» » БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚҰТЫ

БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚҰТЫ

Ауыл шаруашылығы қашаннан өндіріс саласы. Әсіресе егін егіп, ерінбегеннің еңбегі еш кетпейтінін, еңбектенгеннің еңсесі биік екенін ұғынған, несібесін Жер-Анадан жиып-терген еңбеккерлер қауымы жақсы біледі. Ал аудандағы осы саланың көш ілгері болуы, өңіріміздің дамуына тікелей әсер етеді. Жалпы бізде өзі туып-өскен жері Жалағаш топырағында аянбай еңбек етіп, тер төккен, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесін қосып жүрген азаматтар жетерлік. Есет батыр ауылындағы Дүйсенғазиевтер отбасы да шаруашылық жұмысын ширатқан жандар. Бүгінде шаруашылық жұмысына отбасы мүшелері түгелдей атсалысуда.  Әке жолын жалғаған ер балалары ерте жастан еңбекке араласты. Қазірде барлығы бір-бір үйдің иесі болса да әкелері бастаған жұмысты аяқсыз қалдырмады.
 
Мақаламызға арқау болған Хамит Дүйсенғазиев 1940 жылдың жиырмасыншы қарашасында Ақарық ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірісімен еңбекке араласады. Еңбек жолын туған ауылы Ақарық колхозында механизатор болып бастады. Ол өндірістік бригадирінің көмекшісі, одан кейін механик болып жұмыс атқарды. Сол салада көптеген өндіріске жаңалықтар енгізіп, халыққа қызмет етті. Алғашқы ұн, күріш диірмендерін қолмен құрастырып, халықтың қажетіне жаратты. Совхоздың күрішті көп өндіруіне байланысты тазартып мемлекетке өткізуге көп жұмыс қолы қажет болатын, осыны жеңілдету мақсатында механикаландырылған түрін жасап, жұмыс қолын азайтты.
1969 жылы өмірлік жары Рсалды Садуовамен шаңырақ құрды. Жары Рсалды апамыз да 1967 жылдан бастап Ақарық колхозында күріш егумен айналысқан екен. Одан кейін кезіндегі «Жақаевшылар» мектебінде оқып білім алып, Социалистік Еңбек Ері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыбырай Жақаевтың өз қолынан аттестат алған. 1967 жылы Жалағаш аудандық партия комитеті, аудандық Кеңес атқару комитеті Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдық мерекесі құрметіндегі социалистік жарыста озып шығып, еңбек пен тұрмыста үлгі көрсеткендігі үшін дипломмен марапатталды. 1968 жылы коммунистік партия қатарына еніп, сол жылдары ерен еңбегі үшін бірнеше рет марапат төрінен көрінген. Аудандық кеңестің депуттаттығына бірнеше мәрте сайланған. Тіпті озаттар қатарынан табылып, Германияға саяхаттап қайтқан.
Хамит әкемізге тұрмысқа шыққан соң жолдасы екеуі совхоз, колхоз жұмыстарында еңбек етті. Хамит Дүйсенғазиев 1996 жылы 55 жасында зейнетке шықса, Рсалды апамыз 1995 жылы еңбек демалысына жіберілген. 2010 жылы көпбалалы ана Президенттің Жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанды.   
Хамит әкеміз 2002 жылы «Нағи» шаруа қожалығын ұйымдастырып, өз балаларын сол жұмысқа жұмылдырды. Егіске қажетті техникалардың кейбіреуін қолдан жасап, Магдон сияқты күріш оратын жатка құрастырып, еңбекке пайдаланды.
– Шаруашылық құрылған жылдары бізге инженерлік жүйеге келтірілген жер тимегендіктен егістіктен қалған жай жерді пайдалануға тура келді. Әдепкіде 40 га жерді пайдаландық. Содан кейін бірте-бірте жер көлемін үлкейтіп, 10 га, 20 га, 28 га-ға дейін жер аштық. Жаңадан жер ашып қосу үшін техника ауадай қажет. 2008 жылға дейін комбайн, тракторларды КАЗАгроФинанс АҚ арқылы алдық. Кейін күріш оратын техника күші жетіспегендіктен қолдан Магдон кобайнын жасап шығаруға тура келді. Осылайша қолда барды қанағат тұтып, шаруашылық жұмысын жүргізе бердік. Содан соң Магдон 155 жаткасын, 2 CLASS 580 комбайнын, ал биыл трактор, соқа және жердің арық-атызын қазуға қажетті техникаларды алдық. Қазір шаруашылықта 158 га жай жер, 85 га инженерлік жүйеге келтірілген жер бар. Қазір менің жасым ұлғайды, бұрынғыдай күш-қуат жоқ. Сондықтан 2017 жылы «Нағи-1» шаруа қожалығын құрып, екі шаруашылықты да үлкен ұлым Серік жүргізіп отыр. Шаруашылықта 17 адам жұмыспен қамтылған.
Айта кетейін, менің жеті балам бар. Барлығы өз алдына үй-жайлы. Мен отбасында балаларыма ең бірінші еңбектену керектігін айтып отырамын. Өйткені ерінбей еңбектенгеннің несібесі болады, Жер-Ана жомарт қой, бейнеткерге қашанда молынан ризығын береді. Әсіресе ұлдарымды еңбекке ерте араластырып, маңдай термен тапқанның дәмі тәтті болатынын түсіндірдім, көрсеттім. Шүкір, қазір ұлдарым әке жолын жалғастырды, барлығы осы шаруашылықта еңбек етеді. Үлкен ұлым шаруашылық жұмыстарын жүргізсе, екі ұлым осында механизатор. Қыздарымның екеуі білім саласында, біреуі медицина саласын бітірген. Кемпірім екеуміз 23 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты жандармыз.
Жалпы отбасы деген құтты мекен. Мұнда еліміздің болашағын тәрбиелейміз, келешек тұлғаны қалыптастырамыз. Сондықтан біздің шаңырақта қазақы дәстүрімізге, құндылықтарымызға үлкен мән береміз. Өзі қазақ деген дана халық қой. Баланы үш сөзбен-ақ тәрбиелеген. Балаларыма кішкентайынан обал мен сауапты, жақсы мен жаманды ажырата білуді, ұят болатын істерден аулақ болуды үйреттік, – дейді Хамит Дүйсенғазиев.
Бүгінде отбасының ақылшысы, Хамит Дүйсенғазиев еңбегі ескеріліп, Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен және «Боир» (бүкілодақтық жаңалық және өнертапқыштық) белгілерімен марапатталып, бір рет аудандық, үш рет ауылдық кеңеске депутат болып сайланған. Сонымен бірге 2010 жылы «Алтын дән-2010» мерекесінде аудан әкімінің «Алғыс хатына», «Ең үздік диқаншы» номинациясына және 2019 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болған.


Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
22 мамыр 2020 ж. 395 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 63

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930