» » экономиканы әртараптандыру: әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған қадам

экономиканы әртараптандыру: әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған қадам

Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі – Жалағаш ауданы. Биыл 80 жылдық белеске шығып отырған ауданның ауыз толтырып айтар жаңалығы көп. Өнеркәсіп өнімдерін айтсақ, өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі 105, ауыз су 144, электрмен жабдықтау 105 процентке өскен. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2018 жылы 9 млрд 824 млн теңгені құрап, өткен жылдан салыстырмалы бағаммен алғанда 22,7 процентке артқан. Облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев аймақ тілшілеріне былтырғы атқарылған жұмыстар туралы осындай жағымды жетістіктерін айтып берді.
Бұл өңір облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ын­ты­мағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі. Ат­­қарылып жат­қан жұмыстар негізінен әлеуметтік мін­деттемелерді уақытылы орындауға, ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртарап­тан­дыруға негізделген басым жобалар­ды іске асыруға, инфра­құрылымды дамытуға бағытталған. Эко­но­микалық өсу­ді қамтамасыз ету мен әлеу­меттік мәсе­лелерді шешуде жұмыстар үзіліссіз жүр­гізіліп, аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасқан. Даму көр­сет­кіш­тері де жыл­ма-жыл артқан.
Аудан бойынша құрылыс жұмыстары да қарқынды. Мәдениет ауылындағы 90 орындық балабақша ғимараты, 150 орындық клуб, спорттық кешен, аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, Мырзабай ахун елді мекенінде ауыл әкімі аппараты ғимаратының құрылысы жұмыстары дер кезінде бітіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Еңбек елді мекенінде шағын маркет пен мейрамхана ашылып, халық қуанышын еселей түсті.
Облыс әкімі 2018 жылдың басында аймақ бойынша 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялауына байланысты кәсіпкерлікті дамыту алдыңғы қатарға қойылып, ауданда біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1 млрд 207 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 155 млн теңге салық түсті.
Ауданда тіркелген 2300 шағын кәсіп­керлік субъектісі, ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Аудан диқандары рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдырып, қамбаны қазынаға толтыруда. Бір ғана мысал, былтыр 15 млрд 254 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жиналды. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 22382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер дәнді қамбаға құйған.
Былтыр ауданда жалпы құны 690 миллионға жуық қаржыны құрайтын 8 жоба іске асып, соның аясында 84 жаңа жұмыс көзі халыққа ұсынылыпты. Атап айтсақ, «Манақ Баба» фермер қожалығының оа­зистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қо­жа­лығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкерлер Н.Серікұлы мен Е.Ақышевтың сүт қабылдау және өңдеу пункті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, Ш.Искаковтың тойхана және шағын маркет жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-ның те­мір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы пайдалануға бе­рілген.
Ал, басталған жылдың бизнес сала­сын­дағы жоспары да жағымды. Аудандық кә­сіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбеттің айтуынша, биыл жалпы құны 643 миллион теңгені құрайтын 10 жоба іске аспақшы.
– Тәулігіне 60 тонна қара күрішті ақ­тау және жем өндіретін «Сыздық» шаруа қожалығының цехы, «Баба» шаруа қожалығының ешкі сүтін өңдеу фермасы, 50 бас мүйізді ірі қараға арналған «Жер Ана» сүт фермасы, мал сою және ет бумалау бағытындағы «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның цехы осы бизнес-жобалардың қатарында. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер ұсынған хи­миялық тазалау орталығы, күріш ақтау және жем өндіру цехы, 50 адамға арналған қоғамдық монша, көліктерге техникалық қызмет көрсету мен қонақ үй және тамақтану кешені, балықты алғашқы өңдеу цехы биыл өз қызметін бастайды. Айтып өткен нысандар толықтай жүзеге асса, жалағаштықтарға 100-ден аса жаңа жұмыс орны дайын тұр, – деді аудан әкімі.
Денсаулық, білім, мәдениет саласының жұмыстарында да ілгері өрлеуге бет бұрыс жа­салуда. Білім беру сапасы жылдан-жыл­ға жоғары көрсеткішке ие болуда. ҰБТ қоры­тындысымен өткен жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Ауданның көрсеткіші 87,5 баллды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,9 баллға өскен.
Жалағаш жері қашанда толайым тір­лік­тер атқарылатын, елдегі шараларды назардан тыс қалдырмайтын өлке. Саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаларды дәріптеу мақсатында мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде өткізілді. Сонымен қатар, ауданда «Жаңғыру жолындағы Жалағаш жастары» атты жастар форумы, «Ана – қоғамның ұйытқысы» атты ІІІ аудандық әйелдер форумы, облыстық ауыл жастарының слеті, Еңбек ауылдық округіндегі «Батыр Аналар» ансамблінің 30 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шаралар жүзеге асқан.
Тағы бір қуанышты жаңалық, биыл Жалағаш кентіне газ тарту мен орталық аурухананың құрылыс жобасының дайындалу үстінде екенін жеткізген аудан әкімі айтылған жетістікпен қанағаттанбай, Жалағашты көр­кей­ту мақсатында әлі де жұмыс жасай бере­тінін жеткізді.
Кездесу соңында «Халық» газеті редак­торының орынбасары Қозы Көрпеш Жасаралұлы мен «Ел тілегі» газетінің тілшісі Жансая Нұрқожа және аудан тұрғындарының әлеуметтік желі арқылы қойылған жол мәселесі, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік тура­сындағы сауалдарға аудан басшысы тұ­шымды жауап берді.

Ержан ҚОЖАСОВ,
Маханбет Ахметов (сурет).

29 қаңтар 2019 ж. 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031