» » ЖЕРЛЕСІМІЗ АКАДЕМИК АТАНДЫ

ЖЕРЛЕСІМІЗ АКАДЕМИК АТАНДЫ

Жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, профессор, хирург Болатбек Баймаханов жайында әңгіме қозғала қалса, оның дәрігерлік біліктілігінен бөлек, азаматтық болмысы да қоса айтылады. Кеше алтын қолды дәрігер ағамыз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.

Болатбек ағамыздың есімі бүгінде тек республикаға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де таныс. Ол кісінің медицина саласындағы жетістіктерін мойындаған шетелдегі әріптестері де кәсіби біліктілігін құрмет тұтады. Отандық медицинаны жаңашыл бағытқа бұрған ол өзінің еңбек жолында еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына айтарлықтай зор үлес қосып келеді. Жинаған тәжірибесін іс жүзінде жүзеге асырып, ішкі органдарды трансплантациялауда күрделі оталар жасап, ажал аузында тұрған мыңдаған науқастың дертінен айығуына тер төкті.
Айта кетейік, Болатбек Баймаханов 1962 жылы 3 қыркүйекте Жалағаш ауданында дүниеге келіп, №31 орта мектепте білім алды. Аудан орталығындағы білім ошағын ойдағыдай тәмамдап, Алматы медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Аталған жоғары оқу орнын хирург мамандығы бойынша бітіріп, Қызылорда облыстық ауруханасында дәрігер-хирург болып еңбек жолын бастады. Бір жылдан соң эндоскопист-дәрігер болып абыройлы қызмет атқарды. Ал 1990 жылы А.Н.Сызғанов атындағы клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып тәжірибе жинақтады. 1991 жылы осы институттың хирургия бөлімінің ғылыми қызметкері, 1995 жылы хирургия бөлімінің аға ғылыми қызметкері болды. Ал 2000 жылы ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып қызмет атқарса, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. 2003 жылы Алматыға қайта оралып, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры болды. 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика факультетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітіріп, заман талабына сай қосымша тағы бір мамандықтың иесі атанды. 2008 жылы Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2011 жылы «Республикалық шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2012 жылы №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Қазіргі таңда Алматы қаласында «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық ғылыми орталық» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет атқаруда.
Ағамыздың денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы аталған салада атқарған ерен еңбегін мемлекет жоғары бағалап, ағамыздың кеудесіне «Құрмет» ордені», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл» медалі және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» медальдарын тақты.
Болатбек Баймаханов ТМД елдері хирург, гепатологтар ассоциациясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылым­дарының докторы, профессор, «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» екенін де айта кеткен жөн.
Туған жер – әр адамның түпқазығы. Сол ауылдың қадірі мен қасиетін өзінің білімімен, қажырлы еңбегімен асқақтатып жүрген профессор Болатбек Бимендеұлы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енді. Кеше Алматыдан жеткен ақжолтай хабарда ағамыз ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі атаныпты. «Сырттағы ауыл азаматтарының абыройы – туған өлкенің марқаяр мақтанышы» деп білетін Сыр жұртшылығы оның бұл жетістігіне сүйсініп, жерлесімізге әлеуметтік желі арқылы жылы лебіздерін жеткізуде. Біз де алтын қолды дәрігерді академик атануымен құттықтаймыз!

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

30 маусым 2020 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№50 (9629)

04 шілде 2020 ж.

№49 (9628)

30 маусым 2020 ж.

№48 (9627)

27 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031