» » КӘСІБИ ЖЕТІЛДІРУДІ КӨЗДЕЙДІ

КӘСІБИ ЖЕТІЛДІРУДІ КӨЗДЕЙДІ

Тіл – жансызды жандандырады, әлсізге күш береді, мықтыны ойсыратады. Қаламның күшімен адам қиялындағы әдемілікті, ұшқыр ой мен тапқыр идеяны, сөз маржанын ақ қағаз бетіне түсіріп әлемді таңғалдыруға да болады. Қоғамдағы жаңалықты, өзгерісті, өзекті мәселені дер кезінде жұртқа жеткізетін, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білетін бірден-бір маман иелері – журналис­тер. Тіпті, журналистік бұл – мамандық емес, өнер.
Осыған дейін айтқанымыздай, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған облыста «Сыр медиа» академиясы ашылып, аудандық газет тілшілері бір аптаға құрылған кестеге сәйкес оқу семинарынан өттік. Осы салаға қадам басқалы бірнеше жылдың ғана жүзі болған жас тілшілер жиырма-жиырма бес, алды отыз жылға таяған, шығармашылық әлемінің қиындығы мен қызығын қатар көрген аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибелерінен хабардар болдық, сабақ алдық. Мерзімді уақыт ішінде облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары, ақпарат саласының үздігі Қаныбек Әбдуов, «Грант Мастер» бағдарламалық мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев, «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Дүйсенбек Аяшұлы, «Қызылорда ньюс» интернет газетінің бас редакторы Дәурен Омаров, «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Жетпісбаев және облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина түрлі тақырыпта дәріс өткізді.
Ахмет Байтұрсынов: «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деген. Мемлекет пен бұқара халықты байланыстырушы құрал осы. Сондықтан, газеттегі әрбір мақала талғамға сай, сауатты және сапалы болуы міндетті. Заманның өзгерісіне қарай журналистика саласы да даму үстінде. Күн сайынғы жаңалықтар мен оқиғаларды халыққа жедел жеткізетін ақпарат саласының жұмысы қызу. Қазіргі ақпарат саласы басқаша қарқында дамып, бағыт алып келеді. Әлеуметтік желілердің, ақпараттық порталдардың, сайттардың және блогерлердің дәурені жүріп тұр. Барлығы қолжетімді. Халық тек сапаға, жаңаша идеяға мән береді. Сондықтан, тілшінің бойында бәсекеге қабілеттілік, жан-жақтылық, кәсіби біліктіліктің болуы бүгінгі қоғамның заңдылығы, басты талабы. Бізге дәріс оқыған аға-әпкелеріміздің де айтар ойы осыған саяды.
Ол кісілердің дәрістерінен пунктуацияның ереже­ле­рін, ақпараттың берілу жылдамдығын, тақырып және идеяның нақтылығы, мақалада жиі кездесетін қа­теліктер мен сапа турасында, газет сайттарының жұмысын жандандыру, контент және рейтингті көтеру, бейтарап журналистика, аналитика және журналистік зерттеудің маңыздылығы жөнінде бағыт-бағдар алдық. Біз мұнда түске дейін дәріс алып, түстен кейін осындағы облыстық газет редакцияларында іс-тәжірибеден өттік. Әріптестермен тығыз байланыс орнатып, әр газеттің жұмыс барысымен, тыныс-тіршілігімен таныстық. Сонымен бірге, «Сыр медиа» радиостудиясында мәтін оқу арқылы аудио жазба дайындадық. Студияда жедел жаңалықты, ақпаратты және танымдық бағыттағы әңгімелерді оқып, дауыс ырғағымызды сынап көрдік. Келесі күні дәрістен соң сол жағалауда орналасқан рухани жаңғыру орталығына барып, әр бөлімнің атқаратын қызметін байқадық. Әр күні дәрістен соң, бос жүрмедік. Таныстық, көрдік, үйрендік. Осы үйренгенімізді, алған тәжірибемізді жұмыс барысында қолданып, рухани жағынан өсуге талпынамыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

02 ақпан 2019 ж. 109 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9521)

11 маусым 2019 ж.

№44 (9520)

07 маусым 2019 ж.

№43 (9519)

04 маусым 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

09 шілде 2019 ж. 123

ХАБАРЛАНДЫРУ

05 шілде 2019 ж. 80

Сессияға шақыру

02 шілде 2019 ж. 101

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031