» » ЖЕР БАПТАҒАН АРДАГЕР

ЖЕР БАПТАҒАН АРДАГЕР

Кент тұрғыны Қоғажай Ерғалиева апамыздың үй іргесіндегі жайқалған ағаштар мен жеміс талдар алыстан көзге түседі. Бұл ағаштарды бағбан апамыз осыдан 10-15 жыл бұрын отырғызыпты. Бүгінде бұл жеміс талдары жайқалып, аулаға өзіндік көрік беріп тұр. Ұзақ жылдар бойы баспа саласында қажырлы еңбек етіп, артында абыройлы із қалдырған Қоғажай апамыз бен жары Төлепберген ағамыз бау-бақша баптаудың нағыз майталманы болып алған. Бақшасында алма талынан бөлек жүзім, өрік, шие, шабдалы жеміс ағаштары мен түрлі көкөніс дақылдары да кездеседі.

Ардагер апамыздың ауласындағы бақшаның көлемі үлкен емес. Бар болғаны 5-6 сотықты құ­райды. Соның өзінде бақшадан жемістің түр-түрін кездестіруге болады. Көктем шыға қолына кетпен алып, егіннің қамына кірісетін апамызды бұл жолы да бау-бақша маңынан жолықтырдық. Онда бағбан апамыз қызанақ көшеттерін отыр­ғызу қамына кірісіп кетіпті. Екеуара әңгіме ба­рысында соңғы он жыл көлемінде базардағы көкөністі тұтынып көрмегенін айтты. Бау-бақ­шасындағы жеміс отбасын толық қамтамасыз етуге жетеді екен.
– Бұрын бұл жердің соры шығып жататын. Баспана тұрғызып, қора-жайды қамдап, есік алдына тал ектік. Жерді құнарландырып, жеміс ағаштарын отырғыздық. Жолдасым Төлепберген екеуміз көктем шыға осы бақша жұмысына кірісеміз. Аяқ су да келіп тұр. Тек еңбек етіп, жерді шұқылай берсе, Жер Ана да несібесін төгеді. Жаздың ыстығында отбасымызбен бірге ауладағы талдың көлеңкесіне отырып, кешкі шайды самаурынмен ішуді дәстүрге айналдырғанбыз. Жеміс ағаштарының ара­сы­нан соққан жел – табиғаттың самал исімен тынысыңды ашатындай. Міне, жеміс ағаштарының бір кереметі осында. Әрбір тұрғын өз ауласын жайқалтып отырса, кент келбеті одан әрі көркейіп, тазалық пен денсаулыққа да пайдасы зор болар еді, – дейді кент тұрғыны Қ.Ерғалиева.

Бағбан апамыздың жолдасы Төлепберген аға­мыз аудандық «Иманқұл» мешітінің қыз­меткері. Обал мен сауапты, харам мен халалды ажырата білген бұл отбасы өз ауласынан шыққан жеміс-жидек пен көкөністі нарыққа шығарып, ешқашан саудалаған емес. Керісінше Жер Ананың төккен несібесін сауапты іске бұрып, ең алғашқы өнімді көршілері мен мешіт қызметкерлеріне тегін үлестіріп береді. Одан кейінгісін өздерінің қажетіне жаратып, артылғанына тосап қайнатады.

Өз ауласын үлгірте алмай, әрнәрсені сылтау қылатын жандарға бағбан апамыздың бұл ісі үлгі боларлықтай-ақ. Бірі аяқсу жоқ десе, ал енді бірі ауладағы жер құнарсыз деп ақталады. Бірақ еңбек етуге бекінген жанға бұл сылтау емес. Жаз мезгілінде көкөніс дақылын тұтынбай отыра алмайтынымыз тағы бар. Оны өзің екпесең, ақша шығарып, базар жағалауға тура келеді. Ал Қоғажай апамыз секілді еңбексүйгіш жандар өзіне керекті көкөністі өз ауласынан үзіп алып, балаларының несібесіне айналдырып отыр.

– Бау-бақша баптаған жандар тазалықты сүйеді. Тазалыққа жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап түсінуіміз қажет. Ол үшін әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, есік алдын жайқалтып отыруы керек. Неге дейсіз ғой? Өйткені тазалық болмаған жерге тал да шықпайды. Жеміс ағаштарының өзіне балаша күтім керек. Сонда ғана жайқалып, көктеп-көгеріп отырады, – деп түйіндеді сөзін бағбан апамыз.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
19 мамыр 2020 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930