» » КҮРІШ СУҒА БАСТЫРЫЛДЫ

КҮРІШ СУҒА БАСТЫРЫЛДЫ

Көктем келісімен «Аққұм-Жер» шаруа қожалығына қарасты алқапта қайнаған тірлік басталып кетті. Себебі төраға Алматбек Алдоңғаров биыл алғашқы науқанды ерте бастауды жөн санапты. Нәтижесінде қазірдің өзінде 500 гектардай күріш суға бастырылып, бидайлықтағы өнім қарысқа жеткен.

Жыл сайын күріштен тау тұр­ғызатын тіректі елді мекендегі атал­ған шаруашылық ұжымы биыл да мол өнімнен үмітті. Атыздық ба­сында құр жүрген жан баласы кө­рінбейді. Әрқайсысының өзіне жүк­телген міндеті бар. Бірі астындағы трак­торымен тұқым сепсе, енді бірі суға бастырылған Сыр салысын сыртынан бақылап жүр. Дала дүбірге толды деген осы шығар, сірә. Төрағаның техникаларды жаңа­лауға басымдық бергені бірден аңға­рылады. Алқапта бірде-бір көне техниканы көзіміз шалмады. Еңбек­керлердің де қимылы ширақ. Бәрі де өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, толағай та­бысқа жетуге деген мақсаты жұ­мы­сынан байқалып тұр.
Былтыр 850 гектар алқапқа кү­ріш еккен «Аққұм-Жер» шаруа қо­жа­лығы күзгі науқанда бейнетінің зей­­нетін көрді. Себілген дәннің әр гектарынан 51 центнерден өнім алып, шаруашылықтың кіріс көзін еселеді. Жүзге жуық адам­ды жұ­мыспен қамтып отырған Алматбек Алдоңғаров бұл жетістікті ұжым­дас­тарының саладағы тәжірибесімен байланыстырады.
– Былтыр межелеген өнімге қол жеткіздік. Биылғы мақсатымыз – одан да жоғары. Бұйыртса, ол мақ­сатымызға да қол жеткіземіз деп ойлаймын. Себебі мен ұжым­дастарыма және олардың тәжі­ри­бесіне сенемін. Қа­зірдің өзінде 500 гектардай күріш егіп, оны суға бастырып қойдық. Дән себу жұмыстары әлі де жалғаса береді. Базадағы техникаларды жаңартуға күш салып жатырмын. Сондай-ақ оның жемісін де қатар көріп келеміз. Заманауи техникалар шаруашылық шаруасының ши­рауына үлкен демеу болды. Бір жағынан еңбеккерлердің де жұмы­сының жеңілдеуіне сеп болуда. Шаруашылық қандай жетістікке жетсе де онда барлық жұмыс­кердің қолтаңбасы бар. Сон­дықтан олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Ұйымшылдықтың, ауыз­біршіліктің арқа­­сында былтыр межелеген өнімге қол жеткіздік. Биыл да саладағы дәс­түр сабақтастығын жалғауға ты­рысамыз, – дейді шаруа­шылық төрағасы.
Өткен жылы 200 гектар янтарь және 600 гектардан астам лидер сұрыпын сепкен шаруашылық биыл тұқымның тек бір ғана түрін егуді жөн санапты. Яғни күріштің лидер тұқымын егуді қолға алған. Мұнан бөлек 200 гектарға жуық бидай мен 100 гектар жаңа жоңышқа егіп, 350 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Егіс басында қос механизатор күніне 60 гектар алқапқа дән себеді. Алғашқы науқанды ерте бастап кеткен ша­руашылық күзгі науқанды да ерте бастауға бел буып отыр. Расында, атыз басындағы қайнаған жұмысқа қарап, олардың бұл бол­жамын жоққа шығара алмайсың.
Алматбек Алдоңғаров шаруасы шираған сайын өз ауылдастарына қолғабыс етуді дәстүрге айналдырып келеді. Осыған дейін тұрмысы төмен отбасылар мен ақ жаулықты аналар, ардагерлерге азық-түлік өнімдерін үлестірген болатын. Сондай-ақ ауыл­­дағы Тайман қажы атындағы имандылық үйінен де қолынан келген көмегін аямаған. Мешіттің қарауылы мен имамына ай сайын жалақы төлеп, сауапты істің басы-қасында болуды жөн санапты.
Қазір бұрынғыдай емес, аталған шаруашылықтың жұмысы бір ізге түскен. Еңбеккерлердің де ай­лы­ғы жоғары. Сондай-ақ олар жа­лақысынан бөлек жыл сайын қосымша қаржылай сыйақыға ие болады. Мұндай дәстүр тіректі елді мекенде бір емес, бірнеше жыл­дан бері жалғасын тауып келеді. Бас­тысы, төраға тарапынан жұмысты же­ңілдетуге, қаржылай да қолдауға көп­теп көңіл бөлінуде. Мұндай де­меуді сезінген еңбеккерлердің де егіс басындағы қимылы ширақ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


16 мамыр 2020 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (9617)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (9616)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031