті. Ақ халатты абзал жандар өз денсаулықтарынан бұрын қазақстандықтардың саулығы үшін күресуде. Тіркелген әрбір адамды жіті тексеріп, вирус жұқтырған науқастардың құлан-таза айығып, отбасына аман-есен оралуына қолдан келгенін жасауда. Бұған дейін де жазғанымыздай, вирустан сақтанудың ең дұрыс жолы – тазалық сақтау, адамдардың бір-бірінен оқшаулануы. Денсаулық сақтау саласының мамандары қолды жиі жуу, жеке гигиенаны сақтау, көпшіліктен оқшаулану, үйден шықпау коронавирустан сақтанудың ең негізгі амалы екенін айтып, дабыл қақты.
Енді алғашқыдай қарқынмен таралған індетке тосқауыл қойыла бастады. Жұртты әбігерге салған қатаң тәртіп, карантиндік ережелер кезең кезеңімен алынатын болды. Ең алдымен 11 мамырдан бастап бөлек тұрған азық-түлік емес тауарларды сататын дүкендер сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, отырғызу орындардың санына сәйкес шектеулермен қоғамдық көліктер сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін, қоғамдық моншалар сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін көлеміне қарай шектеулі адам санымен, мәдениет нысандарының жұмысы көрерменнің қатысуынсыз 30 жұмысшыдан аспауы тиіс, спорт нысандары да 30 спортшыға ғана жаттығу жұмысын жүргізуге, сондай-ақ сағат жөндеу шеберханалары, химиялық тазалау, фотосалондар, жарнамалық агенттіктер, сұлулық салондары сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, мал базарлары сәрсенбі, сейсенбі күндері сағат 04.00-ден 09.00-ге дейін, құрылыс материалдары базарлары мен жұмыспен қамту орталықтары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасай алады. Ал келесі кезең 18 мамырдан бастап балабақшалардың кезекші топтарына, мәдениет нысандарына көрерменнің қатысуынсыз 50 жұмысшыдан аспайтын шараларды ұйымдастыруға, спорт нысандарына дәл осы секілді 50 адамнан аспайтын жаттығу жұмыстарын жүргізуге, халыққа қызмет көрсету орталықтарына алдын ала жазылым бойынша жұмыс жасауға рұқсат етілетін болады. Ресми ақпарат бойынша 25 мамырдан бастап қонақ үй кешендері мен отельдерге, сауда, ойын-сауық орталықтарына, балалар түзету кабинеттері мен ломбардтарға белгіленген сағаттарда жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі деп күтілуде.
Жалпы екі айға жуықтаған төтенше жағдай кезеңінде ең басты ауырлық пен жауапкершілік ақ халатты жандарға түсті. Жұмыстары қауырт екені рас, бірақ уақытпен санасқан емес. Медицина саласы қызметкерлерінің жұмысы одан сайын күрделене түскені белгілі. Қазақстандықтардың індеттен сақтануы үшін, вирус жұқтырғандардың уақытында ем қабылдап, отбасына аман-есен оралуы үшін ақ халаттылар барын салуда. Ендеше мемлекет белгілеген ортақ тәртіпке бағынып, әлі де болса босаңсуға ерте екенін естен шығармайық.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ
12 мамыр 2020 ж. 69 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 63

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930