» » ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУ КЕРЕК

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУ КЕРЕК

Медицина саласындағы басты мақсат – халық денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру. Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор. Әсіресе бүгінгідей сын сағатта жауапкершіліктен қашпай, еш мойымай бар күш-жігерін елдің амандығы жолында жұмсаған да дәрігерлер қауымы болды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі мәлімдемесінде төтенше жағдай кезіндегі қабылданған шаралармен қоса дәрігерлер қауымының жұмысына да тоқталған еді. "Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары" деген болатын. Мемлекет басшысының бұл қуатты сөзі денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін жігерлендіре түсті.


Жалпы қауіпті індетке байланысты Жалағаш аудандық ауруханасында бір инфекциялық, екі провизорлық, үш карантиндік төсек орын ашылды. Инфекциялық бөлім бұрынғы жұқпалы аурулар бөлімшесі орнында ұйымдастырылып, коронавирусты нақты дәлелденген науқастарды емдеуге арналды. Бірақ бізде індетті жұқтырғандар тіркелген жоқ. Ал провизорлық бөлімше бұрынғы тері жіңішке аурулары бөлімшесі орнында, бұл бөлім дене қызуы жоғарылап, тыныс алу жолдарында қабыну белгілері немесе басқа да шағымдары бар, вирусты күмәнді науқастарды емдеуге бағытталды. Бұл бөлімде жауапты дәрігер міндеті бас дәрігердің орынбасары, жоғары санатты терапевт Гүлсім Каюповаға жүктелді. Сын сағатта ең жауапты міндетті мойнына алған дәрігер өзінің өмірлік тәжірибесінде талай қиындықты еңсерді. Еңбек жолын 1995 жылы Сырдария аудандық емханасында аймақтық дәрігер болып бастады. Содан соң 1996 жылы Қызылорда қаласындағы №6 емханада, 2000 жылы қалалық жедел жәрдем стансасында кардиолог, 2006 жылдан бастап Жалағаш ауданында емхананың терапия бөлімінде меңгеруші, қазіргі таңда бас дәрігердің орынбасары, терапия саласының эксперт маманы қызметін атқаруда.


– Жұмысымыз қауырт екені рас, біз уақытпен санаспаймыз. Оның үстіне қазір әлемде болып пандемиямен күресудеміз. Медицина саласы қызметкерлерінің жұмысы одан сайын күрделене түскені белгілі. Қазақстандықтардың індеттен сақтануы үшін, вирус жұқтырғандардың уақытында ем қабылдап, отбасына аман-есен оралуы үшін ақ халаттылар қауымы барын салуда.


Бұл бөлімде кезекші мейіргерлер Н.Қыпшақбай, Г.Әрібхан, А.Күмісбай, Г.Жарылқасынова, А.Айтуарова және кіші аяжандар Г.Пірімжарова, Р.Атахаева, Ж.Піржанова, Қ.Аяғанова, Г.Абжаппарова түскен пациенттерге медициналық қызмет көрсетеді. Ауданда ешқандай вирустың белгілері болмағанына, жұқтырғандардың тіркелмегеніне қуануға тиіспіз. Сондықтан да халықты негізсіз ақпаратқа құлақ аспай, керісінше сақтану шараларын күшейтуге, босаңсымауға, денсаулыққа үлкен мән беріп, дұрыс тамақтануға, ұйқы режимін сақтауға, салауатты өмір салтын ұстану арқылы иммунитетті көтеруге шақырамын. Біз үшін де ең бастысы, азаматтардың амандығы, – дейді Гүлсім Каюпова.

Нұр НАУАН

19 мамыр 2020 ж. 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930