» » ЗАҢГЕР КЕҢЕСІ КЕРЕК БОЛСА...

ЗАҢГЕР КЕҢЕСІ КЕРЕК БОЛСА...

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында «Заңгерлік көмек» партиялық жоба АЯСЫНДА облыс бойынша заң консультанттары палатасының халыққа құқықтық кеңес беру тобы аудан тұрғындарымен кездесті.
Басқосуға "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева, аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаев, облыстық заң консультанттары палатасының төрағасы Дәулет Ізбасарұлы, палатаның тәртіптік кеңесінің төрағасы Сәбит Жарекеев және өңірге белгілі заңгерлер қатысты. Олар қазір қоғамда орын алып жатқан түрлі мәселелер бойынша тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, ұсыныс-пікірлерге жауап берді.
Ұсыныс демекші, осы жиында көпшілікті тол­ған­дырған біраз мәселенің түйіні тарқатылды. Еңбек және жылжымайтын мүлік даулары, банк­тік комиссия секілді сауалдар заңгерлерге жиі қой­ыл­ды. Бұл мәселелерді заң тұрғысынан қалай реттеу керектігін жіті түсіндірген құқықтық кеңес беру тобының өкілдері алдағы уақытта мобильді тегін байланыс нөмірі іске қосылатынын жеткізді.
– Заң консультанттарының қызметі жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында заң кө­­­мегін көрсету болып табылады. Біздің палатада білікті заңгерлер жұмыс жасайды. Олар тұр­ғын­дарға тегін кеңес беріп, заң тұрғысынан дұрыс жол көрсетеді. Алдағы уақытта Call орталық байланыс желісін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол кезде ауыл-аймақтағы ағайындар телефон арқылы қажетті кеңеске қол жеткізе алады, – дейді заң консультанттары палатасының төрағасы Дәулет Ізбасарұлы.
Жиын барысында Марат есімді кент тұрғыны еңбек-шартын жасаспайтын шаруашылықтардың жайын айтып, олардың бұл әрекеті қаншалықты орынды деген сауал жолдады. Негізі, бәрімізге мәлім заңда жұмыс берушінің де, жұмыскердің де құқығы анық айтылған. Десек те, құқығы тапталып, артық іске жегіліп, еңбегінің өтеміне берілетін еңбекақыға қол жеткізе алмай жүргендер де кездеседі. Аянбай жұмыс істеп, күн­діз-түні төккен маңдай терің құмға сіңгендей болып, ақысы төленбей қалса, қандай күйде боласыз? Мұндай жағдайға түспес үшін нені білу керек? Көпшілік тарапынан айтылған бұл сауалдарға мамандар заң жүзінде жауап беріп, тайға таң­ба басқандай етіп жазылған баптарды тағы бір па­рақтап өтті.
– Еңбек келісімшарты – қызметкер мен жұ­мыс­ беруші арасында жасалған шарт. Екеуара­ мін­деттері мен құқықтарын айқындайды. Ол міндетті түрде жасалуы керек және бір данасы қыз­­меткердің қолында болуы тиіс. Бұл – екі тарап ара­сындағы келісімнің дәлелі. Ертең жұмыс беруші өз міндетін орындамаса, осы келісім шартты негізге ала отырып, әр тарап өз құқығын қорғайды. Біздің заңгерлерге осындай мәселелермен жүгінетіндер көп. Бірі еңбек ақысына қол жеткізе алмай жүрсе, енді бірі алаяқтардың арбауына түскен. Бұларға біз тиісті кеңес беріп, заңмен реттеу тетігін көрсетеміз, – деді заң палатасының өкілдері.
Қоғамдағы түрлі мәселелер бойынша әділдік іздеген жандар да партия есігін қағыпты. Нұротандықтар "Мүлдем төзбеушілік" қағидасын қалыптастыруға және «Заңгерлік көмек» партия жобасы аясында тиісті көмек көрсеткен. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева алдағы уақытта ша­р­­уа­шылықтарға кәсіподақ ұйымын құру керек екенін жеткізді. Сонда ғана ол қарапайым ең­беккерлердің еңбек шарты реттеліп, жұмыс­шы­лардың құқығы қорғалатынын айтады.
Ал, аудандық сот төрағасы ­Асылхан ­­Мизанбаев қазір қоғамда өршіп тұрған дауларға талдау жасап, араздастыру емес, керісінше татуластыруға жұмыс жасайтын Медиация заңының маңыздылығына тағы бір тоқталып өтті.
– Осыдан 8 жыл бұрын қабылданған «Медиация» Заңының мақсаты біріншіден, дауды шешуде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу болса, екіншіден, екі тарап арасындағы белгілі бір даулы мәселені сотқа дейін шешу. Осы мақсат-міндеттерді қолдана алсақ, біраз азаматтардан түскен арыз-шағымдарды сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік туады. Біз сотқа арызын арқалап келген жандарға көбіне "Медиация" заңына жүгінуге кеңес береміз. Егер, алған бетінен қайтпаса, әрине арызы тіркеледі, заң аясында ісі сотта қаралады. Жалпы, біздің халық – дау, сот деген дүниелерден алшақ жүруге тырысады ғой. Сол себепті «Медиация» Заңы бұл ата-бабамыздың салтында, дәстүрінде бар дүние десек қателеспейміз. Мәселен, соттың міндеті қара қылды қақ жара отырып, заң жүзінде кінәліні жазалау болса, ал, медиацияның мақсаты екі жақты татуластырып, азаматтардың мүдделерін аяққа таптамай, керісінше қостараптың да ақ батасын алатындай дәреже де жұмыс жасауды көз­дейді, – деді сот төрағасы.
Кездесу соңында облыстық заң консультанттары палатасының төрағасы Дәулет Ізбасарұлы азаматтарға арнап қоғамдық жеке қа­былдау өткізді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

02 ақпан 2019 ж. 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 221

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 276

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930