» » ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

– Көкірегімнің үміті мен тілегі,
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі,
Менің елім, менің елім – гүл елі!

Жұмекен Нәжімеденов

Қазақтың заңғар ұлы, алып ақыны, ұлттың болмыс-бітімін бойына түгел жиған халқымыздың қыран баласы, мемлекеттік әнұранымыздың авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтей тұлғаның қаламынан туған жыр жолдарын мақаланың беташары ретінде алып отырмыз. Өйткені Жұмекендей ақынның туған ел хақындағы осы бір өлеңі оқыған жанға ой салары анық. Ал бұл туындыны ақындардың елі, батырлардың жері саналатын Жалағаштың қасиетті топырағынан нәр алған, жігерін жасытпаған, намысын таптатпаған, туған жерге ту болып тігілген осы өлкенің арлы, ойлы, саналы азаматтары оқыса рухтанып сала берері сөзсіз. Себебі туған жерге кіндігі байланған әр азамат өскен ортасының, елінің болашағы кемел болғанын жан-тәнімен қалайды. Ондай адам – Отанына шын берілген патриот. Отанына шын берілген адам туған жерді түлету әр азаматтың борышы һәм ортақ міндеті екенін жақсы түсінеді.

Алашқа ана болған Сыр өңірінің жылдан-жылға көркейіп келе жатқан ауданының бірі – Жалағаш. Шығысы Сырдария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жезқазғанға жалғасып, түстігі Қарақалпақпен қабаттасып жатқан Жалағаш жері – Қызылорда облысындағы жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкенің бірі. Тіпті аудан орталығында орналасқан көшенің барлығы түп-түзу етіп жасалған. Үйлер бір сызықтың бойымен орналасқан деуге болады. Бұны ғаламтор арқылы картаны көре алатын әрбір азамат байқайды. Аудан орталығының осынша жинақы әрі көркем болуы – аға буынның жарқын болашақ жолында жасаған жұмысының жемісі.
Жыл сайын елді мекендерді көркейту-көгалдандыру бағы­тында көптеген жұмыс атқарылады. Әкімдік тарапынан өкімдер шығып, күз және көктем мезгілдерінде тазалық-санитариялық, көркейту-көгалдандыру айлықтары жарияланады. Сөз жоқ, бұл кездерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көркейту және тазалық жұмыстары жүргізіледі. Көшелер жиналып, қоқыстар мен қатты қалдықтар шығарылып, ағаштар отырғызылады. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Еліме болсын деген азаматтардың жұмысын Жалағаштың қоғамдық өміріне белсене араласатын әрбір тұрғын жақсы біледі деп ойлаймыз. Көшеттер мен қаламшалар отырғызуға байланысты кенттің ішіндегі көшелерде арнайы орындар белгіленіп, шарбақтармен қоршау жұмыстары жүргізілді. Су жүретін арықтар тазаланып, әртүрлі көшеттер отырғызылды. Елде төтенше жағдай жарияланса да жалағаштық азаматтар туған жерлерін гүлдендіруге асықты. Ал 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі аяқталып, қауіпсіздікті сақтау мақсатында карантин мерзімі ұзартылды. Осындай сәтте Жалағашты көркейтуге бұрынғыдан бетер жұмылу қажет.
Көтерген мәселемізге орай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев ағамызға хабарласқанымызда: “Әркім өз ауласын таза ұстауға ден қойғаны абзал. Саулықтың кепілі – тазалық екенін ұмытпайық. Тазалықты әркім өз үйінен бастаса, сол тірлігі арқылы өзгеге үлгі болса, оның бұл әрекетін келесі адам жалғап әкетсе, Жалағаш жұртының ортақ істе аянып қалмайтынын айғақтай түсер еді”, – деген пікірін білдірді. Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев ағамыз: “Мәңгілік ел болуға ұмтылған тәуелсіз Қазақстанның әр адым жерін гүлдендіру – қасиетті өлкені мекендеген бүгінгі ұрпақтың ортақ парызы. Бұл жолда Алашқа ана атанған Сыр өңіріндегі Жалағаш ауданының жұрты да аянып қалмауы керек деп санаймын”, – деген ойын жеткізді.
Ардагер ағалардың “жалағаштық жұрттың өзгелерге үлгі болуы керек” дегендерінің астарында үлкен мән жатыр. Биыл кент орталығындағы алты көше жөнделеді. Одан бөлек орталық алаң абаттандырылу үстінде. Әне-міне дегенше тұрғындар көгілдір отын­ның игілігін көріп, жаңа ауруханада емделетін болады. Тіпті ауылдарда да қажетті жұмыстар қолға алынады.
Өткен жылы ауданымыз облыстағы үздіктердің көшін бастады. “Қызылорданың Қостанайы” атанған Жалағаштың диқандары үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Күріштен тау тұрғызған диқан қауымның ала жаздайғы еңбегінің өтеуі қайтты. Жалағаш облыс бойынша үздік аудан атанды. Ал үздік ауданның келбеті де басқалардікінен әлдеқайда көркем болуы қажет.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

16 мамыр 2020 ж. 87 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930