» » ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН НЫҒАЙТАДЫ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН НЫҒАЙТАДЫ

Латын әліпбиіне көшу туралы бастаманың қолға алынғанына да біршама уақыт болды. Бұл идея жан-жақты қолдау тауып, әліпби ауыстырудың жөн-жобалары жасалуда. Егер іс жоспарға сай, уақытымен және жүйелі түрде жүзеге асса, онда таяуда негізгі мақсатқа қол жеткіземіз. Әдепкіде қоғам пікірі екіге жарылды, дегенмен, қазір ол келеңсіздіктер шешімін тапқан сыңайлы.

Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің одан әрі дамуына және оның қолдану аясының кеңейе түсуіне қолайлы мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жоба қазіргі ақпараттық технологиялар заманына барынша сай келетіндіктен, еліміздің әлемдегі ең мықты дамыған, өркениеті жоғары 30 мемлекеттің қатарына қосылуға көмегін тигізеді. Келешек үшін маңызды мәселе жан-жақты ойластырылып, кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы бірнеше жаңа нұсқасы назарға ұсынылып, талқыланды. Оңтайлы шешімге бірқатар зиялы қауым өкілдері мен ел азаматтары қолдау көрсетті.
Қазіргі қазақ тілін дамытудың бір жолы – оның төл табиғатына сай келетін әліпби таңдау. Тіліміздің заңдылықтарына сай әліпби таңдауы­мыз өзге елдің құқығына қол сұғу емес, бұл қазақ тілінің өзінің ішкі мәселесі, еліміздің өзіндік тіл саясатының бағыты болып табылады.
Алғашында туындаған «Латын қарпіне көшу не үшін қажет?» деген сауалдың жауабын жергілікті ғалымдарымыз былай деп түсіндірген болатын: Біріншіден, қазақ тілінің басқа да ұлттардың тілі тәрізді дербес тіл екендігін және мемлекетіміздің де әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттердің бірі екендігін айғақтау үшін, екіншіден, Қазақстанның әлемдік дамудан өз орнын алуы үшін, үшіншіден, туыстас түркі әлемімен барынша жақын қарым-қатынас жасау үшін, төртіншіден еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйрену арқылы топтастыра түсу үшін, бесіншіден, ғылым мен техниканы терең меңгерген, тілін, елін сүйетін, қазақ мемлекетінің келешек тірегі болатын қазіргі жас ұрпақтың болашағы үшін қажет.
Бүгінгі заманда халықаралық дәрежедегі тіл­дердің бірі ағылшын тілі де латын әліпбиі негізінде екені белгілі. Біріншіден, латын әліп­биін таңдай отырып, біз адамзаттың ең үздік жетістіктерін игеруге мүмкіндік аламыз. Жаңа технологиялар, инновацияларды тез игеруге болатыны сөзсіз. Өскелең ұрпақ латын әліпбиін меңгерсе, өзге тілдерді аз уақыттың ішінде үйренуіне жол ашылады. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу өткенімізді қайтарумен тең. Қазақ тіліндегі сөздердің табиғи қалпында айтылуына кезінде кирилл жазуына көшуіміз кедергі болды. Қазіргі кезде тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастаған. Шынында бір ғасыр бойы пайдаланылып келе жатқан кириллица қазақ халқының дыбыстау аппараттарын мүлдем өзгертіп жіберді. Сол дыбыстау аппараттарын да біртіндеп қалыпқа келтіруде латын әліпбиінің әсері болары анық. Әрине, жаңалық болған жерде түрлі сұрақтардың, күмәнді мәселелердің, тіпті қарсы пікірлердің болуы да заңды. Олардың бірсыпырасы әріп пен тілді шатастырудан пайда болған. Мұның барлығы қоғамға ортақ мәселе. Жалпы қай әліпбиді таңдасақ та онда жат ды­быстар болмауы керек.
Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника дамыған сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Ал латын әліпбиі бұл қиындықты өзі реттеп, осындай келеңсіздіктердің алдын алуға біршама көмегін тигізеді. Сондықтан тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіретін ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыруға мүмкіндік туды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: “Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады” деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен болатын. Әліпби ауыстыру – өз тілімізді ұмытып басқа тілге көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады.
Расында, латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл – қазіргі заманғы қажеттіліктен туындаған игі бастама. Әлемнің дамыған алпауыт елдерімен тереземізді теңестіріп, солардың көшіне ілесуге мол мүмкіндік беретін саяси маңызды өзгеріс. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жетіліп, дамып отырары сөзсіз. Мемлекет басшысының қолға алып отырған игі бастамасы ел болашағын жарқын етеріне сенеміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

12 мамыр 2020 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 63

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930