» » ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАНДАР

ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАНДАР

Кез келген спортшының арманы әлемдік додаларда жеңіске жетіп, олимп шыңын бағындыру екені белгілі. Төрт жылдықтың басты бәсекесі саналатын олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағыну қиынның-қиыны. Бірақ біздің спортшылар өздерін мықтылардың қатарынан көрсетіп, күні нұр шашып тұрған қыран бедерлі көк туымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жүр. Келер жылы жазғы олимпиадалық ойындар Жапонияда өтеді. Тіпті, қазірдің өзінен спорттық сайыстардың кестесі әзірленді. Осы ретте, бұған дейінгі төрт жылдықтың басты бәсекелерінде ел спортшыларының жеткен жетістіктерін саралап өткенді жөн санадық.

Қазақстан спортшыларының құра­масы жазғы олимпиададан бұрын қысқы спорт сайыстарына қатысқан болатын. 1994 жылы өткен қысқы ойындарда отандасымыз, шаңғышы Владимир Смирнов 50 шақырымға жарыста чемпион атанды. Бұл жарыста ұлттық құраманың қоржынына тағы екі күміс жүлде түсті. Ал, жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туы тұңғыш рет 1996 жылы Атлантада желбіреді. Бұл кезеңде үш спортшымыз қарсылас шақ келтірмеді. Атап айтқанда, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин, боксшы Василий Жиров алтыннан алқа тағынды. Төрт спортшымыз – күміс, төрт спортшымыз қола жүлдемен оралды.
Ел есінде қалған олимпиада ретінде 2000 жылы Сиднейде өткен дүбірлі доданы айтуға болады. Бұл жолы Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина да Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Жиырма жасында жасындай жарқыраған Бекзат қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Өзінің күрзі жұдырығымен қарсыластарына естен танарлықтай соққы берген Ермахан да аңызға айналған бокс­шы. Кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина да өзгелерден оқ бойы озық болды. Сондай-ақ тағы да төрт саңлағымыз күміс жүлдегер атанды. Байрақты бәсекелерді тікелей эфир арқылы тамашалап, елмен бірге қуанған болатынбыз. Олимпиада ойындарының отаны саналатын Грекияның Афины қаласында өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы бір-ақ алтынмен оралды. Талантты боксшымыз Бақтияр Артаев чемпиондық атақпен бірге ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын да қанжығасына байлады. Басқа спортшыларымыз 4 күміс және 3 қола медаль иеленді. Қытай астанасы Бейжіңде өткен байрақты бәсекеде де алтынды былғары қолғап шебері алып келді. Боксшымыз Бақыт Сәрсекбаев жеңістің биік тұғырына көтеріліп, әнұранымызды шырқатты. Сондай-ақ, төрт атлетіміз күміс, жеті спортшымыз қола жүлдеге қол жеткізді.
Олимпиада жайлы сөз қозғағанда 2012 жылы Лондонда өткен жарыстарға тоқталмай кету мүмкін емес. Төрт жылдықтың басты бәсекесі басталғанда боксшыларға үміт артатынымыз жасырын емес. Бұл жолы екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевке ел болып сенім арттық. Серік батыр да қалың қазақты жерге қаратпай, қарсы келген қарсыластың барлығын жайратты. Ол алтыннан алқа тағынып қана қойған жоқ, сонымен қоса Баркер кубогын иеленді. Бұл жолы атақты велошабандозымыз Александр Винокуров та айды аспаннан бір-ақ шығарды. Жеңіл атлетіміз Ольга Рыпакова да Олимпиада чемпионы атанды. Бұған қоса Лондон сайыстарынан Қазақстан спортшылары бір күміс және бес қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келген 2016 жылғы Рио-де Жанейро қаласында өткен Олимпиадада Қазақстан спортшылары тағы да рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жолы біздің сайыпқырандар 17 медаль иеленді. Талантты боксшымыз Данияр Елеусінов қарсыластарының барлығын ұтып, Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Жүзуші Дмитрий Баландин мен ауыр атлет Ниджат Рахимов та алтыннан алқа тағынды. Бұл жарыста бес спортшымыз күміс жүлдеге қол жеткізсе, тоғыз атлетіміз қола жүлдегер атанды.
Міне, құрметті ағайын, тәуелсіздік алғалы бері олимп шыңына көтерілген оғландарымыз бен аруларымызды атап өттік. Бұл тізімде ауыр атлет, Сырдың тумасы, ел мақтанышы Илья Ильин де болуы керек еді. Өкінішке қарай, допинг дауымен екі бірдей олимпиадада жеткен жетістігі жоққа шығарылды. Бүгінде Сырдың сары баласы салын суға кетірмей, келер жылы Токиода өтетін олимпиадаға қызу дайындық үстінде. Әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы болып табылатын Ильяның олимп шыңын бағындырмай қоймасы анық. Оған бүкіл қазақстандықтар үміт артып отыр. Аталған спорттық додаға Сыр өңірінен ауыр атлеттерден басқа балуандар мен боксшылар да барады деп күтілуде. Олардың қатарында бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев та бар екенін біз мақтанышпен айтамыз. Батыр тұлғалы ұлдарымыз дүйім жұртты жеңісімен сүйсіндіре берсін.

Ә.Жұмаділдаұлы.



27 сәуір 2019 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9570)

30 қараша 2019 ж.

№93 (9569)

26 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 446

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 437

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031