» » ЖАЛАҒАШ ЖЕРІ ҚҰТ БОЛҒАЙ

ЖАЛАҒАШ ЖЕРІ ҚҰТ БОЛҒАЙ

Сыр еліндегі тамыры терең, тарихы кенен, халқы ынтымақты сүйетін, еңбекті ту, бірлікті ұран еткен өңірдің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан. Бүкіл қазақ құрмет тұтатын Темірбек Жүргеновтің өзі бұл өңірді тектілердің мекені екенін айғақтап тұр. Ақын, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов, Нысанбай жырау мен Беркінбай қалпе есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Зерттеуші-ғалым Мардан Байділдаев та бүгінгі ұрпақ өнеге алар жанның бірі. Аудармашы Ілияс Қабылов, жазушы Шыңғыс Айбосынов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, ҚР тұңғыш «Сұңқар» әскери-теңіз кемесінің командирі Болат Алтынбаев жалағаштықтар мақтан тұтатын жандардың қатарында. Бұл тізімнің мұнымен бітпесі анық. Дегенмен, Республика бойынша өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы дәрігер Болатбек Баймаханов, жырау Айдос Рахметов пен айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың осы өлкеден екенін айта кеткен жөн.
Ақындардың елі, батырлардың жері, талайға құт мекен болған Жалағашқа біз де келіп қалдық. Елмен бірге жасап келе жатқан аудан айнасы – «Жалағаш жаршысы» газетінің тізгінін ұстау бұйырды.
Сонау 1934 жылдан бері жарық көріп келе жатқан басылым ауданның бас газетіне айналды. Өз тарихында «Колхозшы», «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария» аталып келген газет 1993 жылдан бері «Жалағаш жаршысы» болып жарық көріп келеді.
Газетке Сахи Жарылқасынов, Жарылқасын Дүйсенов, Смайыл Ақжігітов, Мұрат Нұржанов, Сұлтан Қожаниязов, Жүсіп Алтыбаев, Адис Ахетов, Шілдебай Оңғалбаев, Сұлтан Жүсіпов, Мырқы Исаев, Айтбай Қойшыбаев, Әзілхан Аманов, Қален Әбдешов, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшенов, Кенжеғара Сүлейменов, Мәлік Аяпов, Серік Бертаев, Қарлығаш Әбдірахманова, Ғазиза Әбілдаева, Нағымжан Сауяев сынды қаламгерлер басшылық еткен.
Бүгінде газет қаламгерлері өңір тынысын айшықтап, Елбасы тапсырмасына сай аймақта атқарылып жатқан толымды істерді өз мақалаларына арқау етуде.
Облыстық және аудандық басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды.
Бүтін бір ауданның үнжариясына айналған газет елдің көкейіндегісін айтатын, еңбеккерлердің ерен еңбегін жариялаған ақпарат құралы бола білді. Бұдан кейін де әлеуметтің тыныс-тіршілігін бейнелейтін, өлке тарихын шежірелеп, халықтың үні іспетті басылым болу үшін еңбектенеміз.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
11 қыркүйек 2018 ж. 975 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9652)

22 қыркүйек 2020 ж.

№72 (9651)

19 қыркүйек 2020 ж.

№71 (9650)

15 қыркүйек 2020 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930