» » МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ

МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ

Денсаулық – баға жетпес байлық. Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздағанда, дертіне дауа іздегенде баратыны – медицина қызметкерлері. Дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақ халатты абзал жандар ғана. Олардың көмегімен дертімізден айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңіліңді көтеріп, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын да осы асыл маман иелері.

Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында халықаралық мейірбикелер күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді.


Адамзат тарихында ұлы екі мамандық бар. Бірі – ұстаздық, екіншісі – дәрігерлік. Бірі адамның үлкен өмірдегі орнын айқындап беретін бағдаршам іспеттес болса, екіншісі тірі жанның тіршілігіне араша түсіп, жанына шипа болатын асыл мамандық. Осы жолды таңдаған, адам жанының арашашысы болып жүрген ақ халатты абзал жанның бірі – аудандық емханаға қарасты Аққұм ауылдық дәрігерлік емханасының аймақтық медбикесі – Айгүл Тыманбаева. Ол 1990 жылдары орта мектепті бітірген соң республикалық медицина училищесіне оқуға түсіп, "Санитарлық фельдшер" мамандығын алып шығады. Оқу орнын тәмамдаған соң 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Аққұм ауылдық дәрігерлік емханасында аймақтық мейірбике қызметін үздіксіз, абыроймен атқарып келеді.


Бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін, адам өмірі үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын маман. Біздің кейіпкеріміз Айгүл Жалғасқызы болса 25 жылға жуық денсаулық саласында жүріп, жанына шипа іздеген талай адамға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, алғысын алған. Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген білікті маман. Қазіргі таңда жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көп көмегін тигізіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісіп, өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес.


Бүгінгі күні пандемияға байланысты аудан бойынша барлығы тоғыз тосқауыл бекеті күндіз-түні үздіксіз жұмыс жасауда. Індеттің алдын алуда, карантин уақытында Аққұм ауылдық тосқауыл бекетінде кезекшілікте болып, әр адамның дене қызуын өлшеп, сауалнама, вирус жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Уақытпен санаспай, елдің амандығын басты мақсат тұтқан ақ халатты абзал жанның тосқауыл бекетіндегі жұмысы оңай емес. Алайда мейірімді алақан иесі жұмысына деген жауапкершілігінің, адалдығының және сүйіспеншілігінің арқасында бұл қиындықтарды да еңсеріп келеді.

Нұржамила Алмасқызы

19 мамыр 2020 ж. 203 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930