» » Қасқырда да қасиет бар, бағамдасақ….

Қасқырда да қасиет бар, бағамдасақ….

Қасқыр – біз білетін азулының ең жүректісі. Түсі суық болғанмен оның да бойынан үлгі аларлық қасиет табылады. Үлкендер “арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын бергенше, қасқырдың жүрегін берсін” деп жатады. “Жолдасына қасқыр да қас қылмайды” дегенді айтқан да біздің қазекем. Осы ретте терісін сыпырып алсаң да, қыңқ деп дыбыс шығармайтын, ешқашан екі рет жұп құрмайтын, аң атаулының тәкаппары саналатын қасқырдың өзіміз білетін қасиеттерін санамалап көруді жөн деп таптық.

Қасқырдың ең ғажап қасиетінің бірі – ешқашан өлексемен қоректенбейді. Осының өзі оны көп жыртқыштан даралап тұрады. Сонан соң құртқасы өмірінде бір-ақ рет бөлтіріктейді. Түз тағысының қолға үйренуі екіталай. Өйткені, күшік кезінен асырасаң да, құйрығын бұлғаңдатып еркелемейді. Бұл жайын­да қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің “Көксерегінде” тәптіштеп айтылған. Шығарманы оқыған, киносын көрген жан қасқырдың бұл қасиетін жақсы біледі деп ойлаймыз.
Қасқырдан қорқып, малымызды қырып кетеді-ау деп оған үрке қарайтынымыз тағы бар. Бұл аңды жақсы білетіндер оны қанша жыртқыш болса да бөлтіріктесе, жақын маңда орналасқан қорадағы малға шаппайтынын айтады. Қайта керісінше, өзінің азығына керегін ғана алып, қалғанын басқа тағыларға тигізбей қоритын көрінеді.
Ел ішінде қасқырға қатысты айтылатын әңгіме де, аңыз да көп. “Иттің иесі болғанымен бөрінің тəңірісі бар” дейтін халқымыз оның жазда тауға, қыста жазыққа ұмтылатынын жақсы білген. Қазақ қасқырдың атын атамаған, құтырып кетеді деп ойлап, «ит-құс» деген. Қасқырдың терісінен жасалған ішікті белсіздікке ұшырайды деп жас жігіттерге кигізбеген. Оның ішігін жамылған адамды боран болсын, ызғар болсын суық ала алмаған. Қасқырдың терісін 1-2 сағат бөстек қылып отырсаңыз, күні бойы денеңіз қызып жүреді. Терісін аяқ-киімге ұлтарақ етіп салсаңыз, табаныңыздан суық өтпейді.
Қазақ бөріні киелі санайды. Сол себепті, байрағына бөрінің бейнесін бейнелеген. Қасқырдың тісін,тырнағын адам баласы бойтұмар қылып тағып жүрсе, тіл-көзден ада болады деп ұққан. Сондай-ақ, әйелінің аяғы ауыр кезде ер адам түсіңде көк бөрі көрсе, онда оның әйелі текті бала туады деп жорыған.
Міне, қасқырдың біз білетін айрықша қасиеті – осылар. Оны қанша жерден түз тағысы дегенмен, бабаларымыздың байрағында бейнеленгенін ұмыт­пағанымыз абзал.

А.БЕК.
25 желтоқсан 2018 ж. 284 0