» » АДАМЗАТТЫҢ АРДАҚТЫСЫ ТУҒАН АЙ

АДАМЗАТТЫҢ АРДАҚТЫСЫ ТУҒАН АЙ


Мәуліт – исі мұсылман үшін ең қадірлі айдың бірі. Қасиетті мерекеде барлық мұсылман қауым Алланың елшісі, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туғанына қуанып, шүкіршілік айтады. Бұл айдың ерекшелігі де сонда. Өйткені, мәуліт айында мейірімділіктің жаршысы, көркем мінез иесі, Жаратушының таңдаулы құлы, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүние есігін ашты.
Мереке аясында аудандық мәдениет үйінде «Сағындық сені, я Расулалла!» атты салтанатты жиын өтті. Рухани кеште ең алдымен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы Шыңғыс Сәдуов құран оқып, Алла біреу, Пайғамбар (с.ғ.с) хақ деген мұсылман жұртының жүрегін иман нұрымен нұрландыра түсті. Мұнан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев қашанда Аллаһты танып, оның елшісінің өмірін өнеге тұтқан халықтың иманы берік болатынын айтып, аудан жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтады. Салтанатты шара барысында жиналған жамағат назарына екі дүниенің сардары, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) парасаттылығын паш ететін бейнекөрсетілім ұсынылды. Сондай-ақ, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Қызылорда облысы «Нұр» мешітінің бас имамы Марат Үркімбаев игі мұсылман жамағатқа ізгі тілегін арнаса, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы Шыңғыс Сәдуов пен «Мүбәрак» мешітінің имамы Нұрлыбек Мұханбетов мәуліт оқыды. Сонымен бірге, мерекелік кеште аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, «Халық» театры «Адасқандар» атты қойылымын көрсетті. Қойылымның негізгі тақырыбына діннен адасып, ата-анасын кәпір санап, Алланың жолында жиһадқа аттанамын деп Сирияға басы ауған, адасқан перзенттің өмірі арқау болды. Ол түбінде ол жақта мұсылмандардың бір-бірін өлімге қиып, қанды соғыстың ортасында жүргенін көріп, өзінің адасқанын түсінеді. Бірнеше минутқа созылған көріністің шынайы өмірден алынғанын бәріміз білеміз. Мұндай адасушылықтың белең алуына діни сауатсыздықтың итермелейтіні де анық.
Аллаһтың сөзін адамзатқа жеткізген ардақты жан бір хадисінде: «Ей, мүминдер! Мен сендерге екі аманат қалдырып бара жатырмын. Бірі Аллаһтың сөзі – Құран, екіншісі – менің сүннетім» деген екен. Осы жолда аудандық мешітте білім алып, жастайынан жүрегіне иман нұрын ұялатып жүрген шәкірттер де бар. Мәуліт мерекесінде осы шәкірттердің бірқатары Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, енді бірі арнау арнап көңіл қуантты. Жүрекжарды тілегін жеткізген мешіт шәкірттерінің бірқатарына аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев «Алғыс хат» табыс етіп, жиналған жамағатты мәуліт айымен құттықтап, ерекше мейірімді Аллаға бас иіп, оның сүйікті құлы – Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с) ардақтауға мүмкіндік туған бейбіт күнге шүкірлік етті.
Салтанатты жиын соңында аудан­дық­­­ «Иманқұл» мешітінің 2018 жылы­­­­ атқарған жұмыстарының есе­бі көр­се­­­­­­­­­­­­­тіл­­­ді. Салтанатты шарадан соң аудан жұртшылығына арнап мешітте ас берілді.
Мешіт ұжымы игі бастамалардың, жарқын істердің жүйелі түрде жүзеге асырылуына белсенді атсалысқаны үшін жуырда «Үздік ұйым» атанған болатын. Алла жолында атқаратын жақсы амалдарыңыз бен игі істеріңіз толастамасын дейміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
08 желтоқсан 2018 ж. 106 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9465)

13 қараша 2018 ж.

№85 (9464)

10 қараша 2018 ж.

№84 (9463)

06 қараша 2018 ж.

Сұхбат

12 жасар композитор
28 қыркүйек 2018 ж. 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31